Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің отырысында екі мәселе қаралды.
Бірінші мәселе бойынша облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Бейсеновтың аудан, ауылішілік жолдардың қысқы кезеңге әзірлігі жайлы есебі тыңдалды. Оның айтуынша, 2021-2022 жылдары 7 мың шақырымды құрайтын жергілікті маңызы бар жолдарды күтіп-ұстауға 300 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінген. Үш мекемемен және барлық аудандармен келісім-шарт жасалып, жүріп-тұруы қиын жол учаскелерде жолаушылардың қалыпты қатынауын қамтамасыз ету үшін 113 техника жұмылдырылмақ. Тиісті орындармен бірлесе отырып, профилактикалық шараларды уақытылы орындаудың жұмыс кестесі жасалған. Ауа райына байланысты күтпеген жағдайлар орын алған кезде жедел топтар іске кіріседі. Адамдар жылы қосындармен, ғимараттармен, жатын орындармен, киім-кешекпен, басқа да көмектермен қамтамасыз етіледі. Ауыл шаруашылығы құрылымдары тарапынан да техника, адам күштері тартылады. Былтыр ауа райының өте қолайсыз мезгілдерінде негізгі бағыттар бойынша көліктер қатынасын шектеу жөнінде қырыққа жуық шешім қабылданған.
Құмар Іргебайұлы баяндамашыға ұйымдастыру, қаржылық, кадрлық дайындық, тұрғындар арасында түсінік жұмыстары мен сақтық шараларын күшейту мәселелерін тағы бір пысықтап, барлық мүмкіндіктерді қарастыруды тапсырды.
«Қазавтожол» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Қуаныш Ескендіров республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 1950 шақырымды құрайтынын, оларды қалпына келтіруге 2,6 млрд. теңге, ал қысқы күтіміне 350 млн. теңге қарастырылғанын жеткізді. 12 жылыту бекеті құрылады. Жолдарды тазалаумен 97 техника айналысады. 3 мың текше метр құм, 348 тонна тұз қоры бар.
Отырыста өңір басшысы Айыртау, Ақжар және Қызылжар аудандарының әкімдері: Ерболат Бекшеновтен, Қанат Қалиевтан, Жанат Сәдуақасовтан қысқы әзірліктің қандай деңгейде екенін сұрады. Өйткені бұл аудандарда жылда бірқатар қиындықтар кездеседі.
«Кей елді мекендерде ұялы телефон байланысы нашарлығына, қатынаудың күрделігіне байланысты жұртшылыққа үнемі ескертіп өту керек. Өңірде қыс алты айға дейін созылатындықтан, жолдарды талапқа сай күтіп-ұстау аса маңызды. Ауылішілік жолдарды қардан уақытылы тазартып отыру, адамдардың қатынауын үйлестіру-басты міндеттердің бірі. Атқарылып жатқан кешенді шараларға, түрлі ескерту-хабарландыруларға, үскірік аяздарға, қарлы борандарға қарамастан жолға шығып кету фактілері аз кездеспейді. 2020-2021 жылдары тұрғындарды қар құрсауынан құтқарудың 94 оқиғасы тіркеліп, 325 техника, 85 құтқарушы жұмылдырылған. Қаражат, адам күші, техника жеткілікті. Сондықтан басты назарды ұзындығы 1185 шақырымға жететін 395 қауіпті учаскеге аудару қажет», – деді Құмар Ақсақалов.
Облыс аумағында ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов хабарлама жасап, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтауға бағытталған міндеттерге тоқталды. Малдардың қауіпті кеселдерге ұшырау көрсеткіші 64 пункттен 19 пунктке дейін төмендеген. Бруцеллезбен ауырған малдардың саны 537-ке азайған. Биыл сібір жарасы Ақжар ауданында орын алған. Құс тұмауы Мағжан Жұмабаев ауданында тіркеліп, жеті үйдің 1003 құсы бір аптаның ішінде қырылған. Қауіпті аурурдың алдын алу мақсатында карантин жарияланды. 71 үйдің қора-қопсысы зарарсыздандырылып, 2128 үй құсы жойылды. 1242,2 мың доза вакцина бөлініп, қосымша 112,2 мың доза екпеге тапсырыс берілген. Осы уақытқа дейін 977,1 мың құс вакцинацияланған. Құс фабрикаларындағы барлық құсқа екпе салынып, аурудың тарауына жол бергендер жауапқа тартылған.
Баяндамашы биыл мал өлекселерін сақтайтын 8 арнайы орын салынғанын, 57 ветеринар маманы жұмысқа орналасқанын, Есіл жоғары агротехникалық колледжіне 50 түлек оқуға түскенін, 30 маман қайта даярлау курсынан өткенін айтты.
«Облыста мал шаруашылығы жақсы дамып келеді. Соңғы үш жылда 12 тауарлы сүт фермасы іске қосылды. Биыл 16 заманауи сүт кешенінің құрылысы жалғасып, 10-ы жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Екі құс фермасы бой көтереді. Бұл бағытқа соңғы 3 жылда 3 млрд. биыл 1,4 млн. теңге бөлінді. Тұтастай алғанда, жағдай тұрақты болғанымен, жекелеген аудандарда бруцеллез ауруының көбейгені байқалады. Талдау көрсеткендей, көбіне сырттан әкелінген мал арқылы жұғады. Сондықтан ветеринарлық бақылау жұмыстарын жандандырған жөн», – деді жиынды қорытындылаған Құмар Іргебайұлы.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.