Музыканың құдіретін ұлы Абай атамыз: “Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй”, – деп қалай дөп басып айтқан. Әйгілі ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби болса “Музыканың негізгі міндеті – адамның эстетикалық қажетін өтеу”, депті. Музыкалық аспаптардың “патшасы” – скрипка саналады. Мамандар аспаптың бұл түрін бала кезден үйренуге кеңес береді.
Бүгінгі мақаламыздың кейіпкері Дамир Қабденов скрипканы қолына алғаш 6 жасында алған. 1997-2009 жылдары “Өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатында” білім алды. Кейін елордамыздағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсіп, 2015 жылы сол білім ордасының магистратурасын да тамамдайды. Профессор Раиса Мұсаходжаеваның сыныбында оқыған. Дамир “Солистер академиясы” мемлекеттік камералық оркестрінде өнер көрсетіп, 2015 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Римский-Корсаков консерваториясында тағылымдамадан өтті. 2018 жылдан бастап “Форте трио” ұжымында жұмыс істеді. Осы құрамның қатарында жүріп Италия, Франция, Швейцария, Иордания, Египет, Түркия, Кипр, Грекия, Ресей, Қытай, Венгрия, Чехия, Испания, Германия, Израиль сынды тағы да басқа елдерде өнер көрсетті. 2013 жылы Италияда өткен “Giovanni Talente” және “Rovero D’oro” халықаралық конкурсының лауреаты.
“Ата-анам алғашында менің өнер саласын таңдауыма қарсылық білдірді. Олар скрипка пәнінен сабақ берген ұстазым Татьяна Михайловнаның менің қабілетім туралы айтқанынан кейін райларынан қайтты”, – дейді Дамир.
Қазіргі таңда ол туған қаласына оралып, Ақан сері атындағы облыстық филармонияда қызмет атқаруда. Сонымен қатар ол болашақта скрипкашы боламын деген жас өрендерді өнердің қиын түрінің қырсырына баулуда.
– Өркениетті елдерде ата-аналар балаларын 3-4 жасынан бастап өнерге үйрете бастайды. Шыны керек, біздің елімізде өнерге хобби ретінде ғана қарайтындар аз емес. Сондықтан да скрипкашылардың қатары көп емес. Болашақта бұл олқылықтың орнын толтырып, өнерлі өрендер санының артуына септескім келеді. Бүгінде он шақты шәкіртім бар. Оларға әзірге скрипканы дұрыс ұстау техникасын үйретіп жүр мін, – дейді скрипкашы.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.