Өңірімізге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы келді. Қадірлі мейман Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен кездесуге қатысты. Жиында жиналғандарға «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы қызметін атқарған Кенжетай қажы Дүйсембайұлының жаңа лауазымға ауысуына байланысты оның орнына келген жаңа өкіл имам таныстырылды.
Кездесуді ашқан Құмар Іргебайұлы биыл еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлайтынын атап өтіп, егемендігіміздің еңсе тіктеуіне ұлтаралық келісімнің маңызды рөл атқаратынын айтты.
– Облысымыздың тұрақты дамуына ата дініміз – Исламның қосып отырған үлесі күннен-күнге күшейіп келеді. Пандемия кезеңінде өңіріміздегі мешіт қызметкерлері бірлесіп, әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандарға жәрдемдесті. Сондай-ақ үй-күйсіз жүрген алты көпбалалы отбасына пәтер сатып алып берді. Дін қызметкерлері қайырымды істерге жергілікті кәсіпкерлерді тартып, ауруханаларымызды аса қажет 70 оттегі концентраторы мен 223 пулсиксометрмен қамтыды. Биыл еліміздің оңтүстік және батыс аймақтары қуаңшылықтан көп зардап шекті. Бұл мәселені назарға алған өңір имамдары Маңғыстау облысына 5 мың тонна шөп жіберді, – деді Құмар Ақсақалов.
Кездесу барысында облыс әкімі 8 жарым жыл бойы «Қызылжар» орталық мешітін басқарған Кенжетай қажы Байкемелұлына алғыс білдіріп, Құрмет грамотасын табыстады. Енді ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфтидің кеңесшісі болып қызмет атқармақ.
Бүгіндері облыста 136 діни бірлестік бар. Соңғы жылдары демеушілердің қаражаты есебінен 6 мешіт салынды. Облысымызда дін саласындағы кадр тапшылығы байқалмайды. Биылдың өзінде өңірімізге 19 жас дін маманы келген. Білікті мешіт қызметкерлері теріс ағымдармен күрес жұмысын жүйелі түрде жүргізіп келеді.
Кездесуде сөз алған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басым бағыттарына назар аудартқызды.
– Мүфтияттың 7 басты бағыты айқындалған. Олардың дені ислам дінін насихаттауды әрі теріс ағымға жол бермеуді көздейді. Елімізде арнайы дін мамандарын даярлайтын 9 мектеп-колледж бар. Оларда білім алғысы келетін жастардың қатары артып отыр, – деп сөзін қорытындылаған Наурызбай қажы Тағанұлы облыс ақсақалдарына өңірдің жаңа бас имамын таныстырды. Бұл қызметке Хамзат Әділбеков лайық деп танылды. Бұған дейін ол Нұр-Сұлтан қаласындағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы болған.
Аманжол НҰРТАЗИН,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.