«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУДАН АЖАРЫ – АЙШЫҚТЫ ІСТЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады. Жас мемлекетіміз бүгінде қарышты дамып келеді. Қазақстанның жеткен жетістіктері мен бағындырған белестерін Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатынан, жасампаздық еңбегінен бөле қарауға болмайды, әрине. Елбасымыздың тарихи сәтте ұтымды шешім қабылдай білгендігінің нәтижесінде бүгінгідей әлеуеті асқан елге айналдық. Тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудың салқынын Мамлют халқы да басынан өткерді. Алайда аудан басшыларының нәтижелі жұмысының арқасында бұл кезеңнен де сүрінбей өттік.   

Еліміз тарихының алғашқы беті жазыла бастаған шақта аудан тұрғындары қажырлы еңбек пен дұрыс басқарудың арқасында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. 1993жылы ауданда 27 мың тонна сүт, 3,5 мың тонна ет өндірілгені осының айғағы деуге негіз бар. 148 мың тонна астық жиналғанын да айта кету керек. Сондай-ақ ауданы 110 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 28 шақырым жолға асфальт төселді. Қаржылық қиындықтарға қарамастан мектептер сақталып, жаңа оқу жылын дер кезінде бастауға мүмкіндік туды. Аудан әкімдігінің жанындағы «Жастар» саябағы  да осы жылдардың жемісі.  

2000 жылдан бастап ауданда жаңа бастамалар жолға қойылып,сауда нүктелерін ашу жұмысы жандана түсті. Соның нәтижесінде 25 түрлі өнім шығатын кондитерлік шағын фабрика ашылды. Осылайша ауданда әлеуметтік-тұрмыстық жағдай күннен-күнге жақсара бастады, егіс алқаптары кеңейтіліп, автомобиль жолдарына айтарлықтай көңіл бөлінді. Мектептер, ауруханалар мен Мәдениет үйлері қайта қалпына келтірілді. Бұл жергілікті тұрғындардың көңілдеріне үміт пен сенімнің отын маздатып, болашаққа ұмтылыспен қарауларына ықпал етті. Өйткені сапалы білім, озық медицина елдің өркендеуіне, қоғамның дамуына орасан пайда әкелетіні сөзсіз.   

2004-2007 жылдары ауданымызда халық игілігі үшін біршама тыңғылықты жұмыстар атқарылды. Афонькино, Қызыләскер және Белое мектептері жанынан интернат, Мамлютка қаласында 140 орындық «Ақ бота» балабақшасы ашылды. Ауызсу мәселесі де жалғасты шешімін тауып, Бексейіт, Владимировка, Новомихайловка сынды 3 елді мекенге тіршілік нәрі жеткізілді. Ұзындығы 5,3 шақырымды құрайтын тарату желісі бар сорғы станциясы пайдалануға берілді.

Осы жылдар аралығында ауданда дәнді-дақылдардың жоғары сұрпы өсіріліп, әр гектардан 16 центнерден астық алынды. Сөйтіп, еліміздің астық қоймасына қосқан үлесі 207,9 мың тоннаға жетіп, өткен жылдардың деңгейінен 1,3 есеге артық болды. Аудан бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 4,6 млрд. теңгені құрады. Бұл сол кездегі жағдаймен салыстырып айтқанда ауыз толтырып айтарлықтай жаңалық еді. 2009 жылы аудан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 156 мың гектарға жетті. Соның нәтижесінде 879,1 млн. теңгеге 71 бірлік қазіргі заманғы техника сатып алынды. Ауданда «Мамбетов және К» командиттік серіктестігінің  базасында асыл тұқымды репродуктор ашылып, жалпы сомасы 144 млн. теңгеге 297 бас «Ангус» тұқымды мал әкелінді. 2013-2018 жылдар аралығындабілім мен медицинаны дамыту бағыты бойынша үлкен жұмыстар атқарылумен қатар мал өсіру, жергілікті жерлерде ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу, қайта өңдеу жобалары да жүзеге асты. Шағын және орта бизнес ауданның агроқұрылымдарын дамытты. 2014-2016 жылдары қосымша 390 жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық үлесі 1,1 пайыздан 0,7 пайызға дейін азайды. Мамлют №2 орта мектебі ашылып, мектеп аумағында жаңа баскетбол және волейбол алаңдары салынды.

Соңғы жылдары жұмыс күші артық өңірлерден қоныс аударушыларды қабылдай бастадық. Ауданға оңтүстік аймақтардан үш жүзден астам отбасы келіп қоныстанды. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша көшіп келушілерге арналып 2019 жылы – 32, 2020 жылы 54 үй салынды. Үстіміздегі  жылы ауданымызға қоныс аударған отбасылардың саны – 42.  Оның ішінде квотаға 38 отбасы енгізіліп, барлығына субсидия төленді.

Білім беру жүйесі де қалыптасудың күрделі кезеңдерінен өтті. Экономикалық тоқырау кезінде жабылып қалған балабақшалар біртіндеп қалпына келтіріліп, қайта ашыла бастады. Биылдың өзінде білім беру мекемелерін жөндеуге бюджеттен 329 млн. теңге, оқушыларды облыстық және аудандық жарыстар мен олимпиадаларға тасымалдау үшін 63 млн. теңге бөлінді. Афонькино, Ленин, Леденев, Меңгесер орта мектептеріне 4 Газель және Мамлют №1 мектеп-гимназиясына 1 автобус сатып алынды. Мамлютка қаласы және Афонькино, Бексейіт, Новомихайловка, Воскресеновка, Становое, Михайловка ауылдарында балалар ойын алаңдары салынды.

Бүгінде  аудан орталығы мен елді мекендерді сапал ауызсумен қамту мәселесі өзекті болып отыр. Соған қарамастан тұрғындарды тіршілік нәрімен қамтамасыз ету бағытында бірқатар шаруалар атқарылды. «ҚазСуШар» РМК Новодубровное, Пчелино, Михайловка, Қызыләскер, Бике ауылдарына су өткізді, су беру, су тарату пункттерін орнату бойынша жұмыстар жүргізілді, ТСР магистралін жеткізу бойынша Становое ауылында модульдік мұнара орнатылды.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Мамлютка қаласында ұзындығы 1,6 км жылу желілері салынды, осы жылы орталық қазандықты іске қосу-реттеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, қосу жұмыстары басталып кетті.           

Экономикадағы оң өзгерістер денсаулық сақтау саласына да өз әсерін тигізді. Биыл аудандық ауруханаға рентген аппараты, 2 оттегі станциясы, фитальды монитор, фиброгастроскоб сатып алынды. Үстіміздегі жылғы тамыз айында А класты 2 санитарлық автокөлік әкелінді.

Мемлекет басшысы өз Жолдауларында балалардың сапалы білім алуы үшін  жағдай жасау қажеттігін үнемі айтады. Президентіміздің тапсырмаларын орындау, сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысын дамытудың 2018-2021 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру аясында ауданда 23 мектептің 10-ы қайта жөнделді, оның ішінде 9 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. «Тарлан» жабық хоккей кортының ашылуы  аудан тұрғындары үшін маңызды болды. Алдағы уақытта Қызыләскер ауылында мәдени-сауықтыру орталығы ашылмақ. Келесі жылы Мамлютка қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын бастау жоспарлануда, онда үлкен ойын залы, тренажер, бокс, теннис залдары және хоккей кортына жылу өткізу қарастырылған.

Бұл ауданда соңғы жылдары атқарылған жұмыстың бір парасы ғана. Жеткен жетістіктердің барлығы – азаттықтың арқасында мүмкін болды. Ерінбей еңбек етіп, қол жеткен табысты еселей түсу – алда тұрған негізгі міндет. Азаттық асқақ мақсаттарға жетелейді.

Владислав  ЛУКИН,

Мамлют ауданының әкімі

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp