Петропавл көшесінде төрт жеңіл көлік соқтығысып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлеуметтік желідетөрт көлік соқтығысқан жол-көлік оқиғасының бейнежазбасы тарады. Куәгерлердің айтуынша, оқиға бүгін Петропавлдағы Жамбыл-Партизан көшелерінің қиылысында, «Көктөбе» сауда үйінің қасында болған.
Петропавл қалалық полиция басқармасының мәліметінше, бүгін сағат 12.53 минутта «102» нөміріне Жамбыл-Партизан көшесінің қиылысында 4 көліктің: «Toyota Camry», «Mazda», «Chevrolet Cruze» және «JAC S5» соқтығысып қалғандығы жайында ақпарат түскен. Жол-көлік оқиғасында ешкім зардап шеккен жоқ, жүргізушілер спирттік ішімдік ішпеген.
Осы дерекке байланысты «Toyota Camry» автокөлігінің жүргізушісіне «Көлік құралдары жүргізушілерінің жол жүрісі қағидаларын бұзуынан көлік құралдарының бүлінуіне әкеп соғуы» бойынша әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты материал жиналды. Іс Петропавл қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына процессуалды шешім шығару үшін жіберілді.