«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТӘУЕЛСІЗДІК – ҚАСТЕРЛІ ҚҰНДЫЛЫҚ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мәңгілік ұран

Найзағайдай жарқылдаған кенеттен,

Шүйіліп кеп жауын мұңға кенелткен.

Бөрі – қайрат атой салып жүректе,

Жауын қуып, жаһаннамға жөнелткен.

Бабалар-ай, епті, мықты білекті,

Мына жалған ұраныңнан дір етті.

“Абылайлап” ұрандаған Мансұр да,

Жауға шапқан ол да болып жүректі.

 

Тамырында қасқыр қаны қайнаған,

Намысындай найзаларын қайраған.

Елін қорғап Кенесары қамығып,

Сатқындардың семсерінен жайраған.

 

Желтоқсанда қаһарланып жас бала,

Ұлтарақтай жерін бермей басқаға.

Қыршын кетіп, шейіт болған ерлердің,

Қаныменен жаралған бұл – астана.

 

Еркіндіктің таңы атты арайлы,

Тәңір бізге оң көзімен қарайды.

Ғасырлардың шыдап келген сынына,

Бабалар-ай, мойындатқан талайды.

Қара жерді қақ айырған ұраны,

Ұлан-ғайыр мына атырап тұрағы.

Алты кұрлық, төрт мұхитты теңселтіп,

Алты Алаштың үні жетіп тұрады.

Мәңгілік елімнің –

мәңгілік ұраны,

Мәңгілік санада –

жаңғырып тұрады.

Абылайхан ӘШІМХАН,

М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дің

 4 курс студенті.

 

Теңдессіз бақ

Тәуелсіздіктің таңында мынау тербелген,

Бақыт пен шаттық еліме құтты төр берген.

Бұл күнім үшін қаншама бабам жан қиды,

Бейбітшілігім кетпесе екен енді елден.

Азатсың жұртым,

Қазақтың билік қолында,

Тартынба енді,

Артыңда қалды сорың да.

Батырлар, xандар, қайсар бір жандар   өтті ғой,

Тірлігің үшін құрбан боп бірлік жолында.

Тербеген текті,

Жерменен көкті ән қылып,

Азаттығыммен арайлап атты таң күліп.

Ұлтым деп тулап, бұлқынып жүрек соғуда,

Өшкенің өніп, руxың жатыр жаңғырып.

Далам мен қалам түрленген мынау сәні мың,

Дүркіреп дәстүр, тірілді қайта сан ұғым,

Тұғырлы елге тәңірім өзі сыйлаған,

Тәуелсіздігім – теңдесіз бақ деп таныдым.

Байлығым да сен баршаның құны жетпейтін,

Мақтанышымсың дұшпандар мазақ етпейтін.

Мәңгілік менің маxаббатым да өзіңсің,

Өшпейсің әсте, жүрек түбінен кетпейсің.

Көгіңде самғап бейбітшіліктің қыраны,

Күлімдеп күнің, нұрын да төгіп тұрады.

Қастерлеп xалқың, сана мен салтын сақтаған,

Көзіндей көріп бабадан жеткен мұраны.

Көк туың мәңгі желбіреп биік аспанда,

Тариxың кемел айналар мөлдір дастанға.

Бұзылмас антың, асқақтап даңқың – Өр Елім,

Болашағыңа самғай бер түзу, жасқанба!

Жарқанат ҚИНАУХАН,

М. Қозыбаев атындағы

СҚУ-дің студенті.

 

Тарту

Орындалғандай көптен дегенің,

Өзгеге бодан боп келген едің.

Егіліп тұрып қуанған елім,

Егемендікке жеткенде қолым.

 Шекара бекіп жұмыр жеріме,

Азат ел болдық бүгін де міне.

Тәуелсіздікке жетті қазағым,

Биік көтеріп туын көгіне.

Тәуелсіздігім – бастағы бағым,

Тарихымыздың астары қалың.

Елбасымыз да бастады көшті,

Шығарып елдің аспанына күн.

Барын көрсетіп баста беделдің,

Арқауы болған асқақ өлеңнің.

Таң қылып көпті келбетіменен,

Жүрегі болды астанам елдің.

Аңсап бұл күнді асыл бабам да,

Жылжыды қанша ғасырлар алға.

Ал бүгін бізді мойындап әлем,

Танылып жатыр атың ғаламға.

Бөрілі менің байрақ – тұғырым,

Жайнап заманым, ойнап құлыным.

Еуразияның жүрегіндегі,

Арыстан болдық айбатты бүгін.

Қазақтығы да ойнап қанымның,

Тәуелсіздікті тойлап та жүрмін.

Арманы міне орындалады ғой,

Ербол мен Ләззат, Қайраттарымның.

Елім қуанып жаңа заманға,

Шықпасын енді қазақ алаңға.

Құламай мәңгі желбіреп туың,

Құлагердейін оза бер алға.

 

Желтоқсан ызғары

Аққан қан қолдан қызара қатып,

Көшесін жастар жүз аралатып.

Алаңға бір сәт келеді кұйын,

Ызғарлы күні ызаға батып.

Елдіктің күнін құп алып таңмен,

Мақтанар ұрпақ шын алыптармен.

Азаттық дейтін мәуелі ағашты,

Кетті ғой Ербол суарып қанмен.

Тарихтың тартып түкпірін алға,

Алаштың туын тікті мұнарға.

Басына Ләззат, Сәбиралардың

Оқылмады ғой тіпті Құран да.

Уа, азаттығым, шын бекідің бе,

Тәуелсіздіктің міндеті кімде?

Арайлы таңның атуын күттік,

Ажалдың тұрып қыл көпірінде.

Бастырмай ызғар адымын жылы,

Елемей ешкім  бәрібір мұны.

Әне, қарашы, бір қызы  жылап,

Солып барады тағы бір гүлі.

Тәуелсіздігім – шын  ұғар мұра,

Өткеннің өтіп сынынан мына.

“Күшің жетсе егер” деп Қайрат келіп,

“Атыңдар” деді тұрып алдына.

Қайраттар қайрап  қайрақтай жанын,

Елдік дегенде ойнақтай қаным.

Біртұтас ел боп біздер бүгінде,

Басына шыңның байлап байрағын.

Ұлы халықтың ұлы құндағы,

Тек кімдер келіп сыр ұғынбады.

Қыран қазағым мәңгі жасасын,

Тәуелсіздіктің  тұғырындағы.

 Диас АЯҒАН,

М. Қозыбаев атындағы

СҚУ-дің студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp