«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Аһ, жүрек, не көрмеді тіршілікте?!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақын, журналист Болат Қожахметовті өңір жұртшылығы өрнекті мақалалары, әсерлі өлеңдері арқылы таниды. Қаламгер небір дарынды тұлғаларды құндақтаған Есіл ауданындағы Өрнек ауылының тумасы. Саналы ғұмырын облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінің дамуына, жас журналистерді тәрбиелеу жолына арнаған қаламгер қазанның 22 жұлдызында 75 жастың төріне көтерілгелі отыр. Ақынның осынау мерейтойы қарсаңында біз назарларыңызға Болат Қожахметовтің топтама өлеңдерін ұсынып отырмыз.  

АҚЫНЫҢДЫ АРДАҚТА

Ақынға ерен ел ғашық,

аспанда – Ай, жерде – көл ғашық.

Саяқта жүрсе, сырлас боп,

Сыбырласатұғын жел ғашық.

«Пегасы тұрған тарп ұрып,

поэзия емес, төл кәсіп».

Сөз қыла берсін, е, мейлі,

сіңіп қалса егер бұл машық.

Дарытқан дарын Тәңірім,

дара туғанға бер нәсіп!

Өлеңнен өзге жоқ жолдас,

өтті талай ол белді асып.

Заманнан озып жүреді,

зарланады кеп шер басып.

Тілейтін үйде де, түзде де,

тыныштыққа әрбір пенде асық.

Шырқырап кейде шыбын жан,

шындыққа қанды шөл басып.

Диуана деп қалмаңыз,

дүрдиіп жүрсе дорба асып.

Боранда туған ақынға,

Болмайды ханның ордасы ық.

Өмірге өзек – әсемдік;

өлең құт және әнге асық.

Елжіреп тұрған пәк сезім –

мөлдіреп тұрған таңда шық…

Жазады жырын түнде көп,

жұлдызбен, Аймен мөр басып.

Бақастық бірақ қалған ба, –

Біреулер жатар жармасып.

Қор болған қайран уақыт-ай,

қасекі жанмен арбасып.

Қуанышы аздау жалған бұл,

қайғыра көрмес ол жасып,

Ожданы оның – әмірші:

«Батырдай болып алға шық!

Жағдайын жұрттың біл, – дейді. –

Жиһангез сынды жолға шық».

Онсыз да елін ойлайды-ау,

омырауын шып-шып тер басып.

Батырдан ада заманда

ақыннан асар болмас ұқ!

Қаруы елін қорғайтын –

қаламы қында қалмас, ұқ!

Жұлдызы қарсы жалғанға,

жатқанша көзін шел басып.

Зер салар заман сырына,

зілмауыр өлең-кенді ашып.

төгеді нұрын күндей боп,

төрт құбылаға тең шашып.

Сөзімді онда салмақта,

ақыныңды, ел, ардақта:

жүрген кезінде жер басып,

тұрған кезінде көр қашық!..

 

ОҢАША, ОЙ-ХОЙ ТАМАША!

Құшағын жырға кең аша,

қалса ғой, шіркін, оңаша!

қағазға қалам салса із,

қуанады кеп балаша!

Көк бөрілердей боранда,

көп ойлар оны қамаса;

дүние сыйып кететін

дәптері қалмас шаң баса.

Алмасаң айта анығын,

арадай халқың таласа;

орғыған атың тоқтамас,

оны да шақса сонаша;

түнеріп жүрер жауардай,

түсінбесе елі оны аса, –

биіктей түсер өр ақын,

болса да ойы аласа.

Еліңнің қамын ойласаң,

Енжарлық қандай оғаш, ә?!

Жым-жырт шақ ед күткені,

жыр туар, Құдай қаласа.

Бұрқ ете түскен от қой ол,

бықсылап жанбас шалаша.

Шыр-пыр боп жүріп сұрайды, –

Шындық үшін бір араша.

Шиырлай беру жат оған,

шынайы ойлары жаңаша.

Тайпалған жорға ғой ақын,

төрт аяғын да тең баса.

Шабыттанғанда күбірлеп,

шашалып қалды-ау… Қарашы, ә?!

Сүйсінер тосып тоғыз ай,

сәбиін сүйген анаша.

Олжасын салар өлеңге

оңаша, ой-хой, тамаша!

ҚАРИЯ

Босағасын, беу, жетпістің

бергені сол еді жаңа аттай, –

жай тапты жаны тұңғыш рет,

жырлайын мұны мадақтай.

Тамаша! Тыныш түн, күн де,

тұрмайды қазір таң атпай.

Бақ ордаң болған үйіңнің

басылар көзге маңы оттай.

Мейрамханадан кем емес,

мәзірсіз-ақ мол тамақты-ай!

Жал, жая, қазы мен қарта…

Жеміс көп… «Мынау жаңғақ қай?»

Ас ішсе, асып-сасу жоқ,

(асқазан қоймас таңдатпай).

Ордада – жым-жырт тыныштық,

отырад оқшау шам жақпай.

Тайпалар сонда қаламы

төрт аяғы да тең аттай.

Кереуетінен тұрады,

күн көтерілгенде аңдатпай.

Қыдырыстайды күнұзақ,

Қалғанша жалғыз паң бақта Ай.

Көп кітап жатыр оқылып,

Көрінбес көзге шаң жатпай.

Жиһазың екен тыныштық, –

жайнады үйі жанаттай.

Құлақты жеген телефон,

қалды үнсіз сынған сағаттай.

Теледидарға кеп төнеді,

Төрткүл дүниені адақтай.

Бес уақыт намаз және бар,

бұйырсын өлсе жаннат-жай.

Қан шығаруға ол қарсы,

қармағын қамдап, аң атпай.

Ақшасыз қарт та ойнайды,

ашуды жеңіп, лаңдатпай.

Автобусты енді қумайды,

андыздай берсін саңлақтай.

Зеріксең, жазда – саяжай,

зулайды қыста шаңғы оқтай.

Әй-шәйсіз кетед Кавказға,

әсте оған бір заң жоқтай.

Жай тапты-ау жаны жетпісте,

жел қумаса-дағы қаңбақтай.

қалтада – зейнет құжаты,

Құдайым берген мандаттай.

Осылайша бір мақтанад,

Оразды ондай жан жоқтай!

 

ИНФАРКТ

Ескі көз болсам-дағы болбыр емен,

ендеше өлім қаупі төнді неден?

Ойпыр-ай, жүреледім жүрек қысып,

ойлаған жоқпын: «Ажал келді білем?»

Бар ғұмыр көз алдымнан өте шықты,

бір аяқ таза судай мөлдіреген.

Күнәсіз бал дәурен-ай ойға оралған,

Кекілі жалаушадай желбіреген.

Жадымда суға кете жаздағаным,

«Жаратқан жар болды», – деп ел гулеген.

Тұңғиық судан жаным түршігіп ед,

талай жыл түнде шошып, мен күлмегем.

Саяқтау жүрген кезде кей бойжеткен,

сыртымнан сүйіп-күйіп елжіреген.

Жүрегім жараланды барлығына,

жасалды жауыздық та мен білмеген.

Су тегін жүрегімнің нәрін алған,

сырласым бала кезден – өндір өлең.

Қас батыр сияқты екен ақын деген, –

қаламды найза қылдық жел білеген.

Шабыттың нұрын елге шашамыз деп,

шашымыз күзгі шөптей селдіреген.

Айнымас ұстанымға болдық берік, –

адалдық арсыздыққа жеңдірмеген.

Көрінбей жүретұғын күндестер бар,

күн кештім және небір көлгірменен.

Көзімен һәм сөзімен солар атып,

Күйгендей отқа денем күлдіреген.

Жанкүйер болуменен өтті өмірім,

жеңсек те, жеңілсек те білдірмеген.

Шұбыртып айта берсем, аз емес-ау,

шындығы бәз біреуді сендірмеген.

Аһ, жүрек не көрмеді тіршілікте,

абзалы – соның бәрін жөн білмеген.

Шыбыным, шығып кете жаздадың ғой,

ғұмырым, өше көрме «өлдіменен».

 

ЭКСПРОМТ

Шертетұғын домбырадай дала аңыз,

сен туған күн бүгін,

Мағжан бабамыз.

Аунап түсші,

айналайын жарықтық,

жермен бірге сілкінсін бір

санамыз.

Баяғыда

сен басқарған газеттің

туын ұстап жүрген –

мен бір балаңыз.

Газет деген туымызды

көтеріп,

Күн түбінен

өзіңізді табамыз!..

                КҮН

Бесікте жатқан баласың,

пысылдап деміңді аласың.

Ештеңе көрмей жатып-ақ

емшекке аузыңды саласың.

Ашқанда алғаш көзіңді

Алдымен Күнді табасың.

Сондай-ақ болар сағатың:

Күн-жүрек болып соғасың.

Күнменен бірге оянып,

табасың түнде жарасым.

Торалтар сүт пен ақ сәуле,

Болса да нақ сол бар аяң.

Анаңнан артық аялар

Күн-емшектен де сорасың.

Бірге өсіп, біте қайнайсың:

жатасың және тұрасың.

Байқай да алмай қаласың, –

балалық шақтың шамасын…

Ал содан кейін көрінер

Жас дәурен деген дара шың.

Сом алтын Күннен от алып,

өзің де от боп жанасың.

Түніне-дағы тап болып,

талай да талай тоңасың.

Жастық шақ Күнге күймеген

жүктейді саған жаңа сын:

ғұмырлық жарың боларлық

ғашығыңа жіп тағасың;

Сыйлайды күнің шығыршық –

сақина алтын саласың,

тұрмыс-көліктің рөліндей

оған да ие боласың.

Жүргізушісі сен болсаң,

жолаушың жалғыз: жар асыл.

Тағатсыз тосып әр түнді

тоймастан тоят табасың.

Сәбилі болып бір күні

құлаққа келер тамаша үн…

Сен болсаң «рөлге» жабысып,

шарлайсың елдің даласын.

Бір шылап алып суына

Шоласың небір қаласын.

Бөрідей жортып жүргенде

бурыл тартып та қаласың.

Егделігіңмен егіз ол –

ауру-сырқауың және сын.

Ажалдың бұл бір хабары,

айыра алсаң арасын…

Кілемге салса көтеріп,

көріңе қалқып барасың…

Әлемде Күн ғой мәңгілік,

Әрқашан нұры тарасын!

Сынығы соның – сақинаң

Жарық қып тұрсын моласын.

Саусақта қалған қайран «рөл»

Жер астын енді орасын…

 

ТАҢ

 

Қайырлы таң, жалпы алаш!

(Тілегім осы, халқым рас!)

Өмір – ринг бірақ соғар гонг,

Басталар бірден жанталас.

Ісіміз ілгерілеу үшін

Іргесін оның бар қалас!

Атанның белі қайысқан

Отанның жүгін арқалас!

Бұйырмаса да бір бақыт,

Құйылмаса да ортақ ас;

Түріңе қара, жүнжіме,

Тіліңе туған шорқақ жас!

Баратыңдарың – күзет бір,

Табатыңдарың – он қалаш.

Адамның ойын бөгемес

Заманның мынау шарты оғаш.

Тайраңдап билей бермеңдер,

Жайраңдап көпке ортаны аш…

Отбасың өссін еңбекпен,

Жатпасын жолда жарты ағаш.

Ғұмырың өтсін қызықпен,

Құмарың онсыз тарқамас.

Қойылар сенің алдыңа

Сойылар қартқа марқа жас.

Адалдық деген асу бар,

Жамандық та бар – қорқа бас…

Табағын таңым тартқан соң

Басталады дей бер бар талас…

Отқа да, суға түседі, –

Онсыз да миы орта бас…

Су кешкен халық емес ек,

Қырда өскен жұртпыз малтымас.

Шоқ болып жатпас сөзіміз

От болып қалай шалқымас?!

Асау үшін мал жимадық,

Босау үшін арқа-бас…

Тойлау үшін тырбанар,

Қалмауы үшін мал тағы аш.

Табылар, әттең, достар аз,

Жабылар және сонша қас…

… Күн-күлше нанға қол созып,

Дүлдүлше көбі шаршамас!

 

ТАЛ ТҮС

Доңғалақ – Күннің шырқауы,

тас төбеңдегі нұр тауы –

тал түстен асқан жоқ мезгіл,

Алтыннан құйған құрсауы.

От шашқан отыз жасыңда

Қайраттың қардай бұрқауы.

Шаңдай түс – шырқау биікке

Алланың: «Шық!» – деп жұмсауы.

Төбеңнен төніп тұратын

Күнді аңсар, тіпті, мылқауы.

Табанды қазақ аз, әттең,

Таусылмас оның сылтауы.

Және де тойшыл, ұйқышыл,

Жалқаулық деген – ұлт жауы.

Ұялмас халқым арақтан,

Ұлғая түсті ұрттауы.

Бәрінен басым сор мынау:

Бірінен-бірі сырттауы…

Жұртым-ау, көктен мені ізде,

Жайқалар сонда жыр бауы.

Алайда бізге бөгет көп:

ақшасыз және ауру-сырқауы…

Құрулы жатыр жасырын

қулық-сұмдықтың қырық ауы…

Жаныңды жайып салмайсың

Жайылмасын деп жұртқа уы.

… Шайқай түс – шырқау биікте

Арманның жатыр бір тауы.

 

Болат ҚОЖАХМЕТОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі, ақын.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp