«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ауданның әлеуеті жоғары

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы – Новоишимка ауылында жылу қазандығының құрылысы жүргізілуде. Ол іске қосылғаннан кейін 70 көпқабатты тұрғын үй мен 50 әлеуметтік нысан орталық жылыту жүйесіне қосылады. Ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Құмар Ақсақалов атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Өңір жетекшісі жергілікті жұртшылыққа  ауданның жаңадан тағайындалған әкімін таныстырды. Президент әкімшілігінің келісімімен, аудандық мәслихат депутаттарының қолдауымен бұл қызметке Серік Мақсұтұлы Мұхамедиев лайық деп танылды. Құмар Іргебайұлы жаңа әкімнің жұмысына сәттілік тілеп, аудан орталығын абаттандыру мен коммуникациялық мәселелерді шешу бойынша жүргізіліп жатқан шаруалармен  танысты.     

  – Ғабит Мүсірепов атындағы аудан мен оның орталығы Новоишимканың даму әлеуеті жоғары. Біз ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту бойынша мақсатты жұмыстар жүргізудеміз. Бүгінде аудан орталығын жылумен 9 ескі автономды қазандық қамтамасыз етеді. Осыдан 3 жыл бұрын біз осы нысандарды аралап, жаңа қазандық салу туралы шешім қабылдадық, – деді өңір басшысы. ⠀

Новоишимкада кәріз жүйесі ескі болғандықтан, апаттық жағдайлар жиі тіркелетін. Көп ұзамай аудан орталығының тұрғындары бұл қиындықтарды ұмытады. Бүгінде  заманауи кәріз-тазарту қондырғысының құрылысы аяқталуға жақын.  Елді мекенге жалпы ұзындығы 26 км магистральдық желі тартылды. Жаңа кәріз жүйесі абоненттер санын едәуір көбейтпек.⠀

 – Өткен жылы аудан орталығында 50 пәтерлік көпқабатты үй салынды. Биыл 50 пәтерлік тағы бір көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Ауданда 2 жылда 107 жеке тұрғын үй тұрғызылды. Новоишимка көшелерінің барлығына асфальт төселді. Ауданның 8 ауылындағы ішкі жолдар жөнделді. 29 ауылға жаңа жарықтандыру жүйесі орнатылды, –  деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов аудан активімен өткен кездесу барысында.

Бүгіндері облысымызда 16 сүт фермасы салынуда. Облыс әкімі оның үшеуі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда бой көтеріп жатқанын атап өтті.  Кездесу соңында ауданның жаңа әкімі Серік Мұхамедиевке осы уақытқа дейін атқарылған ілкімді жұмыстарды одан әрі жалғастыру қажеттігін тапсырды.

Сағындық МАУҒАЗИН,

«Soltüstık Qazaqstan».

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp