Манатовтар отбасы 2019 жылдың маусым айында отау құрып, тамызда Шымкент қаласынан Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл ауылына келіп қоныстанған. Бүгінде бұл ауданда оңтүстік облыстардан қоныс ау-арған 36-ға жуық отбасы тұрады.
Бектияр Манатов №1 Кішкенекөл орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Жас ұстаз шәкірттерін саламатты өмір салтын ұстануға баулып жүр.
– Шымкент қаласында тұрғанымда балабақшада шаруашылық ісі жөніндегі меңгеруші болдым. Ауасы жұпар, табиғаты тамаша Қызылжар өңірінен көшу туралы ұсыныс түскенде бұл мүмкіндікті қалт жібермеуге тырыстым. Алтай мен Атырауға дейін созылған қазақтың қай жері болмасын – бәрімізге ортақ байлық. Ең бастысы еліміздің, ана тіліміздің дамуына атсалысуымыз қажет, – дейді Бектияр Әбдірашидұлы.
Жас отбасы өздерінің жинаған қаражаттарына ауылдан үй сатып алған. Мемлекет тарапынан берілген жәрдемақы да аяқтан тұруларына көмек болыпты. Алдағы уақытта жас жұбайлар қара мал ұстап, құс шаруашылығымен айналысуды көздеп отыр.
Бектиярдың жары Қарлығаш Досболова Уәлиханов аудандық емханасында невропатолог болып қызмет атқаруда. Ол Алматы қаласындағы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін терапевт-невропатолог мамандығы бойынша тамамдаған. Жалпы еңбек өтілі – 5 жыл.
– Бүгінде невропатология – медицинадағы күрделі саланың бірі. Жүйке ауруларының күн санап көбейіп, күрделеніп отырғанын өмірдің өзі де, дәрігерлік деректер де дәлелдеп отыр. Ең өкініштісі, жүйке ауруларының жасарып бара жатқандығы. Әсіресе инсульт ауруы қазір жастар арасында да жиілей түсуде, – дейді Қарлығаш Досболова.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.