«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сұраныс көп, маман тапшы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінде жол құрылысы саласындағы жұмысшы мамандардың тапшылығы өзекті мәселеге айналып отыр. Жыл сайын еліміздің барлық өңірлерінде ондаған шақырым жол салынып, қалпына келтіріліп жатқанымен, мұндай ауқымды істі жүзеге асыратын қарапайым мамандар жоқтың қасы. Осы мәселені шешу мақсатында осыдан бірер жыл бұрын республикамыздың барлық өңірінде “Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы” құрылған болатын.

Бұл орталықтың өңірлік фи­лиалы көліктік инфрақұрылым саласындағы кадр жетіспеушілігін жою мақсатында жергілікті университет, колледждермен әріптестік байланыс орнатып үлгерді. Бізбен келісімшарт жасасқан білім ордалары жобамызға қатысу арқылы студенттерін түрлі ұйымдарда тәжірибеден өткізе алады. Жас мамандарды жұмысқа тарту мақсатында бұдан басқа да шаралар жүзеге асырылуда. Орталық филиалы “Бір мың мектеп” акциясы аясында мектептерде екінші жыл қатарынан кәсіби бағдар жұмыстарын жүргізуде. Сонымен бірге мектеп оқушылары мен студентер үшін жүйелі түрде “Ашық есік” күндері ұйымдастырылып, зертханаларға экскурсия жасалып тұрады. Кез келген болашақ маман өз білімін тәжірибемен ұштастыр­ғанда ғана үлкен жетістіктерге жете алады. Біз осы қағидатты ескеріп, болашақ жол мамандарын ақылы тәжірибеден өткізуге ден қойдық. Түрлі кәсіпорындардағы тәжірибе сағаттары барысында студенттер білімдерін шыңдаумен қатар материалдық көмекке ие болды. Олар ай сайын 85 мың теңге көлемінде жалақы алып келеді.

Облыстық филиал құрылған сәттен бастап жоғары және арнаулы орта оқу орындарында бі-лім алып жатқан 8 жас өндірістік тәжірибеден өтті. Олардың дені – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенттері. Бүгінгі күні Түмен индустриалды университеті мен Омбы қаласын­дағы Сібір мемлекеттік автомобиль және жол университетінің түлектері мамандарымыздың ақыл-кеңесіне құлақ түріп, білімдерін шыңдауда. Атап айтар болсақ, өндірістік тәжірибе кезінде студенттер сынақ зертханасының қызметімен, өлшеу жабдықтары және құралдарымен, сынау әдістерінің нормативтік-техникалық құжаттамасымен танысады. Кейін жолқұрылысы материалдарына зертханалық сынақтар жүргізу бойынша теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырады. Болашақ мамандар инертті материалдарға, яғни қиыршықтас, құм, қиыршықтас-құм қоспаларына сынақтар жүргізеді. Ал тәжірибелі зертханашылардың жетекшілігімен олар асфальт-бетон қоспалары мен битумның физикохимиялық құрамын өздігінен сынауға мүмкіндік алады.

Кәсіби бағдар берудің ең басты мақсаты – автомобиль жолдары саласында маман тапшылығының орнын толтырып, шетел мамандарын жұмысқа тарту сұранысын азайту. Біз бұл міндетті ойдағыдай атқару мақса­тында білім алатын жастармен жиі кездесіп, оларға жол құрылысы саласында қызмет етудің артықшылықтарын жеткізуге тырысудамыз, жалпы мамандық таңдауда жаңылыспауларына ақыл-кеңесімізді береміз. Дей тұрғанмен, аталмыш саладағы маман тапшылығы әлі де жойылар емес. Қазірдің өзінде құрылысқа қажетті 4 мыңдай маман жетіспейді. Атап айтқанда, экскаватор, бульдозер, каток көлігінің операторларымен қоса грейдер және тасжол төсеу мамандары, прораб, шеберлер тап­шы. Біздің өңіріміз бойынша да жағдай алаңдатарлық.

Бүгінгі күні облысымызда тек гума­нитарлық-техникалық колледжінде “Автокөлік жолдары мен аэродромдарды салу” мамандығы бойынша мамандар даярланады. Бірақ биылғы жаңа оқу жылының өзінде бұл бөлімге ешбір талапкер оқуға түсуге құлық танытпағандықтан, топ ашылмаған. Осындай жайттар инженерлік білім беру жүйесін жетілдіру мен қазіргі заманғы техникалық мамандықтарға баса назар аудару қажеттілігін тағы бір дәлелдей түседі.

Жолдыбай ТЕНТЕКОВ,

“Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы”

облыстық филиалының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp