«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында туған жерлеріне қол ұшын созуды мақсат тұтқан азаматтардың қатары қалыңдап келеді. Солардың бірі, облыстық мәслихаттың депутаты, «Nur Otan» партиясының мүшесі Бақыт Құсайынов.
Ол 2004 жылы Айыртау ауданында орны үңірейіп қалған кіндік қаны тамған туған жері – Прекрасноеге жеті жылдан кейін оралып, төрт түлік өсіруге бел шеше кіріскен еді.
Бастапқыда екі зейнеткер ғана тұрған, электр жарығы жоқ, ғимараттарының дені қирап қалған ауылдың қайта жанданатынына күмәнмен қарағандар аз кездеспеді. Қазіргі таңда ауылда 14 жаңа үй бой көтеріп, жылу желісі мен су құбыры тартылды. Оған оңтүстік жақтан келген ағайындар қоныстанды. Жұмысшыларға жатақхана тұрғызылды. 25 адам жұмыспен қамтылды. Тағы 10 баспана салынуда. Жыл аяғына дейін өңірде пайдалануға берілетін 10 тауарлы-сүт фермасының біреуі – Бақыт Мәжитұлының міндетінде. Заманауи кешен 600 бас сауын сиырға лайықталған. Бұл мақсат үшін «Әдемі Астық» ЖШС тарапынан 1 млрд. теңге қаражат қарастырылған. Алдағы жұмыстар ауқымды. Демалыс орталығын, шаштараз, дүкен, фельдшерлік-акушерлік пункт, спорт алаңын құру ойластырылған.
Туған жерге туын тіккен іскер кәсіпкердің, халық қалаулысының қажырлы еңбегі еленіп, жуырда «Алтын қыран» төсбелгісімен марапатталды. «Депутат» республикалық қоғамдық-саяси газеті бастамасымен қолдау тапқан бұл марапат қоғамға айтарлықтай еңбегі сіңген адамдарға тапсырылады.
«Тәжірибеден бір байқағаным, егін еккеннен гөрі сауын сиыр өсірген әлдеқайда тиімді. Бір сиыр жылына бір млн. теңгедей табыс әкеліп, шығынын толық көлемде ақтайды. Ең бастысы, жазда да, қыста да көл-көсір өнім үзілмейді», – дейді Бақыт Мәжитұлы.
Қайрат САДЫҚОВ,
облыстық мәслихаттың баспасөз хатшысы.
Суретте: «Әдемі-Астық» ЖШС-нің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты, «Алтын қыран» төсбелгісінің иегері Бақыт ҚҰСАЙЫНОВ.