Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған 5 жүкті әйелдің жағдайы орташа дәрежеде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, індет басталғалы өңірде 556 жүкті әйел коронавирус жұқтырды. Олардың 545-і тәуір болса, қалған 11-і дәрігерлердің бақылауында. Жағдайы орта дәрежедегі 5 әйел стационарда ем алып жатыр. Сырқаттанған жүкті әйелдердің арасында 88-інің ауруы ушығып, өкпелері қабынды. Қазір олардың барлығының жағдайлары жақсы.
Жалпы СҚО-да өткен аптада 122 адам коронавирус жұқтырды. Осылайша өңірде ауырғандар саны 25 818-ге жетті. Сырқаттар санының артуына байланысты инфекциялық стационарлардағы орын саны 1200-ден 1600-ге дейін көбейтілді. Қазіргі уақытта мұнда 678 адам ем алып жатыр. Стационар 42% жүктелген. Қайтыс болғандардың саны өткен тәулікте үшеуге артып, 240-қа жетті.