«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Кедергісіз орта қалыптастыру маңызды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үкіметтің 2019-2025 жылдарға арналған мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту  бойынша әзірлеген іс-шаралар жоспарында өздігінен жүріп-тұруы қиын санаттағылар үшін  тұрғылықты мекен-жайынан бастап қызмет көрсету  орнына дейінгі инфрақұрылымдарға барлық жағдайды жасау қарастырылған. Олар қоғам тарапынан шынайы қамқорлықты сезінгенде ғана өмір  сүруге  деген құлшыныстары артып, өзгелермен тең сезінеді. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша қабылданған «Өзгеріс жолы: әркімге лайық!»  жол картасында  мүгедек жандарға қамқорлық көрсету басты бағдар етіп алынған.  «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы жұмыспен қамтуды және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында  ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін кедергісіз орта құру мәселесі талқыланды.

   Кеңес отырысында есеп берген облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және  әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Марина Маркова  мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қоғамдық орындарда кедергісіз орта қалыптастырудың маңызына тоқталды.  Мүгедек адамдардың құқықтарын қорғау және өмір сүру сапасын жақсарту туралы  ұлттық жоспар негізінде  өңірде бес жылдың ішінде  1295 әлеуметтік және көлік инфрақұрылымдық нысандарды жүріп-тұруы қиын, көру, есту қабілеті нашар топтағылардың  кіріп-шығуына   бейімдеу  жоспарланған.  Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, кәсіпкерлік және көлік салалары нысандарында қолжетімділік мүмкіндіктерін арттыру шаралары тұрақты түрде жүргізіледі. Биыл 259 ғимаратты мүгедектердің жүріп-тұруына ыңғайлы ету белгіленген. Осыған орай елімізде қолжетімділіктің интерактивті порталы құрылып, оған облыстан 1767 нысан енгізілген. 162 нысан  төртінші санаттағыларды  (мүгедектер арбасына таңылғандар,  есту, көру қабілеті кем, тірек-қимыл аппараттары зақымданғандар) қамтиды.

  Бұл бағытта жергілікті жерлерде оң үрдістер орныққанын аңғару қиын емес.  Есіл ауданында есепке 998 мүгедек алынған. Олардың 81-і—бірінші,  398-і—екінші, 451-і үшінші топқа жатады, 68-і—16 жасқа дейінгі балалар. 98-і протездік-ортопедиялық бұйымдарды пайдаланады. 12 нысан кіру элементтерімен, 3 нысан механикалық көтергіштермен жабдықталған. 9 нысанға пандус орнатылған, әрқайсысында  тиісті шақыру түймелері, сондай-ақ қозғалысты белгілеуге арналған рельефті тактильді жолдар бар. Әр баспалдақтың сатылары  қарама-қарсы түске боялған.  Тораңғұл, Корнеевка, Ясновка, Волошинка ауылдық округтерінде білім, мәдениет ұйымдары тексеріліп, тиісті  ескертпелер айтылған. Мағжан Жұмабаев ауданында 77 нысан паспортталып, зағиптар үшін аудан орталығында дыбыстық хабарлау жүйесі, жаяу жүргіншілер өткелдерінде  үш бағдаршам орнатылған.12 ғимаратта  кедергісіз ортаның құрылысы атқарылып, пандустар, шақыру тетіктері қойылған. «Қазпошта» АҚ аудандық  филиалы  кемшіліктерден қорытынды шығарып,  дәліздер, бөлмелер жаңаланған. 

    Әлеуметтік нысандардың  бейімдеу талаптарына сәйкестігін тексерген мемлекеттік органдар және «Nur Otan» партиясының өкілдерінен құралған мониторингтік топ бірқатар кемшіліктерді анықтады. Мәселен,  биыл облыс орталығында 102 нысанды мүгедектердің ыңғайына қарай  бейімдеу міндеттелсе, тапсырманың орындалғаны—5 пайыз ғана. 97 нысан ішінара ғана қалпына келтірілген. Бұл жайтты қалалық  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалдар бөлімі басшысының  орынбасары Юлия  Біржанова  мекеме басшыларының салғырттығымен түсіндірді. Хаттар тұрақты түрде  жолданып, үнемі ескертілетінін айтып, ақталмақ болды.  Бейімдеу шаралары көбіне мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған пандустарды орнатумен шектеледі, оның өзі  стандарттарға сай келе бермейді. Пандус өлшемдері,  есіктердің ені мен табалдырықтың биіктіктері  талаптарға сай жасалмайтыны жайлы  арыз-шағымдар аз емес.

Жамбыл ауданында 1151 мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Олардың 75-і—бірінші топтағы мүгедек, 86-ы—балалар. Өткен ғасырдың 50-80-ші жылдары салынған ауруханаларды, мектептерді, көше-жол желісін, көлік құрылымдарын қосымша жабдықтау қомақты қаражатты қажет етеді.  Соның салдарынан 12 нысанда  бейімдеу мүлдем жүргізілмеген. Кладбинка ауылдық округі әкімдігінде  шақыру түймесі, тұтқалар орнатылмаған, пандус құрылысы аяқталмаған, арнайы үстелдер қойылмаған. Аққайың ауданында  «Авега», «Омега» дүкендері ішінара ғана ыңғайланған.

    Кеңес мүшелері бүгінгі таңда көпқабатты тұрғын үйлердің салынуына байланысты  мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін кіріп-шығуы, жүріп-тұруына алаңдаушылық білдіріп,  «Мемлекеттік әлеуметтік пәтер үйі» құрылысы нормасына сәйкес жүргізілуі, мемлекеттік стандарттар талабы бұлжымай орындалуы тиістілігін атап өтті. Қолжетімді ортаны қалыптастыру арқылы барынша мүмкін болатын дербестік деңгейін жетілдіруге, жақсартуға қатысты нақты шаралар қабылдауды міндеттеді.

     Өмір ЕСҚАЛИ,

   «Soltüstık Qazaqstan».

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp