Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің кезекті отырысында екі мәселе қаралды.
Алдымен облыстық экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижановтың өңірдің 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің қорытындылары туралы есебі тыңдалды. Ол қысқа мерзімді экономикалық индикатордың 100,1 пайызға орындалып, өткен жылға қарағанда негізгі инвестиция мөлшері – 17,5, өнеркәсіп – 6,7, тұрғын үй салу – 6,5, құрылыс жұмыстары – 1,7, бөлшек сауда 0,7 пайызға ұлғайғанын жеткізді. Ауыл шаруашылығының нақты индекс көлемі 100 пайызды, ал жалпы өндірілген өнімдер мөлшері 833 млрд. теңгені құраған. Ет өндіру – 2,1, сүт 6,1 пайызға көбейген. Өнеркәсіп саласында 250 млрд. теңгенің бұйымдары мен тауарлары шығарылған. Оның 75 пайызы өңдеуші кәсіпорындарға тиесілі. Дегенмен, тау-кен саласы мен қазба байлықтар өндіруде көрсеткіштердің төмендегені байқалады.
Осы мерзім аралығында құрылыс ісі айтарлықтай жанданып, 119 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға берілген. Бұл жөнінен Тайынша ауданы мен Петропавл қаласы алда болса, Уәлиханов ауданы артта қалған. 39,9 млн. тонна жүк тасымалданған. 216 млрд. теңге инвестиция құйылған. Жеке инвестицияның үлесі 188 млрд. теңгеге жуық. Сыртқы сауда айналымы 560 млн. АҚШ долларына жеткен. Экспорт 1,5 есеге, ал импорт 3,8 пайызға артқан. 25 мың адам жұмысқа орналастырылған, 11 мың жаңа жұмыс орны құрылған.
Баяндамашы демографиялық проблемаларға да тоқталып өтті. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша облыс халқы 540 мың болып, былтырғы сәйкес мерзімге қарағанда 6 мыңға азайған. Тұрғындардың табиғи өсімі 749 адамға, бала туу көрсеткіші 3,1 пайызға кеміген. Керісінше, қайтыс болған адамдардың саны 5,6 пайызға көбейіпті. Көшіп келушілерге қарағанда сыртқа қоныс аударушылардың үлесі әлі көп, яғни 3 мың адамға артық. Орташа айлық жалақы – 178 мың теңге. Уәлиханов, Шал ақын, Тимирязев аудандары еңбекақы көрсеткіші жөнінен артта қалуда. Инфляция 6 пайыз маңайында. Оған азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың қымбаттауы, ақылы қызметтердің өсуі біршама әсер еткен.
Қаңтар-қыркүйек аралығында бюджеттің кіріс және шығыс бөлігінің орындалуы жайлы облыстық қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант айтып берді. Жергілікті бюджетке 49 млрд. 163 млн. теңгенің орнына 51 млрд. 743 млн. теңге түсіп, жоспар 103,2 пайызға орындалған. Облыстық бюджетке 24 млрд. 430 млн. теңге орнына 24 млрд. 900 млн. теңге кіріс құйылған. Баяндамашының айтуына қарағанда, бөлінген қаражаттың игерілеуінде кемшіліктер жоқ емес. Бұл көріністер Мамлют, Тимирязев, Ақжар, Уәлиханов аудандарына, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, білім басқармаларына тән. Ал Айыртау, Аққайың, Ғабит Мүсірепов атындағы, Шал ақын аудандары мен Петропавл қаласы белгіленген межеден көріне білген.
Әкімдік отырысын қорытындылаған Құмар Іргебайұлы пандемияға, құрылыс материалдарының қымбаттауына, жаздың құрғақшылығына қарамастан облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамиканың сақталып қалғанын атап өтті.
«Былтырғы жылмен салыстырғанда агроөнеркәсіпте ауыл шаруашылығы өнімдері 55 млрд. теңгеге көп шығарылды. Ал Тимирязев, Ғабит Мүсірепов атындағы, Мамлют аудандарының әкімдері кемшіліктерді жедел түзетулері тиіс», – деген өңір басшысы жергілікті жерлерде қалыптасқан озық тәжірибелерді үлгі етті. «Иван Зенченко», «Ноғайбай», «Қызылжар сүт», «Астық-Привольное» серіктестіктері жаңадан іске қосылған тауарлы-сүт фермаларда өнім шығару көлемін ұлғайтқан. Жыл аяғына дейін заманауи құралдармен жабдықталған 10 кешен бой көтереді. Табындарды асылтұқымды ірі қара малдарымен толықтыру жалғасуда. Жылына 6 мың тонна құс етін өндіретін екі бройлер фабрикасы салынуда.
Құмар Ақсақалов қала, аудан әкімдері алдына нақты міндеттер жүктеп, қол жеткен табыс деңгейін кемітпеуді, сондай-ақ жауапты науқан саналатын халық санағын уақтылы ұйымшылдықпен аяқтауды тапсырды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.