«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБАЙДЫҢ АЙТҚЫШТЫҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Интеллектуалдық шығармашылық қабілет-қарымның иесі Абайда “Қайран тіл, қайран сөз” дейтін ұғымның түп бастауын былайша түсіндіреді:

Қуаты оттай бұрқырап,

Уәзінге өлшеп тізілген.

Жаңбырлы жайдай сырқырап,

Көк бұлттан үзілген.

Тілдің қуат-құдіретін, киелі, асыл қасиеттерін жер-дүниені дүр сілкіндірген күннің күркіреуімен, нажағайдың отымен теңеуі ақиқат-ау! Ұлы даланың руханияты тарихындағы “Елім-ай!” ән-жыры, 1680 жылы Жоңғария хонтайшысына айтқан 14 жас шамасындағы Қаздауысты Қазыбектің ересен елдік сөзі, Ақмешіт өңіріндегі 1880 жылы Шиелі болысын сайлауы тұсында Бекежанов Әйекені (1839-1880) бәсекелесі Әлменбет Тұрсынбаевтың (1829-1909) атып өлтіруі, сонан Үш жүздің билері жиналғанда ақын Бұдабай Қабылов (1848-1911) бие сауым уақыт “Әйекенің жоқтауын” айтыпты. “Арғын, Қыпшақ құлақ сал, Бұдабайдың сөзіне. Сабырға кел бір ауық, Сана болса өзіңде” зар тілегін толғапты. Сонда төрелік айтушы Ақжолтай Ағыбай: “Әйекені бір қыпшақ өлтірсе, екінші қыпшақ тірілтті, қыпшақ жағы үш тоғыз құн төлесін, дауды да, жауласуды да доғарайық” деп, ел дүрбелең күйге түскенде тарихи шешім қабылдапты.

Тіл құдіреті, ой қаруы деген осы “Басалқа сөздің” тарихи қызметі – елшілдікті, ұлт бірлігі мен тұтастығын қорғайды, сақтайды. Абай тіл қызметі мен сөз қасиетін қалайша мәлімдегеніне осы бір тарихи бітімгершілік сөздер айғақ болады. Яғни, “Қуаты күшті нұрлы сөз” дейтін суреткерлік, философиялық дүниетанымнан туған си-паттама…

Сөз өнеріне яғни ойға, тілге жүйріктік, білгірлік, пікірге тапқырлық, айтқыштық табиғи тума қасиеттерге байланысты болса керекті. Анығында, бес сезім. Әл-Фарабидің көрсетуінше, “сезетін қуат”, “көретін қуатын” және қалау, талпыныс, құлшыныс, қиялдау секілді қозғаушы қуаттар. Әлемнің “Екінші ұстазы” өзінің ғылымдар жіктемесі бойынша, алдымен Тіл ғылымын атайды. Себебі ой-пікірді 1) айқын жеткізу,   2) тиянақты баяндау, 3) сұрақтарды дұрыс қою, 4) дәлелді жауап беру, 5) дұрыс сөйлеу үшін “синтаксис мәніне терең бойлау”,      6) дұрыс ойлау үшін “логика мәніне терең бойлау”.

Әл-Фараби айтқан бірегей шарттарды Абай поэзиясында, қара сөздерінде, ауыз-екі әңгімелерінде, шешендік, билік, тапқырлық сөздерінде шеберлікпен қол-данған. Әрі отты, жалынды ой оралымдарын, түйін-тұжырымдарын ар-ожданның, намыстың тіліне, ұлттың, мемлекеттің тіліне айналдырған. Сондықтан да Абайдың даналық дәрістерінің тағдыранықтағыштық мәні зор. Халыққа әділеттігімен, рухани тазалығымен, дархан мейірбандығымен қызмет етті. Елдің сөзін сөйлеп, көзін ашты, тура жол көрсетті, өнер-білім, ғылым, кәсіпшілікке (егіншілікке, қолөнер) шақырды, үйретті, оқытты.

Сонда мәтін дегеніміз – мәдени, тілдік, көркемдік-эстетикалық, логикалық-мағыналық біртұтас құрылым, сыры мен сипаты өлшеусіз әлем.

Ғұмар Қараш айтқандай, “Тіл айна…”

Сөз – ой-пікір, көзқарас, ұғым, мәлімдеме, деректі ақпар.

Аталы сөз – сұрыпталған нақыл.

Басалқа сөз – тоқтам сөз, төрелік сөз. Абайдың өзі айтқандай, “көңіл құсы құйқылжыса” адам ойы түрленеді, оған сабақтас, ыңғайлас сөзі де түрленеді, бояуы да байиды.

Партия жиып, мал сойса,

Бата оқисың, жейсің бас.

Басалқа сөз сенде жоқ,

Айтқан сөзің “малың шаш”

(“Қайғы шығар ілімнен”).

Бос сөз

“Қартайғанда асырасын десең, о да – бір бос сөз.

Әуелі – өзің қаруың қайтарлық қартаюға жетемісің, жоқ па?”

(“10-сөз”)

Адам – нәпсі, өзімшіл мінезбенен

Бос сөзбенен қастаспай түзу келмес.

(“Алланың өзі де рас, сөзі де рас”)

Кім білер, жабырқаңқы жазған сөзім,

Жібермей көп тоқтатар оның көзін.

Жолаушы жол үстінде тамаша еткен,

Сықылды өткен жанның бір күмбезін.

“Альбомға” (М.Ю.Лермонтовтан)

Жанымның жарық жұлдызы,

Жамандық күнде жарымсың.

Сөз болсын ескі ер сөзі,

Кейінгіге қалыпсың.

(“Көңілдің күйі тағы да”)

Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса…

Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы…

Ол – ақынның білімсіз бишарасы.

(“Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы”)

Абай шығармашылық өнерінде, мәслихаттарда сөздің майын тамызады, билік-кесім сөздерінде, сөздің баукесерін (тоқетері, түйіні, иіні, қорытындысы) айтады. Сөздің парқын айырып, ойын түйіп жеткізеді, сөз жарыстыру, ой салыстыру үдерісінде оқыс түйін жасайды, тапқырлық танытады, сөздің тігісін жатқызады. Сөзге батыр, іскер пақырларды, сөз бермей жалғыз шапқан мыжымаларды, сөзге қонақ бермейтіндерді сегіз қырлы семсер тілімен сеспей қатырады.

Абайдың сөзі – мың сырлы, мың қырлы мағыналық реңктерге, ой суреттеріне бай.

Кім біледі, кез болса, арттағылар

Ойға салып оқыр да, сөзін сынар.

Көзін салып, ойланып кейбір сөзін

“Рас-ау” деп мағынасын ол-дағы ұғар.

“Альбомға” (М.Ю.Лермонтовтан)

“Рас сөздің кім білер қасиетін?”

(“Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек”)

“Сөз ұғарлық”, “Сөз мәнісін білерлік” жан бар болса деп армандайды.

“Білімдіден шыққан сөз” дейтін өлеңінде “көкірек сөзі”, “жүрегі айна”, жан дүниенің “нұрын, сырын көруге” қабілеті болады дейді. “Білімдіден аяман сөздің майын” дегені “Көкірегінде оты бар ойлы адамға” арналғаны айтылған.

(“Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа”)

Қуаты оттай бұрқырап,

Уәзінге өлшеп тізілген.

Жаңбырлы жайдай сырқырап,

Көк бұлттан үзілген.

Қайран тіл, қайран сөз.

“Жалын мен оттан жаралып” (1903) өлеңінде “Қуаты күшті нұрлы сөз” дейтін суреткерліктен туған сипаттамадан кейін, дереу:

Жалын мен оттан жаралған,

Сөзді ұғатын қайсың бар? –

деп, әрі лепті, әрі тілекті, әрі “билік райлы”, әрі сауалы зілді сұрақ қоя сөйлейді.

Немесе: “Сегіз аяқ” дейтін ғасырлық ойға, ғибратқа толы шиыршық атқан толғауында:

Сыбыр боп сөзі,

Мәз болып өзі,

Ойланар елдің сиқы жоқ.

Я болмаса:

Аулаққа шықпай,

Сыбырлап бұқпай

Мейірленбес еш сөзге –

деп, “бойда – қайрат, ойда – көз” жоқ көзқамандарға күйінеді.

Абайдың “Адамның кейбір кездері” (1896) атты сөгіс толғауында: Мысал:

Джон Кеннеди екінші дүниежүзілік соғыс тұсындағы Уинстон Черчиллдің орасан еңбегіне былайша баға бергенді: “Он мобилизовал английский язык и его бросил в бой!”.

Дәл осылайша ұлт жауынгерлері екінші дүниежүзілік соғыста Абайдың асыл сөздерімен рухтанған, ой-пікірлерін тұздықтап, пайдаланған, шейіттердің асқақ тұлғасына белгі ретінде жазған, сөйтіп, олар жан жарасын емдеген, көңілдерін көтермелеген.

Кемеңгер М.О.Әуезов Абай айтқыштығының түп-тамырын, ұлы мектебін, нағашы жұртының ұлы дәстүрін былайша айтады:

“Абайдың өз шешесі Ұлжан Қаракесек руы ішінде Бертіс бидің тұқымы болады. Ұлжанның әкесі Тұрланмен бірге туысқан Қонтай, Тонтай қалжыңмен шыққан белгілі мысқылшыл, тапқыш, күлдіргілер болған. Бұл әдет – Бертіс Шаншар руына түгел жайылған мінез. Осы күнге дейін ел Шаншардың қулары дегенде: кісіні жазым қылып кететін ит-құстың жайын айтқандай сөйлейді. Әлі күнге Қояндыда, үлкен жәрмеңке, қалың жиындарда, бір жерге тобымен жиылып, күліп сөйлеп келе жатқан Шаншарды көрсе, көп елдің кісілері: “Ойбай, Шан-шар келе жатыр!” деп өрттен қашқандай дүркірей қашады деседі. Бұл әдет – Шаншардың мысқыл-мазаққа ұста болып, тауып айтқыш өткір тілдігінен туған нәрсе. Қандай жанның болса да, мінін таппай қоймайды: мінін тауып алса, түндігін ұшырғандай қылып айтады. Сөз шабуылынан кімнің болса да, есін шығарып, есеңгіретіп кетеді”.

М.О.Әуезовтің “Абайдың өмір-баяны” дейтін деректемелік-танымдық зерттеуінде ойшыл-хакім 1889-1890 жылдарда тәлімгерлікпен, “көркемдік тәрбиемен”, әңгімешілдік өнермен айрықша шұғылданады. Абайдың даналық мектебін айтқанда, “осындайлық жаңа, соны әңгімелердің ішінде өз уақытында жаңа болған “Мың бір түн”, “Шаһнама”, “Бақтыжар”, “Ләйлі-Мәжнүн”, “Көроғлы Сұлтан” сияқтылардан басқа, орыс пен Еуропаның да талай романдары болды. Абайдың айтқанынан тараған А.Дюманың “Үш мушкетері”, “Он жылдан соңғысы”, “Король қатын Маргосы”, Лесаж-дың “Ақсақ французы” (“Хромой бес”), Пушкин, Лермонтов әңгіме-лері және Батыс Еуропада орта ғасырда инквизиция сотының заманын суреттейтін “Қызыл сақал” деген роман, онан соң Америка, Африка жабайылары ортасында күн кешкен “жәһәнкезгендер” жайындағы романдар да көп айтылатын болған. Бұл мәліметтер Абайдың әдеби білімі мен оның таңғажайып тағылымды дәрістерін тыңдаған қауымның мәдени, тарихи, рухани ой-өрістерін толық айқындайды. Және “қалың елі, қазағына” сіңірген тарихи қызметін де дәлелдейді. Соның бір керемет айғағы ретінде құйма құлақ шәкірті ертекші Баймағамбет Мырзаханұлына тұтқиылдан айтқан ертегісін тыңдайық:

Бір күні Баймағамбет:

– Абай аға, сіз маған араб, парсы, орыс, түрік халықтарының талай ертегілерін айтып беріп, жаттаттыңыз. Енді, анық қазақ халқының өз тұрмысынан алып, жаңа, өзіңіздің жаныңыздан шығарып, бір жақсы ертек айтып беріңізші? – деп қалыпты.

Серік Негимов,

Филология ғылымдарының докторы, профессор.

(Жалғасы бар.)

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp