Италияда өткен “Коппа Агостони” бір күндік жарысында қазақстандық велошабандоз жеңімпаз атанды. “Астана” командасының көшбасшысы Алексей Луценко 180 шақырымдық қашықтықта үздік нәтиже көрсетті.
Халықаралық бәсекеге “Астана” командасы атынан италияндық Мануэле Боаро, Самуэле Баттистелла, Фабио Феллине, Маттео Собреро және колумбиялық Родриго Контрерас пен жерлесіміз Алексей Луценко қатысты. Байрақты жарыста солтүстікқазақстандық велошабандоз мәреге жақындаған тұста барлық қарсыласын басып озды. Нәтижесінде белгіленген қашықтықты 4 сағат 19 минут 44 секундтың ішінде жүріп өтті. Екінші орын – “UAE-Team Emirates” клубының спортшы Трентин Маттеоға бұйырса, үздік үштікті осы команданың өкілі Кови Алессандро қорытындылады.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.