«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕУМЕТТІК САЛАЛАРҒА – АЙРЫҚША БАСЫМДЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мен “Nur Otan” партиясының  облыстық  филиалынан сайланған депутат болғандықтан, еліміздегі ең ірі, жетекші саяси ұйымның саяси-экономикалық реформаларының  жүзеге асуына белсене атсалысып, өз үлесімді қосуға мүдделімін. Қазақстанның қол жеткізген табыстары мен жетістіктері нақ осы партияның қызметімен тікелей байланысты екенін солтүстікқазақстандықтар да жақсы біледі. 1999 жылы негізі қаланғаннан бері партияның Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен сайлауалды бағдарламалар дәйектілікпен жүзеге асырылып келеді.

Демократияландырудың жаңа кезеңінде жаңашыл бастамалар кеңінен қолдау тапты. Солардың бірі – праймериз. 2019 жылы “Nur Otan” партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Нұрсұлтан Әбішұлының қолдауымен “Сенім. Диалог. Болашаққа нық сенім – саяси ұйымның  7 серпіні” атты партия жұмысын жаңғырту процесі басталып, партияның белсенді мүшелері мен көшбасшыларын алғаш рет партиялық іріктеу арқылы айқындаудың халықаралық тәжірибесі енгізілді. Партияішілік іріктеуді өткізудің ережесі жарияланды. Мәжіліс пен мәслихат депутаттары сайлауында үміткерлер партиялық тізіммен ұсынылып, саяси ұйымның өз ішінде кандидаттарды іріктеп алуға ерекше назар аударылды. 2020 жылдың  17 тамызы мен 3 қазаны аралығында республика көлемінде өткен праймеризге қатысушылардың бірі ретінде бұл тетік халықпен екіжақты байланыстың, бірлескен өзара іс-қимылдың тиімді өзегіне айналғанын, сондай-ақ беделді, білімді, креативті жастармен партия қатары толыққанын зор сеніммен айта аламын. Ең жауапты сәттердің бірі праймериз ұйымдастыру және сайлау науқаны болды. Еліміз бойынша праймеризге 10 мыңнан астам үміткер, ал онлайн-дауыс  беруге нұротандықтардың  84 пайызы қатысты. 216 мәслихатқа 6253 адам енді. Талдау көрсеткендей, әйелдердің үлесі  22-ден 34 пайызға, жастардың үлесі 7-ден 24 пайызға дейін өсті. Орташа жас 48-ді құрап, құрам 76 пайызға дейін жаңарды. Партияға 42 мыңнан астам жаңа жақтастар қосылды. Облыс тұрғындарының белсенді қатысуы арқасында 216 сайлауалды өңірлік бағдарламалар талқыланып, 17 мыңға жуық ұсыныс-пікір айтылды. 1 үміткер Парламент Мәжілісінің, 158 үміткер түрлі деңгейдегі мәслихат депутаты болып сайланды. Олардың қатарында Еркебұлан Мәмбетов, Геннадий Зенченко, Алтынбек Сапаров, Орынбасар Ысқақова, Елена Левина, Бақыт Құсайынов сияқты өз саласының білгір басшылары мен мамандары бар. Мұны тәптіштеп баяндап отырғаным, праймериз мәслихат қызметінің де барынша ашық болуына жол ашып, депутаттардың жергілікті сайланбалы органдардың өкілетті өкілдері ретінде проблемаларды, өзекті жайттарды халықпен бірлесіп шешудің  мүмкіндіктерін жанжақты талқылап отырады. Өйткені бүгінде азаматтарды шешімдер қабылдау процесіне қатыстыру, қоғамдық бақылау тетіктерін одан әрі жетілдіру, бюджетті қалыптастыру, тиісті мақсаттарға тиімді жұмсалуын қадағалау – мәслихат жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі.

 Енді партияның сайлауалды бағдарламасының іске асырылуын қоғамдық кеңестер бақылайды. 12 өңірлік кеңестің құрамына мәслихат депутаттары, сарапшылар, блогерлер, қоғамдық бірлестіктер мен БАҚ өкілдері тартылған. 13 аудан мен  Петропавл қаласында 141 аумақтық кеңес бар. Кеңестерге 800-ден астам адам мүше. Олар сайлауалды бағдарламаның өңірлік даму, аграрлық сектор, экономика және кәсіпкерлікті қолдау, ұлт денсаулығы, білім және ғылым, жұмыспен қамту, әлеуметтік осал топтарға демеу, экология, мәдениет, отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау, тағы басқа мәселелермен тікелей айналысып, атқарылатын шаралардың орындалуына ықпал жасайды. Кеңестер ашық форматта жұмыс істейді. Қоғамдық пікірлердің ескерусіз қалмауына, кез келген өткір мәселелердің жария түрде талқылануына әр кез мүдделі. 2021-2025 жылдарға арналған өңірлік кешенді жоспар аясында атқарылатын жұмыстар тізбесі облыстық мәслихаттың сессиясында бекітіліп, әлеуметтік міндеттемелерді орындаудың, тұрақты экономикалық  дамуға серпін берудің ішкі-сыртқы мүмкіндіктері сараланды. Халық қалаулылары алдында тұрған басымдықтар айқындалды. Коронавирустық пандемия кезіндегі шектеулерге қарамастан депутаттар қоғамдық қабылдаулардың жұмысын тоқтатқан емес.

 “Nur Otan” партиясының 2025 жылға дейінгі “Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір” атты сайлауалды тұжырымдамасы да аса ауқымды реформалардың заңды жалғасы болып табылады. Бұл ретте депутаттарға жүктелетін міндеттер зор. Облыста барлық салалар бойынша оң үдерістер сақталып отыр. Қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген нақты мақсаттар сайлаушылар аманаттарын абыроймен орындауға игі әсерін тигізері сөзсіз. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға тұрақты қолдау көрсетіледі. Соңғы үш жылда бұл салаға құйылған инвестицияның мөлшері екі есеге жуық өсті. Бюджет қаражатының едәуір бөлігі тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. “Ауыл – ел бесігі” жобасы шеңберінде 300-ден астам ауылда әлеуметтік нысандар мен ғимараттар салынып, қалпына келтіріледі. Ақжар, Уәлиханов, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда оңтүстік жақтардан қоныс аударған отбасыларға жасалып жатқан қамқорлық қуантады. Талшық ауылының тұрғыны Тоқтасын Мәукен мемлекеттік қолдау арқылы өзінің шағын шаруашылығын ұйымдастырған. Кішкенекөл ауылының тұрғыны Қайрат Ахметуллин “Bastau Бизнес” бағдарламасы бойынша грант алып, құм блоктарын дайындайтын цех ашқан. Өнімдер жоғары сұранысқа ие. “Серпін” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ЖОО түлектерінің 90 пайыздан астамы өңірде қалып, жұмысқа орналасты.

Әріптестерімнің ауылдық жерлерге жұмысқа жіберілетін медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларына белсенділікпен араласатынын атап өткім келеді. Үстіміздегі жылы біржолғы төлем 2,5 млн. теңгеге дейін ұлғайтылды. Тарифтердің қолжетімді деңгейін және халықтың еркін жүріп-тұру мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік маңызы бар көлік бағыттарын бюджет қаражаты есебінен субсидиялау ұсынысы сессияда бірауыздан қолдау тапты.

Есжан ОРАЗАЛИН,

 облыстық мәслихаттың депутаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp