«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІМДІ ҰРПАҚ – БІЛІКТІ ҰСТАЗДАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мамлютка қаласындағы 2009 жылы іргетасы қаланған  жалғыз қазақтілді мектеп-интернатының білім беру сапасы жылдан-жылға жақсарып  келеді.

– Мектеп ашылғаннан бері 300-ге тарта түлек қанат қағып үлгерді. Бастапқыда 260-тай оқушы болған. Қазір 105 бала білім алуда. Оқушылар санының азаюына көптеген отбасылардың қалаға қоныс аударуы себеп.  Алайда оңтүстік өңірлерден қандастарымыз келіп, ортамыз қайта толысуда. Бүгінгі таңда мектептегі екі мультимедиалық кабинет интернетке қосылған. Екі ағылшын тілі кабинеті, сегіз интелектуалды тақта бар. Қазақ тілі, химия, физика және әскери дайындық кабинеттері заман талабына сай жабдықталған деді, – мектеп директоры Берік Тұрғынұлы.   

Оқушылардың сапалы білім алуы білікті мамандардың арқасы. Осы ретте, Альфия Иксанова, Гүлмира Жукубаева, Гүлмира Оразалинова, Гүлжайнар Байғожина, Ақық Қаражұманова сынды жоғары санатты ұстаздар шәкірттердің жан-жақты дамуына үлес қосуда.  Екі бассейн балалардың бос уақытта суда жүзіп үйренуіне мүмкіндік беріп отыр. Оған қоса, бір жаттығу залы мен екі күрес залы да бар.  Білім ордасында қысқы спорт түріне де жете мән беріледі. Атап айтқанда, шаңғы мен коньки тебу оқушылардың спортқа деген қызығушылығын арттырып отыр. Сондай-ақ мектепте домбыра үйірмесі де жұмыс істейді. Оқушылардың таным көкжиегін арттыруда балаларға арналған басылымдардың да берері мол. Мектеп кітапханасынан республикалық «Айгөлек», «Жалын», «Bala Bi» сынды журналдарды тауып оқуға болады. Тарихи типтегі мектеп мұражайы осыдан 11 жыл бұрын ашылған болатын. Онда елуден астам жәдігер жинақталған. Мәселен, Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріміз туралы көптеген мағлұматтар мен тарихи дүнилер сонда сақтаулы.

Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Байкенованың айтуынша, жыл сайын оқушылар облыс, республика көлеміндегі байқаулар, пән олимпиадаларында көш басынан көрініп жүр. Дәлірек айтқанда, «Қанипа Бітібаева атындағы» республикалық олимпиадасында Нәби Асыл III дәрежелі диплом еншілесе, Атаева Гүлнар республикалық «Ясауитану» байқауының жүлдегері атанған. Нұрғали Арайлым, Тастан Айымгүл, Абдаз Аялакүнайым, Меңгешова Алтынай «Қазақстан – менің Отаным» атты облыстық шығарма-эссе сайысының I орын жүлдесін жеңіп алыпты. Сондай-ақ облыстық «Жарқын болашақ» олимпиадасында да оқушылар жүлделі орындарды иеленіпті.

Мектеп ұжымы еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етіп жүрген түлектерімен мақтанады.

Жанар СҮЛЕЙМЕНОВА. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp