«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕРІСКЕЙДІ ТАҢДАУШЫЛАР КӨП

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?” демекші, халықтың әбден бауыр басып қалған тұрғылықты мекенінен басқа жерлерге қоныс аударуына түрлі жағдай-ар түрткі болып жатады. Бүгінгі күні экономикалық ахуал мемлекеттік, басқа да құрылымдардың қатысуымен жүзеге аса-тын көші-қон үдерісінің басты себебіне айналып отыр. Адамдардың өзге өңірлерге түпкілікті ауысуы сол аймақтың демографиялық-әлеуметтік деңгейіне, тұрмыс және өмір сүру сапасына ықпал етері анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” атты халыққа арнаған Жолдауында Қазақстан еңбек мигранттарын қабылдау жағынан ТМД елдері ішінде екінші орында екенін айта келіп, бұл саладағы проблемаларды дұрыс шешу үшін Үкіметке көші-қон саясатының жаңа платформасын әзірлеуді, сондай-ақ оңтүстіктен солтүстікке көшіп жатқан азаматтарға жәрдемақы бөлудің қолданыстағы тәсілдерін қайта қарауды жүктеді. Соңғы тапсырма айрықша маңыз-ды. Оны әкімдіктер арқылы ғана емес,  оңтүстік өңірлерден адамдарды өз бетімен жалдайтын жұмыс берушілердің шығынын өтеу арқылы да іске асыруға болады.

Көші-қон саясатының тұжырымдамасы 2017 жылы қабылданғаны белгілі. Осы уа-қыт аралығында “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы бойынша Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарынан және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан өңірімізге 9 мыңға жуық адам, яғни 2608 отбасы көшіп келіп, 3504 адам тұрақты жұмыспен қамтылды, жеке кәсіпкерлікке 664 адам тартылды. Биыл 563 отбасы (2150 адам) қоныстанды. Бұлардың бәрі қабылдау квотасына енгізілді. Еңбекке қабілетті 931 адамның 374-і тұрақты, ал 122-і өз таңдау еріктерімен жұмысқа орналасты. Оларға көшу шығыны ретінде біржолғы қаржылық көмек көрсетілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен оның мөлшері биыл 35 айлық есептік көрсеткіштен  жетпіске дейін көбейтілді. Бұл – 205 мың теңгеге жуық. Сонымен бірге бір жыл бойы үй жалдау субсидиясы мен коммуналдық қызмет ақысы өтеледі. Осындай материалдық қолдаулардан бөлек, қажет болған жағдайларда қысқамерзімді курстарға техникалық және кәсіптік білім алуға жіберіледі. Өз ісін бастаушыларға қайтарымсыз грант беріледі. 20 жылға жалға берілетін баспана ұсынылады. Ай сайынғы төлем шамамен 10 мың теңгені құрайды. 5 жылдан кейін “қалдық” бағасы бойынша үйді сатып алуға болады.

Қызылжар өңірі білікті мамандарға зәру. Дәрігер, мұғалім, мал дәрігері, агроном, зоотехник, техникалық мамандар жетіс-пейді. Бүгінде 1500-ден астам бос жұмыс орны бар.  Басты мақсат – халқы тығыз орналасқан өңірлерден жұмыс күшін, еңбекке қабілетті адамдарды көптеп тарту. Пандемия да еңбек нарығына, көші-қон қозғалысына айтарлықтай әсер етіп, кәсіптің жаңа түрлері пайда бола бастады. Үдерістердің көпшілігі автоматтандырылып, цифрландырылып жатқан кезде жаңалықтарды меңгеру, тез арада машықтану әркімнің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етері анық. Осыған орай “Кәсіби біліктіліктер туралы” Заң қабылданса, көшіп келушілер де өздерінің қарым-қабілетін жетілдіруге ынталанар еді. Өйткені ел ішіндегі еңбек күшінің ұтқырлығы санмен емес, сапамен өлшенетіні, тың ұстанымдар қажеттігі – уақыт талабы. Соңғы кездері өз күштерімен, ынта-жігерімен бизнесте бағын сынап көргісі келетіндердің саны артып келеді. Алдағы уақытта мұндай санаттағыларға ауыл шаруашылығымен алаңсыз айналысу мақсатымен жер телімдерін беру мүмкіндіктері, мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігі қарастырылады. Жасыратыны жоқ, әлеуметтік бағ-дарламаларды жеке мүддесіне пайдалануды көздейтіндер арагідік болса да ұшырасып қалады. 2017-2021 жылдар аралығында 140 отбасы келген жақтарына қайта оралды. Олардың кетулерінің негізгі себептері: отбасылық жағдай, ауа райына, уақытша қиындықтарға шыдамауы, тағысын тағылар. Жұмыс күші артық өңірлерден келген отбасылар жергілікті квотаға енгізілген соң ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу бойынша мемлекеттік қолдау туралы үшжақты әлеуметтік келісімшарт жасалады. Ол құжатта тараптардың құқықтары мен міндеттері белгіленеді. Әлеуметтік келісімшарт мерзімі бір жыл болса, қазір 5 жылға дейін ұзартылды. Осы уақыт ішінде міндеттерді толық немесе ішінара орындамаса, жауапкершілікке тарту жайы қарастырылады. Ондай жағдай орын алса, мемлекеттен берілген субсидияны қайтаруы тиіс. Ерікті түрде орындаудан бас тартса, сот тәртібімен өндіріледі. Сондықтан ақыры бел шешіп тұруға келген екен, табиғаты әсем, ауасы таза өңірде экономикалық белсенді халықтың санын арттырып, мамандарға сұранысты өтеуге лайықты үлестерін қосса, бәріміз үшін пайдалы іс болар еді.

Президент биыл “Еңбек” бағдарламасы мерзімінің аяқталуына байланысты әрі көші-қон саласында қалыптасқан сын-тегеуріндерді ескере отырып, Үкіметке жаңа тұжырымдама дайындауды міндеттеді. Коронавирус салдарынан шекаралар жабылып, ішкі көші-қонға шектеу қойылып, еңбек нарығында өзекті мәселелер пайда болды. Осы себепті қабылданатын тұжы-рымдамада азаматтардың оңтүстіктен солтүстікке көшуіне ерекше назар аударылып, демографиялық теңгерімсіздік түйткілдері шешімін табады. Сырттан қоныстанушылардың есебінен көші-қонның оң сальдосын қалыптастыру басты бағдар болып қала береді.  Көші-қон саясатының тұжырымдамасын 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін қабылдау белгіленген. Алдымен нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізіліп, оның аясында қоныс аударатын азаматтарға көмек көрсетудің форматы қайта жасақталады. Президент айтқандай, көшіп келушілерге көрсетілетін көмекті жұмыс берушілер арқылы да іске асыру міндеттері тұр. Бұдан былай оңтүстіктен солтүстікке отбасыларды көшіріп әкелген жұмыс берушілерге көп көңіл бөлінеді. Егер жұмыс беруші қоныстанушыға қызметтік баспана, жатақхана ұсынса, бір жылдық баспана жалдау субсидиясы мен коммуналдық шығын төлемі соған беріледі. “Еnbek.kz” порталының ақпараттық қызмет көрсету әлеуеті кеңейтіледі. Онда отбасыларды қоныстандыру мәселелеріне арналған арнайы бөлімдер құрылады. Көшіп келуге ниетті адамдар осы сайт арқылы қай салада жұмыс іздейтіні туралы хабарлама қалдыра алады. Жұмыс беруші соның негізінде өзіне қажет мамандықты таңдауға құқылы. Тұжырымдама аясында солтүстік өңірлерге көшу жөніндегі шаралардың тиімділігіне үлкен көңіл бөлінеді. Қайта форматталған бағдарлама аясында 2022 жылдан бастап ішкі көш қайта жанданады деген сенім мол.

Басқарма тарапынан қолға алынып, атқарылып жатқан нақты іс-шаралардың басты мақсаты – солтүстік өңірлердің жұмыс берушілерін еңбек ресурстарымен, сұранысқа ие кадрлармен қамтамасыз ету. Фельдшерлер, дәрігерлер, мұғалімдер, механизаторлар негізінен елді мекендерге орналастырылады. Кәсіпкерлік қызметпен айналысқысы, егіншілікті, мал шаруашылығын дамытқысы келетіндерге барлық жағдай жасалады. Қызмет көрсету саласын кеңейту – алдағы жоспарлардың бірі. Облыста тұрғын үй, жұмыс ұсыну жағы жолға қойылған. Осы себепті теріскейді таңдаушылар көп.

Алма МАХМЕТОВА,

облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім жетекшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp