«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙДАРДЫҢ ТАҢДАУЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Болашағын жұмысшы мамандығымен байланыстырған жастарды көргенде өз басым қуанамын. Бұл мақаламыз “Петропавл жылу желілері” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің маманы Айдар Ысмайылов жайында болмақ.

Айдар бала күнінде әскери қызметкер, ғарышкер сынды мамандықтың иесі атанамын деп армандаған. Есейе келе ол кәсіптік-техникалық білім алуды ойлап, қатарластарынан ерек-шеленді.

– Таңдауым қаламыздағы Бәйкен Әшімов атындағы теміржол көлігі колледжіне түсті. Мектепте оқып жүріп, қарапайым еңбек адамдарына қызығатынмын. “Жылу техникалық қондырғылар мен жылыту жүйесі” мамандығын меңгеріп шықтым. Шаһардағы зауыттар мен кәсіпорындарда тәжірибеден өткеннен кейін бұл салаға деген қызығушылығым одан сайын артты, – дейді Айдар.

Бүгінде Айдар “Петропавл жылу желілері” серіктестігінде темір ұстасы болып қызмет атқаруда. Жан аямай еңбек етуді сүйетін оның арада көп уақыт өтпей қызметі де, жалақысы да өседі.

– Серіктестігіміздің басты міндеті қалалықтарды жылумен қамту. Ол үшін қаладағы біздің кәсіпорынға тиесілі әр желі қалтқысыз жұмыс істеуі қажет. Өкініштісі, кей кездері апаттық жағдайлар орын алып жатады. Салдарынан кей көпқабатты үйлер жылусыз қалады. Бұл олқылықтарды жою әрі түзету кәсіпорнымыздың мойнына жүктеледі. Әсіресе, қыста жұмысымыз аса қауырт. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан кемшіліктерді тез арада жоюымыз керек, – дейді кейіпкеріміз.

2020 жылдың қараша айында орын алған апаттық жағдай Айдардың есінен кетпейді. Сәбит Мұқанов көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірнешеуі жылусыз қалған. Кейін белгілі болғандай, жылу тарататын жер асты құбырының бірі тесіліп, су атқылаған екен.  Жердің қатты кезі. Айдар бастаған бригада шұғыл түрде қазба жұмыстарына кіріседі. Нәтижесінде бұл түйткіл жарты күннің ішінде шешілген.

Иә, қараша мен ақпан айлары аралығында “Петропавл жылу желілері кәсіпорнының” жұмысы аса қауырт. Олардың қалған мезгілдерде де жұмыстары жеңіл деп айта алмаймыз. “Қыстың қамын жаз ойла” демекші, кәсіпорын мамандары аптап ыстықта да, нөсер жаңбырдың астында да қазба жұмыстарын жүргізіп, жылыту құбырларын дайындап жатады.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

     

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp