Өзгелерді ажалдан арашалап қалу үшін өз өмірлерін қатерге тігетін құтқарушылардың әрбірі құрметке лайық. Олар тәуліктің кез келген уақытында, аптап ыстық пен қақаған аязда отқа да, суға да түседі. Құтқарушылардың кәсіби мерекесі қарсаңында Петропавлдағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру көліктерін жүргізуден аға нұсқаушы Мұрат Жүнісовпен сұхбаттасқан едік.
– Адамның таңдаған мамандығы оның тағдырына тікелей әсер ететініне ешкімнің таласы бола қоймас. Екінің бірі өртсөндіруші бола алмайды. Сіз бұл салаға қалай келдіңіз?
– Шынымды айтсам, өртсөндіруші боламын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Бұл қызметке 2004 жылы орналастым, бірден кірісіп кеттім, көңілімнен шықты. Қазір өзімді басқа қызметте елестете алмаймын. Құтқарушы болу батылдықты, жылдам әрекет етуді, үлкен жауапкершілікті, төзімділікті, физикалық тұрғыдан жақсы дайындықты қажет етеді. Үнемі қауіп пен қатердің ортасында жанымызды шүберекке түйіп жүреміз. Алайда құтқарушы болғаныма ешуақытта өкінген емеспін. Адамдарға көмектесу, оларды құтқару керемет емес пе?! Атқарған жұмысың үшін елдің ыстық ықыласына бөленіп, алғыс алып жатсаң оның өзі бір бақыт.
– Ең бірінші шақыртуға барғаныңыз есіңізде ме? Сол туралы айтып берсеңіз?
– Петропавлдың шеткері жағындағы жеке секторда тұрғын үй өртенді. Мен ЗИЛ автокөлігін жүргізетінмін. Екінші кезекпен бардық. Алғаш рет өрт болып жатқан жерге келіп, әріптестерімнің қызыл жалынмен арпаласу сәтін көріп, оларға деген құрметім еселенді. Сол кезде еңбек еткен жігіттер маған көп көмектесті, қай жерде қандай қимыл жасау керек екенін нұсқап, көрсетіп отырды.
Биыл осы салада еңбек етіп жүргеніме 17 жыл болады. Әр шақыртуға шыққан сайын қауіптенесің, өйткені өрт – тілсіз жау, түрлі жағдай болуы мүмкін. “Бұл сәт менің жалғандағы соңғы минутым шығар” деп қатты қорыққан кездерім де кездесті. Бір жолы жабық тұрған гаражда автобус өртенді. Нысанның іші көк түтін болды. Өртсөндіруші жігіттер қорғаныш аппаратын киеді, ал мен жүргізушімін. Сол жолы түтінге тұншығып, қатты қиналдым. Тағы бірде үй өртенді. Жүргізушілердің функционалдық міндеті – машинаны басқа көліктерге кедергі жасамайтындай дұрыс қою. Барған кезде жел қай жақтан соғып тұр, соның бәрін ескеруіміз керек. Өртті сөндіру барысында желдің бағыты күрт өзгеріп, жалын мен түтін менің машинама қарай ауысты. Сонда қатты қорыққаным есімде. Қазір бәріне үйрендік. Опық жемеу үшін әр қадамды абайлап басу қажет. Әрекет етпес бұрын бүкіл тәуекелді жедел түрде ой елегінен өткізесің.
– Өмірде түрлі оқыс оқиғалар орын алып жатады ғой. Сондай сәттерде сіздердің жұмыстарыңызға не қиындық тудырады?
– Бензин, газ сияқты жарылғыш заттары бар нысандарды сөндіру қиын. Ол міндетті түрде газ баллоны болмауы да мүмкін, мәселен тұрғын үйлерде түрлі аэрозольдар, қатты қызғаннан жарылып, қауіп тудырады. Көп қабатты тұрғын үйде өрт шықса, оған жылдам жету қиямет-қайым. Көшелерде кей жүргізушілер жол бермесе, аулада тұрғындардың көліктерін қойып тастағаннан өрт шыққан жерге жете алмай қиналамыз. Біздің жұмыста минут емес, әр секунд қымбат. Қазір мен сатысы бар көлікпен жүремін. Жоғары қабаттағы адамдарды құтқару үшін кейде машинаны қою мүмкін болмай жатады. Мұндайда көмекке полицейлер келеді.
Кейде кезекшілікте 4-5 өртті сөндіруге шығатын кездеріміз болады. Қауіпті өрт оқиғалары тіркелгенде үйде демалып жатқан қызметкерлердің барлығы шақырылады. Өрт көп жағдайда отты абайсыз қолданудан, техника қауіпсіздігін сақтамаудан шығады. Біздің ең басты міндетіміз өрттің алдын алу, онымен күресте тәжірибемізді шыңдау.
– Зейнет демалысына шыққан өртсөндірушіге өрт сөндіру көлігінен су құятынын білеміз. Өртсөндірушілердің өз арасында тағы қандай салт-жоралары бар?
– Иә, зейнет демалысына шыққан өртсөндірушінің үстіне салтанатты түрде өрт сөндіру көлігінен су құяды. Сондай-ақ машиналардың дабылқаққышын қосып құрметпен шығарып саламыз. Ал жаңа келген жас маманды үстіне оқыстан шелекпен немесе көліктен суық су құйып ұжымға қабылдаймыз. Осылайша оның үнемі қауіпті жағдайда, кейде үсті малмандай су болып жұмыс істейтінін білдіреміз. Негізі өртсөндірушілер арасында жоралар көп. Мәселен, өрт сөндіру көлігіне әйел адамды отырғызбайды. Кезекшілікке жаңа киім киіп немесе таза аяқ киіммен түсуге болмайды. Сол күні көп өрт болады деген сенім бар. Өрт сөндіріп келгеннен кейін бірден басты жууға болмайды. Сол сияқты кезекшілікте өрт сөндіру көлігін, касканы жумауға, жарқылдауықты сүртпеуге тырысамыз.
– Отбасыңыз жайында айтып берсеңіз. Әке жолын таңдаған балаларыңыз бар шығар?
– Зайыбымның негізгі мамандығы – мұғалім, бүгінде қызмет көрсету саласында еңбек етеді. Ұлым, қызым бар. Олардың екеуі де менің жолымды қуған жоқ. Қызым аграрлық саланы таңдады, ұлым университетте оқып жатыр.
– Әңгімеңізге рақмет!
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.