«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК — ЖАНҒА САЯ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Орман шаруашылығы қызметкерлері күніне орай Петропавлдағы Спорт сарайында сала мамандары арасында өткізілген спартакиаданың жеңімпаздары марапатталды. Спорттық жарысқа өңіріміздегі ұйымдардан 12 команда қатысқан болатын.

Салтанатты шара барысында орман шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан оның бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов құттықтады.

– Биыл еліміз ұлық мереке – Тәуелсіздіктің отыз жылдығын атап өтеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған маңызды міндеттерінің бірі – қалалар мен ауыл-аймақтарды жасыл желекке айналдыру. Алдағы бес жыл ішінде республика бойынша кемінде 2 миллиард ағаш отырғызу жоспарлануда. Облысымызда 20 мың гектар алқапқа 100 миллион ағаш отырғызып, оны баптап өсіру қажет. Бұл – күрделі жұмыс. Осы ретте сала мамандарына ерекше жауапкершілік жүктеліп отыр. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов орман шаруашылығын дамытуға тұрақты қолдау көрсетіп келеді, – деді Марат Иманбайұлы. 

Спорттық жарыстың қорытындысы бойынша облыстық табиғи ресурстар және табиғатты  пайдалануды реттеу басқармасы жеңімпаз деп танылды. Екінші орынды “Преснов орман шаруашылығы” мекемесі иеленді. “Қызылжар орман шаруашылығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесі үшінші орынға тұрақтады.

– Мен бұл салада 2000-шы жылдан бастап қызмет етіп келемін. Таза ауада жүруді, әсем табиғатты тамашалауды бала күнімнен жақсы көретінмін. Бұл менің сүйікті жұмысыма айналды. Жер-ананы аялау – барша адамзатқа ортақ міндет. Тұрғындар далаға қоқыс тастамаса, орманды жерлерді ластамаса экология да жақсара түседі, – дейді “Қызылжар орман шаруашылығы” мекемесінің орманшысы Геннадий Бегишев.

Спартакиада спорттың шахмат, үстел теннисі және волейбол сынды үш түрінен өтті. Шахмат ойынында бірінші орынды Сергей Вятчанинов, үстел теннисі бойынша ерлер арасында Бейбіт Исманов, әйелдер арасында Әсемгүл Сәрсенова жеңімпаз атанды. Ал волейболдан өткен сында облыстық табиғи ресурстар және  табиғатты пайдалануды реттеу басқармасынан құралған топтың бағы жанды. Аталмыш басқарманың бөлім басшысы Василий Лобанчуктың айтуынша, аудандардағы сала қызметкерлері жарысқа белсенді қатысқан.

–  Негізінен жаз, көктем және күз мезгілдерінде орман өрттері жиі орын алады. Біз олармен күресіп, жасыл желекті күзетеміз. Оны шабуға жол бермейміз, – деді “Аққайың орман шаруашылығы” КММ-нің орманшысы Жасұлан Жұмбаев.

Орман шаруашылығы қызметкерлері арасындағы облыстық спартакиада биыл алғаш рет ұйымдастырылды. Енді мұндай сайысты өткізу жыл сайынғы дәстүрге айналмақ.

Шара соңында Ақан сері атындағы облыстық филармонияның “Меломикс”, “Әдемі-ау” топтары және “Қызылжар” халық аспаптар ансамбльдері ән мен биден шашу шашты.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

СУРЕТТЕРДЕ: марапаттау және спартакиада сәтінен көріністер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp