Өңірімізде соңғы екі аптаның ішінде 166 оқушы коронавирус инфекциясын жұқтырды. Бүгінгі таңда 242 бала дәрігерлердің бақылауында болса, олардың 24-і ауруханада ем алып жатыр. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтуынша, өңірімізде қауіпті дертке шалдыққандар саны көбеюде. 14 қазан күні жаңа 157 жағдай тіркелген.
Қазіргі таңда облыста коронавируспен ауырғандарға арналған 1600 орын бар. 691 адам стационарларда ем алып жатыр. Емдеу мекемелері 43 пайызға толған. Үй карантинінде 1946 адам отыр.
“Қазіргі жағдайды жақсы деп айта алмаймыз. Дерттің жаңа “дельта” штамы балалар арасынан да табылуда. Тұрғындардың қауіпсіздік талаптарын сақтап, қоғамдық орындарға жиі бармағандары абзал”, – деді Құмар Күсемісов.
Бүгінде облыстағы 78 мектептің 142 сыныбы қашықтан оқуға жіберілді. Соңғы айда білім ордаларында жоспардан тыс 11 тексеріс жүргізіліп, екі мектепте карантин талаптарының сақталмағаны анықталған, оларға 87 мың теңге айыппұл салынды.
“Аурумен күрестің тиімді және жалғыз жолы – вакцинация. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін екпе алудың маңызын түсінбейтіндер бар. Біз өзіміз үшін ғана емес, туған-туыстарымыз, айналадағы адамдар үшін де жауаптымыз”, – дейді Құмар Күсемісов.
Мамандардың айтуынша, өңірде коронавирусты жұқтырушылар санының артуына шектеу шараларының жеңілдеуі және тұрғындар тәртібінің төмендеуі себеп. Вирус ешқайда кеткен жоқ, ол көбіне вакцинацияланбағандарға жұғып жатыр. Егер де коронавирус жұқтырғандар саны әлі де артатын болса, онда барлық кәсіпорындардың жұмысын тоқтатуға тура келеді. Яғни, облыс аумағында толық локдаун енгізілуі мүмкін.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.