«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Эпиджағдай нашарлайтын болса, өңір толық локдаунға қайта оралмақ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысында бір аптада коронавирусты жұқтырғандар саны 1,5 есе артты. Өңірде эпидемиологиялық жағдай әлі де нашарлайтын болса, өңір толық локдаунға көшуге мәжбүр болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыз екенін айтады. Соңғы екі аптадан бері коронавирусты жұқтырғандар саны артып келеді.

 Дәрігерлерге суық тиіп, өкпесі қабынып қаралғандардың басым бөлігінде және ауырғандармен байланыста болғандарда коронавирус анықталып жатыр. Департамент басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтуынша, облыста екпе алушылар қатары сиреген, күніне 200-300 адам ғана алып жатыр. Ал бұл эпиджағдайға өз әсерін тигізеді.

«Вирус ешқайда кеткен жоқ, ол көбіне вакцинацияланбағандарға жұғып жатыр. Мәселен, Түркістан облысы мен Шымкент вакцинация бойынша жоспарды 100 % орындады. Халықтың тиісті бөлігі екпе алды. Қазір бұл өңірлер «жасыл» аймақта. Ал СҚО екінші апта «қызыл» аймақта отыр», – дейді Арман Күшбасов. Санитар дәрігер облыс тұрғындарын қарапайым талаптарды орындауға шақырды.

 «Масканы дұрыс тағыңыздар, әлеуметтік ара қашықтықты сақтаңыздар, қоғамдық орындарға, адамдар көп шоғырланған жерлерге бармаңыздар. Ең бастысы – вакцина алыңыздар. Егер де коронавирус жұқтырғандар саны әлі де артатын болса, онда барлық кәсіпорындардың жұмысын тоқтатуға мәжбүр боламыз. Яғни, облыс қайтадан толық локдаунға көшеді», – дейді Арман Күшбасов. Бұған дейін балалардың арасында коронавирус жұқтырғандар санының артқанын айтқан едік. Салдарынан СҚО-да 142 мектеп қашықтан оқуға көшірілді.

https://www.inform.kz/

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp