«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАРДАН ШЫҚҚАН ҚЫРАНДАР ұлықталған кезең

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәуелсіздік қазақтың әр баласы үшін қастерлі. Отыз жылда еліміз сан түрлі белестен өтті. Ел деңгейінде қабылданған бағдарламалар мен реформалар азат елдің еңсе тіктеуін, халықтың тұрмысын арттыруды көздеді. Егемендіктің жиырмасыншы  жылы есімізде немен қалғанын бір саралап шығайық.

Бұл  жылы елімізде тұңғыш рет жергілікті билік органдары басшыларының сайлауы өтті. Баламалы негізде жергілікті мәслихаттар аудандық маңыздағы қалалар мен ауылдық округтердің әкімдерін сайлады. Жанама сайлаудың арқасында ел сайлаған аудандық мәслихат депутаттары өз құқықтары мен мүмкіндіктерін толық пайдаланды. Қалай болғанда да конституциялық заң аясында өткен жергілікті әкімдердің сайлауы өз мәресіне жетіп, жұрт жаңа бағдарға бет алды. Бұл еліміздегі саяси-әлеуметтік реформалардың бастауына айналған алғашқы қадамдардың бірі еді. Реформа демекші, 2013 жыл тарихта «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асыруды бастаған уақыт ретінде қалды. Өйткені 2012 жылдың соңында Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050 Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты»  атты Жолдауын жариялаған болатын.  Бұл саяси құжат елдің экономикалық-саяси бағытының жоспары ғана емес,  ұлт болып қалыптасуының жаңа бағдары еді.  Жалпы алғанда    Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған «Қазақстан – 2050» Стратегиясы  құбылмалы  заманда Қазақстанның темірқазығы іспетті болды. Сондықтан бұл бағдарламаны халыққа түсіндіруде 2013 жылы түбегейлі бетбұрыс жасалды.

Жаңа ғасырдың мүшел жылы елімізде Үдемелі индустриялық-инновациялық дамуға  ерекше ден қойылды. Нұрсұлтан  Назарбаев жалпыұлттық телекөпірде отандық локомативтер шығаратын зауытты ашты. Еліміздегі кәсіпорындар автокөлік, ауыл шаруашылығы машиналарын шығара бастады.

Біздің облысымыз ел аумағының тек 4 пайызын ғана алып жатыр. Соған қарамастан  қамбаға құйылатын алтын астықтың үштен бірі біздің өңіріміздің құнарлы топырағында өседі. Өңір экономикасының өзегі ауыл шаруашылығы болғандықтан, облыс экономикасының дамуы да осы саламен тікелей байланысты. 2013 жыл – өңіріміздегі ірі шаруашылықтардың тоқсаныншы жылдардағы тоқырауды, екі мыңыншы жылдардағы әлемді жайлаған дағдарыстарды еңсеріп,  аяғынан тік тұрған кезі десек артық болмас. Соның бірі теріскейде асылтұқымды мал шаруашылықтарының көбейуі болатын. Кедендік одақтың арқасында  ет экспорты әлеуетін арттыруға  мүмкіндік туды. Соның бір айғағы 2013 жылы алғаш рет аукцион ұйымдастарылды. 19 наурыз күні Мамлют ауданындағы «Мәмбетов және К» командиттік серіктестігіндегі репродукторда бірінші рет абердин-ангус тұқымды 30 ірі қара саудаға шығарылды. Серіктестіктің  бас директоры Еркебұлан Мәмбетов «Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру» бағдарламасы аясында қолға алынған жұмыстардың алғашқы нәтижесімен былай деп  бөліскен болатын: «2012 жылы АҚШ-тың Оклахома штатынан 200 бас ірі қара сатып әкелдік, 1 жылда 136 төл алдық. 2014 жылы абердин-ангусты 540-қа жеткізуді жоспарлап отырмыз, жайылым да, жем-шөп те жеткілікті». Бүгіндері бұл шаруашылық өңірдегі ең ірі асылтұқымды мал өсіретіндердің қатарында. Айтпақшы, сол жолы саудаға шығарылған 30 сиырдың 18-і сатылған.

Өңірлер үшін басты әрі маңызды оқиғалардың бірі – Президенттің  сапары екені жалған  емес. Жыл сайын Мемлекет басшысы егінге орақ түскен кезде Қызылжар өңіріне ат басын бұрып, диқандармен кездеседі. Өңірдің даму қарқыны туралы жергілікті атқамінерлердің есебін тыңдайды. 2013 жылы Қазақстанның тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысына  27-нші тамызда табан тіреген екен.  Айыртау ауданындағы «Златогорка» ЖШС-нің танабында астықтың шығымын көріп, жер төсін емген шаруалармен дидарласты. Қызылжар өңірі ел бойынша  қамбаға құйылатын астықтың 30 пайызын өсіргенімен, өнімді ұқсата алмай келе жатқанын Елбасы атап өткен еді. Мәселен, сол жылдары тауар айналымының импорты 90 пайызға жеткен. Нұрсұлтан Назарбаев  жергілікті кәсіпкерлерге тек ұн ғана емес, сұйық май мен макарон өнімдерін шығарып, оларды сату жолдарын қарастыруды тапсырды.

 2013 жыл Солтүстік Қазақстан облысы диқандары үшін табысты болды.  Өңірде 5 миллион тоннадан астам дақыл жиналды. Атап айтар болсақ Ғабит Мүсірепов атындағы аудан  – 1 миллион, Тайынша ауданы – 732 мың, Мағжан Жұмабаев ауданы – 658 мың тонна алтын дәнді қамбаға құйды. Осы жетістікке орай  9 жерлесіміз – «Құрмет» орденін, 8-і «Ерен еңбегі үшін» медалін, 5 адам – «Шапағат» медалін  омырауларына тақты.

2013 жылы облыста жолдарды жөндеуге Тәуелсіздік алғалы алғаш рет қомақты қаржы бөлінді. Республикалық бюджеттен 5,4 миллиард теңге қарастырылып, 235 елді мекенге апаратын жол жақсарды.

Солтүстік Қазақстан облысында ірі өндіріс ошақтары болғанымен, олардың  жұмыс көрсеткіштері тапсырысқа тікелей байланысты. Петропавл ауыр машина жасау зауыты, «С. Киров» атындағы зауыт, «Мұнаймаш», «ЗИКСТО» секілді  кәсіпорындар 2013 жылы 121 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, өндірісті 5 пайызға арттырды.

Жол картасы аясында халықтың жұмыспен қамтылу мәселесі де оңтайлы жүзеге асырылды. Бұл мәселе бірінші кезекте тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту арқылы орындалды. Осының арқасында 2013 жылы 4,5 мыңнан астам тұрғын бағдарламаға қатысты. Облыстық  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, 2013 жылы облыста кәсіпкерлікке қаржылық қолдау көрсету қоры арқылы 291 ауыл тұрғынына жалпы көлемі 600 млн. теңге несие берілген. Аталмыш қаражат негізінен мал шаруашылығын дамытуға  бағытталды. Нәтижесінде 136 жаңа жұмыс орны ашылды.  

2013 жыл мерейтойларға толы болды. Соның бірі, әрі бірегейі дауылпаз жырау, замана дүлдүлі атанған Қожаберген Толыбайұлының 350 жылдығы болатын. Атаулы датаға орай елордада бастау алған мәдени-әдеби шара Қызылжарда жалғасты. «Қожаберген жыраудың әдеби мұрасы және Тәуелсіз Қазақстан» атты «дөңгелек үстел» отырысы ұйымдастырылды. Бойына ақындық, батырлық, қолбасшылық, бітімгерлік күйшілік, көрегендік сияқты қасиеттерді жиған тұғырлы тұлғаның құрметіне ақындар арасында жыр мүшайрасы өткізіліп, оған еліміздің түкпір-түкпірінен ақындар қатысты. Жыраудың мерейтойына орай Бескөл атшабарында сахналандырылған көрініс қойылып, мереке соңы ұлттық ат спорты жарыстарымен аяқталды.

2013 жылы өңірімізде поэзия пайғамбары  атанған Мағжан Жұмабаевтың туғанына  120 жыл толуына орай өткізілген «Мағжан көктемі» ІІ республикалық өнер фестивалі өтті. Жерлес ақынның, алаштың ардақтысының құрметіне өңірде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. «Soltüstık Qazaqstan»газетінің сарғайған парақтарынан  ақынға деген құрметтің қандай болғанын көруге болады. Ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты танымдық мақалалар, ақын-жазушылардың шығармалары жарық көріп, оқырманға кеңінен таныстырылды. Сондай-ақ 2013 жылдың ұлы ақынға тартуы –   «Мағжан»  фильмі жарыққа шықты. Фильмнің кейбір эпизодтары Қызылжарда түсірілді. Туған ауылы Сарытомар мен облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі түсірілімде ақынның жас кезін Дарын Қалиев ойнаса, Алматыдағы көріністерінде Мағжанның рөлін белгілі актер Дулыға Ақмолда сомдады. Мағжаннан басқа бұл фильмде  Сәкен Сейфуллин, Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышпаев, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Мұстафа Шоқай секілді тұлғалар да бейнеленген.  Бұл туындының режиссері  – Марат Қоңыров.

2013 жылдың тағы бір айтулы оқиғасы Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығы болды. Осыған орай ел астанасындағы  Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының  қатысуымен «Қазақстан –2050» Стратегиясы: бір халық, бір ел, бір тағдыр» тақырыбымен Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық ХХ сессиясы өтті. Бұл жиынға солтүстікқазақстандықтар да қатысып, елдегі бірлік пен татулықтың, жасампаз істердің  куәсі болып қайтты.

Спорт саласындағы жетістіктер де аз болмады. Солардың бірі алғаш рет солтүстікқазақстандық спортшы универсиада жеңімпазы атанды.  Жерлесіміз  Маргарита Мұқашева Қазан қаласында  17- інші рет өткізілген Универсиадада 800 метрді 1 минут 58,96 секундта өтті. Осылайша теріскей спортының тарихында универсиадада алтыннан алқа тағынған спортшы ретінде аты қалды.

Тарихтың әр жылы Тәуелсіз еліміз үшін маңызды. Жеңістері мен жетістіктері де, жымия еске алар жақсылықтары да мол кезеңге айналып, санамызда сақталары сөзсіз. Осы тұрғыдан алар болсақ, Солтүстік Қазақстан облысы үшін 2013 жыл табысты болды. Ауыл шаруашылығы саласындағы оң өзгерістер мен өнеркәсіптің жандануы бүгінгі жетістіктердің бастауы екені сөзсіз. Ендеше, өткен күннің еншісінде қалған, келместің күнтізбесіне жазылған тағы бір жылды «Soltüstık Qazaqstan» газеті осылай қорытындылады.

Сағындық МАУҒАЗИН,

«Soltüstık Qazaqstan».

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp