Солтүстік Қазақстан облысында соңғы екі аптаның ішінде 166 оқушы коронавирус жұқтырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісов өңірдегі коронавирусқа қатысты жағдайға тоқталды.
«Жағдай қиын. Ауырғандар және ауруханаға түсетіндер саны да артқан. Жаңа «дельта» штамына байланысты балалар арасында да коронавирусты жұқтыру жиілеген. Қазіргі уақытта 242 бала дәрігерлердің бақылауында, олардың 24-і ауруханада ем алып жатыр, жағдайлары орташа», – дейді дәрігер.
Қазіргі таңда облыста коронавируспен ауырғандарға арналған 1600 орын бар. 691 адам стационарларда ем алып жатыр. Емдеу мекемелері 43 %-ға жүктелген. Бөлімшелерде 115 жансақтау орындары болса, қазір онда 51 сырқат ем алып жатыр. «Бүгінде үй карантинінде 1946 адам отыр. Олардың 967-сінде дерт жеңіл өтсе, 979-ында ауру белгілері жоқ. Аурумен күрестің тиімді және жалғыз жолы – вакцинация. Облысқа препараттың 302 235 дана бірінші компоненті, 296 235 – екінші компонент жеткізілді. Өңірде осы күнге дейін 246 030 адам бірінші компоненті алды, бұл жоспар бойынша егілуі керек тұрғындардың 66 %-ы. Ал толық курстан өткен тұрғындар саны – 227 856, бұл жалпы жоспардың 61 %-ы. Әлі күнге дейін вакцинацияның қажет екенін түсінбегендер бар. Біз өзіміз үшін ғана емес, туған-туыстарымыз, айналадағы адамдар үшін де жауаптымыз. Пандемия – қоғам мәселесі. Сол себепті халықтың басым бөлігі екпе алып, ұжымдық иммунитет қалыптастыруы қажет», – дейді Құмар Күсемісов. Мамандар оқушыларға қатысты жағдайға да тоқталды.
«Соңғы екі аптада 166 оқушы коронавирус жұқтырды. Олармен 1987 адам байланыста болған. 78 мектептің 142 сыныбы қашықтан оқуға жіберілді. Мектептерде ұстаздар да, оқушылар да, басқа қызметкерлер де маска киюге міндеттелген. Оқу орындарында карантин талаптарының сақталуы тексеріледі. Соңғы айда 11 жоспардан тыс тексеріс жүргізілді, екі мектепте талаптардың сақталмағаны анықталып, 87 мың теңге айыппұл салынды», – дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов.