Адам өмірде небір қиындықтарды басынан өткізеді ғой. Бір байқағаным, жоқшылықтың, жетіспеушіліктің азабын ел болып тартқаннан артық азап жоқ екен. Шыны керек, кешегі саясаты озбыр, қанауы қатты Кеңес одағынан жеке отау болып шыққан бізге әлемнің барша мемлекеті сын көзбен назар тікті. “Қайтер екен?” деп апыл-тапыл басқан қадамын қадағалап тұрды. Біз сол кезде Тәуелсіздіктің алтыннан да қымбат, қорғасыннан да салмақты құндылық екенін жанымызбен сезіндік.
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін елімізде жекешелендіру белең алды емес пе? Нарықтық экономикаға көшу үдерісінің алғашқы жылдары нағыз қайшылыққа толы кезең болғаны жасырын емес. Сол уақытта экономикалық жағдайға тән қиыншылықтар – кәсіпорындардың өз жұмысын тоқтатуы, еңбекақының төленбеуі, дүкен сөрелерінің босауы, инфляция орын алды. Қызметкерлер жалақысын айлап, зейнеткерлер зейнетақысын жылдап ала алмаған кездер кездесті. Ауылдық пошта бөлімшелерінің алдында «ақша беріліп қалар ма екен?» деген үмітпен таң алагеуімнен кешке дейін тағатсыздана күтіп отыратын аға буын өкілдерін өз басым талай мәрте көрдім. Олар зейнетақының бүгін де берілмейтінін естіп, үйлеріне қайтатын.
Сол жылдары мемлекеттен демеуқаржы алып келген, таза пайдасы арқылы өз шығындарын ақтай алмайтын шаруашылықтарды нарық кезінде ұстап тұрудың ешқандай тиімділігі жоқ екендігі баршаға аян болатын. Сондықтан мемлекеттің алдында әуелі жекешелендіріп, одан кейін ұсақ шаруашылықтарды жаңа тұрғыда ірілендіру міндеті тұрды. Бұл шаруаның бір жемісі сол – жұртшылықтың санасында Үкіметке иек артпай, өз бетімен өмір сүру деген түсінік қалыптаса бастады. Тұрғындар егін және мал шаруашылығымен айналысуға бет бұрды. Қалғандары қолынан келетін кәсіппен айналысуға көшті.
Мен сол қысылтаяң шақта үш ауылдың электригі болдым. Ақшамен бірге мал да құнсызданған кез. Төрт түлікке сүйеніп тірлігін тірнектеп отырған ауылдағы жұрт қатты қиналды. Десе де, «орнында бар оңалар» дегендей, тал қармап, жерге қарап қалған ешкім болмады. Кей өңірлерде электр жарығы мүлдем берілмейтін, тұрғындар май шаммен күн кешті. Сабын, қант дегендер өте «қастерлі» затқа айналды. Балалар да қиналды, киім жоқ. Ата-анасы өздері тігіп беретін. Кей пысық қыз-жігіттердің қолдан балауыз шам дайындап сатқанын көзіміз көрді. Қарлы боранда көрші ауылдан жаяу келемін деп қатты ауырған кезім есімнен кетпейді. Боранды күндері жол жоқ, көлік жүрмейді. Пенде деген жамандықты тез ұмытады да, жақсылықтан үміттеніп күн кешеді ғой. Сол сияқты бастан өткен небір ауыр күн қазір ұмыт болды. Бүгінде, Құдайға шүкір, еліміз әлемнің озық мемлекеттерімен иық теңестірер деңгейге жетті. Бізді осыдан отыз жыл бұрынғы қиындықтан, ең алдымен, қазақ халқының шыдамдылығы мен сабырлылығы алып шықты.
Өтпелі кезеңнің ауыртпалығын жан-жүрегімізбен сезінгендіктен ұлым мен қызыма, олардан тараған немерелерім мен жиендеріме егемендіктің – басты байлық екенін айтып отырамын. Қазіргі ойлары азат, білімдері кемел жастар алаш ардақтыларының жанымен, қанымен келген азаттықты көздің қарашығындай сақтауға міндетті.
Зейнетке шықсам да ауылдағы «Қариялар орталығына» жетекшілік етіп келемін. Орталыққа мүше қарттардың да арман-тілегі, айтары осыған саяды.
Тілеген БАСУБАЕВ,
Покровка ауылының тұрғыны