Жоғары оқу орындарында еңбек ететін профессорлық-оқытушылық құрамның жалақысы айтарлықтай көбейді.
Жоғары білім беру сапасын арттырудың аса маңызды алғышарттарының бірі – осы сала қызметкерлерін лайықты еңбекақымен қамтамасыз ету. Осыған орай Білім және ғылым министрлігіне бағынышты жоғары оқу орындарының профессорлары үшін жалақының ең төменгі мөлшері 200 мың теңге болды. Бұдан бөлек, оқу жүктемесінің жылдық мөлшері 680 сағаттан аспайды.
М. Қозыбаев атындағы СҚУ-да педагогикалық ұжымның жалақысы жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2018 жылы – 68000 теңгеге, 2019 жылы – 90000 теңгеге, 2020 жылы 126360 теңгеге жетті. Биыл қыркүйек айынан бастап оның мөлшері 200000 теңгені құрап отыр. Мұндай әлеуметтік көтермелеу педагогикалық ұжымның жұмысқа деген ынтасы мен ғылыми ізденістерін одан әрі арттыратыны сөзсіз.
“Жалақыны көтеру тәжірибесінің жас ғалымдар үшін жағымды тұстары көп. Жасыратыны жоқ, нөлдік емес импакт факторы бар халықаралық басылымдарда мақалаларды жариялау өте қымбат. Осындай қосымша қаржылық қолдаулар мен ынталандырулардың зерттеулер жүргізуге, мақалаларды шетелдік басылымдарға жариялауға және әлемдік ғылыми қоғамдастықта университеттің брендін ілгерілетуге септігі өте зор”, – дейді жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, PhD докторы Павел Петров.
Сержан НҰРДОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.