«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ауылды дамытуға басымдық берілуде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай және «Ауыл – ел бесігі» жобасының іске асырылу барысы қаралды. «Ауыл – ел бесігі» жобасына 106 млрд. теңге бөлінді.

Үкімет отырысында «Ауыл – ел бесігі» жобасының іске асырылу барысы қаралды. Бұл мəселе жөнінде Ұлттық экономика министрі Əсет Ерғалиев, Павлодар облысының əкімі Əбілқайыр Сқақов, Қостанай облысының əкімі Архимед Мұхамбетов, Алматы облысының əкімі Амандық Баталов баяндама жасады.

Ұлттық экономика министрі Əсет Ерғалиев елімізде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмасына сəйкес 2019 жылдан бастап «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылып жатқанын айтты. «Алға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін əлеуметтік жəне инженерлік инфрақұрылымды дамыту, ауыл тұрғындары үшін əлеуметтік жəне мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ өмір сүруге жайлы орта құру бойынша шаралар іске асырылуда. Жобаның шеңберінде 3,5 мыңнан астам перспективалы ауыл айқындалды, онда еліміздегі ауыл халқының 90 пайызға жуығы тұрады. Атап айтсақ, 1173 тірек жəне 2388 серіктес ауыл іріктелді», – деді Əсет Ерғалиев.

Тірек ауыл – көлік байланысы бар жəне оның ішінде спутниктік ауылдардың тұрғындары үшін де (10-15 км. радиустағы ауылдар) əлеуметтік игіліктер мен қызметтер көрсететін, дамыған инфрақұрылымы бар абаттандырылған елді мекен. Перспективалы ауылдарды іріктеу кезінде 156 өлшем негізінде статистикалық талдау жүргізілді. Бұл ретте, ортақ пайдаланылатын инфрақұрылымды орналастыру мүмкіндіктері, экономикалық параметрлер, сондай-ақ геостратегиялық жағдай – ірі қалаларға, өзендерге, темір жолдар мен автомагистральдарға дейінгі қашықтық ескерілді. Жобаны іске асыру мақсатында ауылдардың əлеуетін анықтау əдістемесі өзектендірілді. Жаңа əдістемеге сəйкес ауылдар əлеуетті демография, инфрақұрылым, экономика жəне геокеңістіктік жағдай секілді 4 блок бойынша анықталды.

Əдістемені əзірлеу кезінде халықаралық тəжірибелер зерделеніп, өңірлер арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықтары бар елдер, атап айтқанда, Канада тəжірибесі ескерілді. «Ауылдық елді мекендерді дамыту үшін инфрақұрылымға инвестиция салу, шағын жəне орта бизнесті қолдау, агроөнеркəсіптік кешенді дамыту, сондай-ақ тұрғын үй салу мен жаңарту бойынша шаралар қабылданды. Канадада бұл шаралардың тиімділігін арттыру үшін кластерлік тəсіл қолданылды, онда жақын орналасқан ауылдар бірыңғай экономикалық жүйе ретінде қаралады», – деді Ұлттық экономика министрі. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында 5,2 мың км. инженерлік желілерді жаңғырту бойынша 1225 жоба іске асырылды. Əлеуметтік инфрақұрылымды дамыту саласында 2218 жоба жүзеге асты. 1213 мектеп пен балабақша, 234 фельдшерлік пункт, амбулаториялар мен емханалар, 596 клуб пен Мəдениет үйлері жəне кітапханалар, 175 дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мен спорт залдары салынды жəне жөнделді. Көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша 8580 жобаны іске асыру нəтижесінде 9 мың км. кент ішіндегі жолдар жаңғыртылды. Биыл іске асырылып жатқан бағдарламалар шеңберінде 566 млрд. теңге сомасына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, əлеуметтік жəне көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 6,5 мың жоба іске асырылуда.

Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 480 ауылды дамытуға 106 млрд. теңге бөлінді. Биылдың 1 қазанына қаржыландыру жоспарына сəйкес өңірлерге 50,6 млрд. теңге аударылды, соның ішінде игерілгені 48,4 млрд. теңге немесе 96 пайыз. Бүгінде кейбір өңірде аяқталған жобалардың үлгілері бар. Мəселен, Қостанай облысының Ұзынкөл ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Павлодар облысының Қызылжар ауылында ауысымына 100 келушіге арналған дəрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Қызылорда облысында Жалағаш ауылындағы жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жамбыл облысында Айша-бибі ауылындағы мектептің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.

Қазіргі таңда өңірлерде 400-ден астам жоба аяқталды, қалған жобалар жылдың соңына дейін аяқталады. Жалпы, 2019-2021 жылдары мемлекеттік бағдарламалар бойынша жəне жеке инвестициялар есебінен ауылдық аумақтарды дамытуға 1,2 трлн. теңге бағытталды. Келесі 4 жыл ішінде 1,3 трлн. теңге бөлінеді, оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» шеңберінде – 670 млрд. теңге, – деді Ұлттық экономика министрі. 2025 жылға дейін даму əлеуеті бар 3,5 мың ауыл қамтылып, онда ауыл тұрғындарының 90 пайыздан астамы тұратын болады. Жалпы, ауылдық жерлерді дамыту жөніндегі кешенді тəсіл 2025 жылы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен əл-ауқатын едəуір арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша ауыл халқын сумен жабдықтау қызметтерімен 100 пайыз қамтамасыз етуге қол жеткізіледі. Жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділік барлық ауыл тұрғындары үшін қамтамасыз етіледі. Ауылдық жерлерде 24 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Жергілікті маңызы бар жолдардың 95 пайызы жақсы жағдайда болады. 12 мың шақырым инженерлік желілер салынады жəне жаңғыртылады. 10 мың шақырым кент ішіндегі жолдар қайта салынады жəне жөндеумен қамтылады.

Білім берудің сапасы мен қолжетімдігін арттыру шеңберінде ауылдық жерлерде 5 мың мектепті жаңғырту жəне 315 жаңа мектеп салу жоспарлануда. Мектепке дейінгі тəрбиемен жəне оқытумен 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 100 пайызы қамтылады. 1095 нысанды салу жəне жаңғырту ауылдық жерлерде денсаулық сақтау жүйесі қызметтерінің сапасы мен қолжетімдігін арттыруға мүмкіндік береді. Ауылда спортпен айналысу жəне шығармашылықты дамыту үшін жағдай жасау мақсатында 1719 спорт жəне 1,5 мың мəдениет нысаны салынып, жаңғыртылады. Агроөнеркəсіптік кешен саласында 4,5 трлн. теңге сомасына 934 инвестициялық жоба іске асырылады. 600 мың гектар жаңа суармалы жерлерді айналымға тарту 70 мың отбасылық шаруашылық құруға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 2,5 есе артады. Қайта өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға дейін жеткізе отырып, АӨК өнімдерінің экспорты 2 есеге артады. 7 ірі жүйенің экожүйесін қалыптастыру есебінен 1 млн. ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыру қамтамасыз етіледі. 500 мың жұмыс орны құрылады.

Мəселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин 2019 жылы басталған «Ауыл – ел бесігі» жобасының негізгі мақсаты – ауылдағы өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын жаңғырту, оларды жаңа өңірлік стандарттарға дейін жеткізу екенін еске салды. Жобаға 6,9 млн. адам немесе ауыл халқының 89 пайызы тұратын 3561 перспективалы ауыл іріктеліп алынды. 2019-2020 жылдары ТКШ, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, мəдениет жəне спорт салаларында «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде, сондай-ақ Жұмыспен қамтудың жол картасын, «Нұрлы жол» жəне «Нұрлы жер» бағдарламаларын ескере отырып, сомасы 618 млрд. теңге болатын 12 мың жоба іске асырылды. Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру шеңберінде Павлодар, Қостанай, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары көш бастап тұр. Алматы, Қызылорда жəне Атырау облыстары жобаларды іске асырудың төмен қарқынын көрсетіп отыр. Алдағы 5 жылда «Ауыл – ел бесігі» жобасын қаржыландыру көлемі 800 млрд. теңгеге дейін ұлғайды, ал барлық қаржы көздерін ескере отырып, ауылдарды жаңғыртуға 1,3 трлн. теңге жоспарланған. 2025 жылы ауылдық жерлерде сумен жабдықтау қызметтерімен 100 пайыз қамтамасыз етуге қол жеткізіледі, 10 мың км. кентішілік жолдардың жай-күйі жақсартылады, 12 мың км. инженерлік желілер, бірнеше мыңдаған əлеуметтік инфрақұрылым нысандары салынады жəне жөнделеді, 5 мың ауыл мектебі жаңғыртылады. АӨК саласында 4,5 трлн. теңге сомасына 1 мыңға жуық жоба іске асырылады. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 2,5 есе артады, қайта өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға дейін жеткізе отырып, АӨК өнімдерінің экспорты 2 есе артады. 1 млн. ауыл тұрғыны өз табысын арттырады, ауыл шаруашылығында 500 мың жұмыс орны құрылады. «Ауыл – ел бесігі» жобасының іс-шараларын іске асыру ауыл халқының өмір сүру сапасын едəуір жақсартады жəне ауылдарды дамытуға жаңа серпін береді, -деді А.Мамин.

Үкімет басшысы ауылдық аумақтарды дамытудың кешенді жəне бірыңғай тəсілін, 2025 жылға қарай нысаналы индикаторларға қол жеткізуді, сондай-ақ ауылдық жерлерде кредит қаражатына қажеттіліктің ұлғаюын ескере отырып, АӨК-ті тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

(«Egemen Qazaqstan»,

20 қазан 2021 жыл).

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp