«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

УАҚЫТ СЫНЫНДА ШЫҢДАЛҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Туған еліміз биыл тәу етер Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтеді. Үш онжылдық тарихи өлшем бойынша аса ұзақ уақыт емес. Солай бола тұра, көзі ашық, кө­кірегі ояу отандастарымыз өткенге үңіліп, жылдар жылнамасын парақтаған сайын жемісті жетістік барын аңғарар еді. Ең алдымен, егемендікке қол жеткізгелі ел еңсесін тіктеді. Халықтың әл-ауқаты артып, тұрмысы түзелді. Қысқа мерзім аралығында әлеуметтік дамудың әлеуетті жолын таңдап алдық.

Тәуелсіздік шежіресіндегі әр жылдың алатын өз орны бар. Егемендіктің жиырма жылын артқа тастап, келесі онжылдыққа қадам басқан бұл он екі айда Қызылжар өңірінде еліміздің тарихына жазылар елеулі оқиғалар орын алды. Соның алғашқысы 15 қаңтарда өткен Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауы болды. Сайлау барысында 80,74 пайыз дауыс жинаған “Нұр Отан” партиясы Мәжілістегі орынның басым бөлігін алды, одан басқа  “Ақ жол” мен “Қазақстанның халықтық коммунистері” партиялары да өз өкілдері үшін орын иеленді. “Біз 2007 жылы Конституциямызға өзгеріс енгізіп, Парламентіміз көппартиялы болады деп айтқанбыз. Енді, мінеки сол көппартиялы Парламентке біз жеттік. Енді жоғары заң шығарушы билік орнында  үш партияның өкілдері болмақ”, – деді жеңімпаздар форумында “Нұр Отан” партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев.

27 қаңтарда облыс орталығында WBC тұжырымдамасы бо-йынша кәсіпқой бокс кеші өтті. Өңіріміздегі тұңғыш кәсіпқой боксшы Жанат Жақиянов тайландтық Лукдиав Тоор Бунамасты бірінші раундта сілетіп салып, 53.5 кг. салмақ дәрежесінде Азия чемпионы атанды.

Облысымызға жұмыс сапарымен келген Израильдің “МАД Корпорэшн” компаниясының өкілдері құс өсіру шаруашылығын дамытудың үш кезеңнен тұратын инновациялық жобасын ұсынды. 2012-2015 жылдары аралығында жүзеге асырылатын (құны 16 млрд. теңге) жоба еліміздегі құс шаруашылығын жоғары деңгейге көтермек.

Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған Петропавл жоғары әскери институтының 15 жылдығы Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының ғимаратында кеңінен атап өтілді. Осы жылдар ішінде жоғары оқу орнын екі мыңға жуық офицер тамамдады. 2009 жылдан бастап Қырғызстан мен Тәжікстан үшін офицерлер даярлана басталды.

Наурыз айында “Қазақ ардагерлер ұйымы” қоғамдық бірлестігінің құрылғанына ширек ғасыр толды. Тоқсан мыңнан астам мүшесі бар облыстық ардагерлер кеңесінің осы мерейтойға байланысты салтанатты жиналысы өтті. Өңіріміздің сол кездегі басшысы Серік Біләлов облыстық және аудандық ардагерлер кеңестеріне бір-бірден автокөлік кілттерін табыс етті.

Облысымыз Қазақстанның астықты өңірі саналатындықтан мол өнімді талапқа сай сақтау жыл сайын едәуір қиындық туғызатын. Өйткені элеваторлардың сыйымдылығы шектеулі болды. Тығырықтан шығуға Индустрияландыру картасы үлкен әсер етті. Сыйымдылығы 140 мың тонна болатын астық қабылдау кәсіпорындары салынды. Жамбыл ауданында “Кид Трейд” ЖШС-і тұрғызған 50 мың тонналық элеватор өз жұмысын бастады. Оның құрылысына 2 млрд. теңге қаржы жұмсалды. “Егін” ЖШС-нің жаңа диірмен-макарон кешені 2012 жылы өнімінің алғашқы партиясын Ресей мен Өзбекстанға жө-нелте  бастады.

“Жұмыспен қамту-2020”  бағдарламасы шеңберінде 2011 жы-лы ауылдық жерлерде кәсіпкерлікпен айналысқан адамдарға 200 млн. теңге берілсе, 2012 жылы оның көлемі үш есе артып, 600 млн. теңгеге жетті. “Индустрияны  дамытудың қазақстандық институты” акционерлік қоғамының еншілес ұйымдары арқылы алын-ған жеңілдікті қаражатты жерлес кәсіпкерлер жылыжайлар салуға, мал  фермаларын құруға, жеңіл өнеркәсіпті дамытуға және т.б. мақсаттарға жұмсады.

Маусым айының басында Германияда драматургтердің дәстүрлі “Баденвайлер” байқауы өтті. Байқаудың қорытындысы бойынша облыстық Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының бас режиссері, жерлесіміз Болат Әбдірахмановтың “Серке және әнші құс” атты төл туындысы үздіктер қатарынан көрінді.

Облыс орталығында тұңғыш рет “Түлектер кеші – 2012” салтанаты ұйымдастырылды. Оған өңіріміздің жалпы білім беретін орта мектептерін “Алтын белгімен” тамамдаған 34 және  ерекше үлгідегі аттестат алған 35 түлек қатысты, талапкерлерге  бағалы сыйлықтар табыс етілді. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша облысымыз елімізде төртінші орын алды.

Шілде айында Алматы – Петропавл – Алматы бағытында қатынайтын №151 “Жетісу” пойызы алғаш рет жолға шықты. Он бес “Тұлпар-Тальго” вагонынан тұратын жүрдек пойыз елордаға жолаушыларды бес, ал оңтүстік астанаға бар жоғы он тоғыз (бұрын отыз) сағатта жеткізетін болды. Осызаманғы талаптарға сай келетін вагондары бар пойыз орташа есеппен сағатына 97,5 шақырым жылдамдықпен жүреді.

6 шілдеде Астана мен Петропавл қалаларының күндері облыс орталығында бірге атап өтіліп, көптеген мәдени-бұқаралық және спорт шаралары ұйымдастырылды. Бейбіт Мұстафинаға, Бауыржан Құлжановқа және бірнеше адамға “Петропавл қаласының құрметті азаматы” атағы берілді. “Қызылжар барысы – 2012” сайысына 28 балуан қатысып, Айбек Қырықбай бас жүлдені жеңіп алды.

Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласында ауыл спортшыларының “Ақ бидай – 2012” спартакиадасы өтті. Онда спорттың он бес түрінен тоғыз жүзден астам адам күш сынасты. Тартысты өткен сайыстардың қорытындысында Шал ақын, Тайынша және Қызылжар аудандарының спортшылары жүлделі орындарды өзара бөлісті.

2012 жылы Лондонда өткен XXX жазғы Олимпиада ойындары Қазақстан үшін алдыңғы ойындарға қарағанда ең сәтті болды. Лондонда Қазақстан 7 алтын, 1 кү-міс, 5 қола медаль алып, медаль саны бойынша жалпы есепте 204 ел арасында 12-ші орынға тұрақтады. Осы жазғы ойындардан кейін үлкен спортпен қош айтысам деген жерлесіміз Александр Винокуров кенеттен күтпеген жерден ел қанжығасына бірінші алтынды байлады. Сөреге аздаған минуттар қалған кезде теке-тірескен колумбиялық велошабандозды басып озған Вино Олимпиаданың бірінші күнінде еліміздің Әнұранын шырқатып, Қазақстанды әлемге танытты. Өзінің спорттағы мансабын алтынмен мығымдаған Александр Винокуров осы оқиғаны спорттан кетуімнің тамаша нүктесі деп айтты. Жерлесіміз 2000 жылы Сиднейде өткен жазғы Олимпиадада күміс жүлдегер атанған болатын.

Тамыз айында өңірімізде Алматы облысының мәдени күндерінің шымылдығы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен баспасөз мәслихатымен ашылды. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында “Алматы – Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі” фотокөрмесі ұйымдастырылды. Ал гала-концертте “Сазген сазы” фольклорлық-этнографиялық және “Гүлдер” мемлекеттік би ан-самбльдері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмеди-нова, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әртістері өнер көрсетті.

Қазақстан Конституциясы күні Петропавл вокзалы алдындағы алаңда қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевқа ескерткіш ашылды. Екі вокзалдың алдындағы алаң әлдебір қитұрқы әрекеттермен жекеменшіктің қолына өтіп кетіп, бірнеше жыл бойы иесіз жатқан еді. Тек соттың шешімімен ол коммуналдық меншікке алынып, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, адам танымастай өзгерді.

“Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы аясында №3 қалалық аурухана негізінде заманауи экстрокороналды ұрықтандыру бөлімшесі ашылды, оған қондырғылар алуға және мамандар даярлауға облыстық бюджеттен 70 млн. теңге бөлінді.  Об-лыс аумағында төрт жүзден астам әйел бедеулік есебінде тұрған, оның алпысы алғашқы күндері кезекке тұруға өтініш берді.

20 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Қызылжар өңіріне келді. Елбасы Қызылжар ауданындағы “СК Вагулинское” ЖШС-нің егістік алқабына барып, диқандармен әңгімелесті, егін орағының барысымен танысты. Одан кейін “Молпродукт” ЖШС-де, жаңадан бой көтерген аквапарк  кешенінде болып, қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, өңірімізде атқарылып жатқан істерге оң бағасын берді.

Қазан айының соңында Н.Погодин атындағы облыстық драма театрының ғимаратында облыс активінің жиналысы өтіп, онда ауа райының қуаңшылығына қарамастан бітік егін өсірген диқандарға, мал шаруашылығын дамытып отырған аудандарға, агроқұрылымдарға, олардың майталман еңбеккерлеріне құрмет көрсетілді. Облыс диқандары 4,9 миллион тонна астық жинап, гектар берекелігін орташа есеппен  12,9 центнерге жеткізді. Актив жиналысында ең үздік көрсеткішке қол жеткізген Қызылжар ауданының диқандарына 30 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Есіл мен Мамлют аудандарына тиісінше 20 және 10 миллион теңге бұйырды. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде Қызылжар, Ақжар мен Аққайың аудандары үздік деп танылды.

Академик-жазушы, көркемсөз шебері Ғабит Мүсіреповтің туғанына 110 жыл толуына арналған салтанатты шаралар қаламгердің кіндік қаны тамған Жамбыл ауданының Жаңажол ауылында өтті. Салтанатты той шеруіне қатысушылар қаламгердің шоқтықты туындыларының біріне кейіпкер болған Ұлпан ананың мазарына соғып, аруағына Құран бағыштады. Ауылдағы жазушы тойында ақындар айтысы, балуандар күресі мен ат жарысы ұйымдастырылды.

Петропавл қаласында “Нептун” спорттық-ойын сауық кешені ашылды. “Фирма Леонтьев” ЖШС-нің бас директоры Сергей Леонтьев бастаған жұмыс тобы үш жылдың ішінде Қызылжардың қақ ортасында әсем ғимаратты тұрғызды. Аталмыш кешеннің сметалық құны 1,8 млрд. теңге болды. Аквапарке 4 млн. АҚШ долларынан астам сомаға Канададан, Германиядан, Филлипиннен әкелінген қондырғылар орна-тылды, Кешеннің аумағы 8660 шаршы метр.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Индустрияландыру картасына енгізілген нысандарды іске қосуға арналған жалпыұлттық телекөпір өтті. Еліміз бойынша олардың қатарында “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің жел энергиясы қондырғысы, “Мұнаймаш” АҚ-ның  мұнай өнеркәсібі үшін бұйымдардың жаңартылған өндірісі болды. Ал “С.Киров атындағы зауыт”  АҚ-ы, “Ахмутдинов” жеке кәсіпкерлігі, “Мамлют ұн үгу комбинаты” ЖШС-і республикалық “Парыз” сыйлығының иегерлері атанды.

Əр жыл – өзінше шежіре. Бір жылда қоғам, мемлекет өмірінде өткен, болған маңызды шаралар мен жаңалықтардың бəрін тізбелеп жату мақсат емес. Өйткені адам да, қоғам да алдағы уақытқа үмітпен, сеніммен, жоспар тілегімен жалғасады. Сондай халықтың жүрегіне жетіп, жанын жадыратқан, санасын сілкінтіп, көкі-регіне қуат берген 2012 жылдың ең ірі жаңалығы да, оқиғасы да Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлы На-зарбаевтың Тəуелсіздік мерекесі қарсаңында жариялаған Қазақ-стан дамуының 2050 жылға дейінгі Стратегиясы болды. Ол әлемдік қауымдастықта өзінің айшықты орнын иеленген тәуелсіз мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясатына экономикалық әлеуметтік-мәдени дамуына тікелей ықпал ететін оның әлеуеттілігін қамтамасыз етіп, тұрақты түрде алға жылжуын бағдарлайтын негізгі бағдарлама. Тарихи кезеңмен салыстырғанда аз ғана уақыт аралығында ғасырлық жолдарды жүріп өткен, уақыт сынында шыңдалған еліміздің жарқын болашағын бағдарлаудағы аса маңызды стратегия ретінде қоғамға үлкен қозғау салды, тың серпін берді.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

СУРЕТТЕ: Олимпиада чемпионы Александр Винокуров жерлестерінің арасында.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp