«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жақсылық жасау – жүректің ісі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың қанына сіңген қасиет. Біздің қоғамымызда қайырымдылық жасауды өмірлік ұстанымына айналдырған жастар аз емес. Оларға мемлекет тарапынан зор қолдаулар көрсетілуде. “Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы” коммерциялық емес акционерлік қоғамы еріктілерге түрлі гранттарды үлестіріп келеді. Нәтижесінде былтыр ел көлемінде 7 жалпыұлттық жоба іске қосылып, жүзеге асырыла бастады. Оның бірі – “Birgemiz: Saýlyq”.

Медицина саласына қатысты “Bir-gemiz: Saýlyq” жобасына қатысуға Қазақстанның түкпір-түкпірінен жүздеген ерікті қызығушылық танытты. Бұл жобаның шеңберінде жастар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, республика бойынша ерекше қажеттіліктері бар 5 мыңға жуық адамға, онкологиялық ауруға шалдыққан, ерекше күтімді қажет ететін 2000-нан астам науқасқа көмек көрсету көзделді.

Өткен жылдың басынан бастап “Birgemiz: Saýlyq” жобасы аясында біздер, Қызылжардың жастары “Ерікті дәрігерлер” қозғалысын қолға алдық. Төтенше жағдай жарияланған кезде өңір еріктілері жедел жәрдем қызметінде кезекшілік етіп, қаланың провизорларында санитарлардың мойнына жүктелген міндеттерді орындады. Біз осылайша ата-бабаларымыздың “Асар” дәстүрін жалғастырып, облыста волонтерлік ұйымдарға жаңа серпін қостық деуге болады. Бұл жұмысқа негізінен денсаулық сақтау саласынан хабары бар студенттер тартылды. Өңірімізде көмекке мұқтаж жандар аз емес. Қаламыздағы қатерлі ісікке шалдыққан 220 қарт қолдауға зәру. Біз олардың әрқайсысымен тілдесіп, қандай қолғабыс көрсету қажеттігін білдік. Аға буынның бесеуіне қажетті көмек көрсетілді.

“Ерікті дәрігерлер” жастар қозғалысының ұйытқы болуымен облыста “Жылы жүрек”, “Следуй за мной!”, “Мен жауапты донормын” атты акциялары да ұйымдастырылды.  Солардың ішінде “Следуй за мной!” акциясына қатысуға ниет танытқандар қатары қалың болды. Оның аясында 28 донор кан тапсырды. Сонымен қатар ардагерлер кеңесінің қолдауымен біз жалғызбасты зейнеткерлер мен тыл еңбеккерлерінің үйлеріне барып, азық-түлік пакеттерін үлестірдік. Бір байқағаным, жастары біразға келген аталарымыз бен әжелеріміз материалдық көмектен гөрі мейірімге, жылы сөзге моральдық қолдауға мұқтаж. Олармен түрлі тақырыпта әңгіме-дүкен құрып, жандарына жылу сыйлағанымыз бізді одан сайын қанаттандыра түсті. Алдыңғы толқын өкілдерінің ел, жер, Тәуелсіздік туралы айтқан мағыналы әңгімелері мен өнеге-кеңестері жанымызды жадырата түсті.

Рүстем АРМАНОВ,

“Ерікті дәрігерлер” жастар қозғалысының

 үйлестірушісі, фельдшер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp