«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШҰҒЫЛА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінде ауданымызда қос шаруашылықтың тізгінін қатар ұстап, ата кәсіпті дөңгелетіп отырғандар  аз емес.  Олар бір жағынан ауылдың ажарын келтірсе, екінші жағынан екі қолға бір күрек таппай жүрген жергілікті тұрғындарға жұмыс тауып беруде. Солардың бірі – Мамлют ауданындағы Меңгесер ауылында қоныс тепкен «Мамбетов және К» командиттік серіктестігі. Еркебұлан Мәмбетов басшылық ететін шаруа қожалығындағы асыл тұқымды сиырлар Америка мен Германиядан жеткізіліпті. Мұхиттың арғы бетінен әкелінген Зеңгі баба тұқымын көрмекке және ауылдың бет-бейнесімен, тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында біз таңалакеуімнен Меңгесерге  аттандық.

Бізді Новомихайловка ауылдықокругінің әкімі Думан Серғазыұлы күтіп алып, межелі жерге жеткізді. Қоңыр күздің таңғажайып сұлулығына көз тоймай, теп-тегіс жолда зулап барамыз. Жол бойында сарала түске боялған ақ қайыңдар қол бұлғап қалып жатты. Мен ауыл әкімінен «Меңгесер» деген сөздің мағынасын сұрадым.

«Меңгесерді» әркім әртүрлі түсіндіретін көрінеді. Қалай болса да бұл ұғым көлдің атауынан шыққаны рас. Кезінде бұл жерде тұзды көл болған. Тұзды сорға бойын суық жайлаған, сырқырама, бел ауруы барлар көп келеді екен. Соған байланысты «Мәңгі сор» дегенге келтіреді. Ал кейбіреулер осы далада «мең» деген ауру болған, емін таппай қаншама жан өмірден озып, кейін көл суынан жанына шипа тапқандар болыпты. Қасиетті балшық сол ауруды сорып алады-мыс. Сөйтіп, бойына ем қонғандар «меңді кесіп тастады» деп қуанса керек, содан «Меңгесер» аталып кеткен. 

Әңгімеге еліте отырып ауыл іргесіне қалай жетіп қалғанымызды да аңғармай қалыппыз. Алдымыздан «Мамбетов және к» серіктестігінің  атқарушы директоры Арыстан Жүнісов шықты.

Екеуара әңгімеміз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұл маңда қандай шаруашылықтың етек жайғанынан басталды. Кезінде қой шаруашылығы өркендеген, кейін егін шаруашылығын қоса дамытуға ойысқан.  

«Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңі біздегі халықтың біразын сергелдеңге салды. Дүкенде нан да, қант та болмады. Бір үзім нан алу үшін ұзын сонар кезекке тұрған жұрт не істерін білмей абдырады. Қазір жағдай оңалды. Тауқыметті жылдардың ащы дәмін ендігі ұрпақ татпаса екен дейміз. «Ащының дәмін татқан біледі» демекші, Тәуелсіздік деген қасиетті ұғымның оңай оспақ қолға келе салмағанын жастарға айтып, санасына құйған абзал. Осы шаруашылықты ә деп бастағанда бізде 10000 гектар жер болса, бүгінгі таңда 30400 гектар жерді игілігімізге жаратып отырмыз. Оның 23000 гектарына дәнді-дақыл егеміз. 5-6 мың гектар жерге майлы дақылдар себеміз. Бүгінде егінді толық жинап алдық. Мал азығы да дайын»,  – дейді Арыстан Ноғайұлы.  

Аталмыш шаруа қожалығы Меңгесер, Бексейт сынды екі ауылдың 300-ге тарта тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Мұнда әркім өзінің қолынан келетін ісімен айналысады. Жұмысшылар еңбекақысын дер кезінде алады. Оның сыртында отбасылық жағдайына қарай аракідік көмек те беріледі екен. Тіптен соғым етінен сыбаға тарату жылдағы дәстүрге айналған. Ең бастысы, тұрғындар жем-шөпті арзан бағада алады. Мәселен, мұнда жұмыс істейтіндерге шөптің бір орамы 3500 теңгеге шақ келетін болса, басқа ауыл тұрғындарына 6000 теңгеден сатылады екен. Оның сыртында екі ауылдағы мектептің барлық жөндеу жұмыстары осы шаруашылық иесінің мойнында. Өз қаражатына балабақша да салыпты. Ауылдағы әр туған балаға сүйінші тағайындап, қайтыс болған адамның отбасына көмек қолын созу шаруа қожалығының жомарттық қыры, өз тарапынан істелген көмектің тағы бір түрі көрінеді.

1600-ден астам тұрғыны бар ауылдың ынтымағы қою, мал ұрлығы жоқ. Меңгесерде – 110, Бексейтте 80-ге тарта оқушы білім нәрімен сусындауда. Бала туу көрсеткіші де жақсы. Өйткені ауылға жастар келіп, түрлі мамандықпен айналысуда.   

Атқарушы директор бізді ауылдың шетіндегі атшаптырым алқапты алып жатқан заманауи зәулім мал қораға бастады. Қаз-қатар тұрып жемге бас қойған ақ бас сары ала сауын сиырлар біздің жергілікті малға ұқсамайды. Дене тұрқы да өзгешелеу.

 «2018 жылы Германиядан 600 бас симентал тұқымды ірі қара әкелдік. Әр сиыр күніне орта есеппен 22 литр сүт береді. Сонда күніне 11 тоннадай сүт жөнелтеміз. Бір-біріне қанаттас салынған төрт қора да заман талабына сай арнайы компьютерлік құрылғымен жабдықталған. Әр сиырдың құлағындағы сырға компьютер жүйесіне қосылған. Сол арқылы толық мәлімет алып отыруға болады. Сиыр ауырып тұр ма? Буаз ба? Аяғы сынған ба? Тәбеті қалай? Суды қаншалықты қажетсінеді, т.б. мәліметтерді экранда көрсетілген сандар арқылы біліп отырамыз. Қалыпсыз жағдай байқалса дереу іске кірісіп, тексерістен өткіземіз», – Арыстан Жүнісов.

 Сиырлар бір-бірден темір қоршау арқылы жылжи сауатын құрылғы орналасқан қораға барады. Сауылып болғаннан кейін кері өз орнына қайтады. Желіндеген сиырлар бөлек қораға қамалып, бұзаулағанға дейін ерекше күтімге алынады екен. Кейін бұзауы арнайы үйшіктерде күтіледі. Біз бұзаудың денесіндегі суды құрғататын құрылғыны көрдік.  Ауыздандыру да бөлекше, егер де бұзаудың туғандағы салмағы 30 кг. болса,  онда 3 литр уызды қажетсінеді. Жас төл арнайы орында 10 күн тұрғанда оның паспорты дайындалып, құлағына бекітіледі. Одан кейін сұрыпталып, бөлек-бөлек қораға қамалады. Олар мұнда алты айға дейін тұрады. Бұл кезеңде ұнтақ сүт пен тиісті дәрумендер беріледі, құрғақ шөп жейді.

Айтса-айтқандай-ақ, малдардың ерекше күтімде екені байқалады.

Біз содан кейін сиыр сауатын қораға бас сұқтық. Онда екі адам қарбалас жұмыс үстінде. Атқарушы директордың айтуына қарағанда, осыншама сиырды екі-ақ адам сауады. Сиыр сауатын құрылғы автоматтандырылған. Әйнектің арғы жағындағы компьютерден әр сиырдың қаншалықты сүт бергендігі көрініс береді. Сиырлар күніне екі мезгіл сауылады.

Біздер төрт қораны аралап өткенше, сүт пісірім уақыт та боп қалды. Анадайдағы ашық қорада мүйізсіз қара сиырлар көзге түсті.

«2012 жылы Америкадан «Ангус» тұқымды 200 бас мүйізсіз, мұқыл қара сиыр әкелдік. Оларды өсіріп, сатамыз. Көрген адамды қызықтыратын бұл сиырды көбінде тұқымдыққа алады. Өйткені оның нарықтағы бағасы 700 мың теңге тұрады. Әрқайсысының денсаулық паспорты болады. 11-12 жасқа келгенге дейін сатып үлгереміз. Өткен бір жылы бір жас бұқаны аукционға қойдық, салмағы 470 келі тартты. Сөйтіп, әрқайсысы бір жарым миллион теңгеге сатылды. Сыртынан қарағанда жергілікті сиырдан сәл ғана үлкендеу көрінгенімен, суыққа төзімді, қақаған аязда төбесі ашық қорада тұра береді», – дейді Арыстан Жүнісов.

Мұнда шаруашылық жұмыстарын жүргізуге қажетті техниканың бәрі бар. Көбі шетелден әкелініпті. Осынша малға азық дайындаудың өзі оңай емес. Жыл сайын 8-9 мың тонна жемді сүрлемге салады екен. Нысан 2018 жылы басталып, 2019 жылы пайдалануға берілген. Құймалы газбен жылиды. Құрылысқа және шетелден келген асыл тұқымды сиырға 3 миллиард теңге көлемінде қаражат жұмсалған. Үш қорада 710 бас сиыр бар. Қораның іші арнайы ауа сорғыштармен жабдықталыпты.  

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген қанатты сөз бар  ғой. Тағы бір айта кетер жақсы жаңалық, шаруашылық иесі ауылға жыл сайын бес үйден салып, оны қарамағында жұмыс істеп жатқан мамандарға тегін беретін көрінеді. Құны 12-13 миллион теңге тұратын баспана үйсіз-күйсіз жүрген жастарға үлкен көмек. «Кейде қазіргі көңілтоларлық жағдайымызға қарап, егемендіктің елең-алаң жылдарындағы қиындықты еске түсіремін. Шыны керек. Бүгінде ірі-ірі шаруашылықтарды басқарып отырғандардың дені сол кезде жоқтан бар жасағандар. Біз қиындықтың ащы дәмін таттық. Бүгінгідей бақуат заманға бізді елміздің ең қымбат құндылығы – Тәуелсіздік жеткізді», – деп сөзін түйіндеді Арыстан Ноғайұлы.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

 “Soltüstık Qazaqstan”. 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp