«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒЫЛЫМҒА ҚҰШТАР ОҚУШЫЛАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары өсімдік шаруашылығында аэропондық әдісті қолдануды ұсынды.

 Бұл  жоба республикалық «Туған елге тағзым» байқауында екінші орынды иеленген болатын. Жас өнертапқыштар «Өндірістік инновацияның кепілі – зияткерлік әлеует», «Біздің күшіміз бірлікте!», «Ұлт руханияты – бабалар аманаты», «Әлеуметтік кәсіпкерлік және жаңа идеялардың күші», «Ұлы Дала өркениеті», «Туған өлкем – жұмақ мекен!», «Жасыл планета» бағыттары бойынша сынға түсіп, «Өсімдіктерді аэропоникалық қондырғының  көмегімен өсіру» жобасы жоғары бағаланды.

 8-сынып оқушылары Артем Кузнецов пен Жанболат Атығаев микрожелекті аэропоникалық қондырғыда өсіріп көрген. Тәжірибе сәтті өтіп, дәстүрлі топырақта өсіруге қарағанда аэропоникалық әдіс өте тиімділігін байқатқан.

«Біздің жоба Назарбаев зияткерлік мектептерінің желісі бойынша ұсынылған 42 жұмыстың арасында екінші орынды иеленді. Артем екеуміз екі ай бойы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, теріскейдің ауа райына бейімделген микрожелек өсірдік. Нәтижесі ойдағыдай болды. Бұл – ізденістеріміздің бастамасы ғана», – дейді Жанболат Атығаев.

 Аэропондық әдісте топырақ мүлдем қолданылмайды. Өсімдіктердің тамыры барлық пайдалы және қоректік заттарды «тұман» түрінде шашылған қоректік заттары бар аэрозольден алады. Болашақта олар инновациялық әдіспен өсірілген көкөністердің химиялық құрамын зерттеуді, сондай-ақ осы әдіспен құлпынай мен қарбыз өсіруді де жоспарлап отыр. Озық технологияны өнеркәсіптік мақсатта да қолдануға болатынына сенімді. Сонымен қатар бақша дақылдарын жаз уақытында алқаптарда немесе саяжайларда ғана емес, жыл бойы арнайы үй-жайларда өсіруге мүмкіндік беру жайы да қарастырылған. Бұл, әсіресе солтүстік өңірлердің шаруашылықтары үшін тиімді болмақ.

«Туған елге тағзым» патриоттық жобасы 2012 жылдан бері жүзеге асырылып, оқушылардың өлкетануға деген қызығушылығы арта түскен. Балалар өлкетану саяхаттарына қатысып, Қазақстанның түрлі аймақтарында зерттеу жұмыстарына да қатысады.

Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,

Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp