«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨМІР ҚЫМБАТТАҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Күн суытып, сұр бұлт аспанды торласа болды қызылжарлықтардың  алдын ала қам жасайтыны – отын мен көмір. Өйткені өңірде көгілдір отын болмағандықтан, үйді жылытудың бірден-бір амалы осы. Мамлюттіктер де биыл қысқа дайындыққа ерте қамданды. Біреулер құрғақ отын әкеліп жарып алса, екіншілері көмір әкелудің әлегінде. Отын демекші, биыл бір машина ақ қайыңның құны 45000 теңгеге шықты. Ал көмірге жұрт енді ойысқан көрінеді. «Алайда керек көмір дер кезінде келмей, ұзақ күтуге тура келеді», дейді тұрғындар.  

«Отынды жазда дайындап алдық. Ендігі кезек – көмірде. Жылда көмір тапшылығы болмайтын. Биыл өзім қалаған көмірді таба алмай жүрмін. «Шұбаркөл» көмірін күткелі бір ай болды. Оны сатумен айналысатындарға екі-үш күн сайын хабарласамын, әлі жоқ. Әйтеуір келетіні белгілі, бірақ қашан екенін өздері де айта алмайды. Енді «Майкөбен» көмірін алмақшымын, тоннасы 12500 теңгеден екен», – дейді Мамлютка қаласындағы Жұмысшы  кентінің тұрғыны Әмірбек Нұрлыбек.

Біз биылғы көмір бағасының қалай екенін білмекке қаладағы «ТЭК «Альянс-Жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  көмір сату орталығына бас сұқтық.

Есепші Әсем Алмасқызының айтуына қарағанда, мұнда көмірдің түрі көп, бағасы да әртүрлі. Мәселен, «Богатырь» көмірінің (Екібастұз) бір тоннасын – 9700 теңгеден, «Майкөбе-вестті» – 12500, «Майкөбені» – 13500, «Қаражыраны» – 15500, ал «Шұбаркөл» көмірін 16500 теңгеден сатып алуға болады.

Қалада «Шұбаркөл», одан кейін «Қаражыра», «Майкөбе» көмірлеріне деген сұраныс жоғары. Биыл көмірдің бағасы өткен жылға қарағанда сәл өскені байқалады. Былтыр «Шұбаркөлдің» бір тоннасы 15500 теңгеден саудаланыпты.  

«Шұбаркөл» жоқ болған соң, «Қаражыра» көмірін сатып алдым. Біреулер көмірдің бұл түрі жылуды ұзақ ұстайды, ал «Шұбаркөл» көмірі тез жанып кетеді дейді. Қалай десек те, көмірдің бәрі бірдей сияқты. Әр жылы әр түрін аламын, еш қиындық көрмеймін», – дейді қала тұрғыны Сырым.         

Қылышын сүйреткен қытымыр қыстың қамын қазірден ойламаса болмайды. Қатты отын саналатын көмірді ертеден қамдап алған дұрыс-ақ. Жердің бетін ақ қар жапқанда қара алтынның бағасы күрт өсіп кетпесіне кім кепіл?

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

 “Soltüstık Qazaqstan”.

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp