«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙЫМЖАННЫҢ БҮГІНГІ КЕЛБЕТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен аптаның соңғы күндері Жамбыл ауданына бардым.  Классик жазушылар: Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің табанының ізі қалған киелі мекен ғой. Аудан орталығының іргесіндегі Айымжан ауылында кезінде «Халық театры» ашылып, оған Серкен Оңайбеков басшылық етіп, атағы дүйім елге тарапты…

Облыс орталығынан таң қылаң бере шыққан автобус түс мезгілінде аудан орталығы Пресновкаға келіп жетті. Алдымнан аудандық «Ауыл арайы» газетінің бас редакторы Игілік Рахметов шықты. Біздер Айымжан ауылын бетке алдық. Қар қылаулай бастады. Тілші жігіттің айтуынша, ауылдың аты тарихта өткен бір сұлудың құрметіне қойылған көрінеді. Кезінде атақты Біржан салдың ағасы Нұржан осы ауылдың Айымжан атты қызына есі кете ғашық болыпты. Серілік құрып келіп тұратын болса керек. Мұны білген өзге ауылдың бір жігіті жолдастарымен қызды алып қашуды ойластырады. Олардан жасырынғысы келген Айымжан көл жағасын көмкерген қалың ағаштарға қарай қашады. Жат құшақтан бойын аулаққа салғысы келген ол көлдің суын кешіп, бір бәйтеректің  түбін қалқан етіп отыра кетеді. Сол сәтте су аруды түбіне тарта жөнелген. Сөйтсе, дәл сол жерде терең шұңқыр болған екен. Жоғалған қызды туыстары жанұшыра іздепті. Арада бір апта өткенде ғана марқұмның өлі денесі су бетіне шығыпты. Жылдар өте келе, жұртшылық ауылдың атауын арманына жете алмай, қапыда мерт болған қыздың есімімен «Айымжан» деп атап кеткен. Қандай аянышты оқиға.  

Жайылым жоқтың қасы

Айымжан ауылының іргесі 1928 жылы қаланып, бір жылдан кейін мектеп салына бастаған. Содан бері арада қанша заман өтті. Талай ұрпақ өсіп жетілді. Кезінде даңқы аспандаған ауылда бүгіндері 300-дей ғана адам тіршілік етуде. Десе де, облыстық маңызы бар жолдың бойында орналасқан тірек ауылдардың бірінен саналады. 

«Кезінде небір ұлылар шыққан киелі өлкенің жұтаң күйіне жүрегің ауырады. Мектебіміз жабылудың аз-ақ алдында. Жастар қала жағалап кетуде. Төрт түлік малдың өрісі тарылды. Айналаның бәріне егін салынғандықтан, малға жайылым жоқтың қасы. Ол – ол ма, бертін  жемнің де, шөптің де бағасы аспандап кетті. Жерді иеленген алпауыттар бидайдың қалдығын халыққа бергісі жоқ. Қыс қыспаққа алғанда қымбат бағаға сатады. Былтыр шөптің бір орамы 6000 теңге болған, биыл 10 мың теңгеден асып түсті», – деді біз тілдескен ауыл тұрғыны Қайырбай Шалабайұлы.

Осы уақытқа дейін айымжандықтарды ауызсу мәселесі алаңдатып келген. Бүгіндері бұл мәселе оңынан шешілуде. «Дәнекер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауылға орталықтандырылған су құбырын тартып жатыр. Енді тұрғындар ауызсуды ит арқасы қияннан тасымайды.

Ауызсу мәселесі шешілуде

«Жерді қоршап, су сақтайтын үйдің қабырғасын қалап, ішкі әрлеу жұмыстарын жүргіземіз. Суық түспей жұмысты бітіру қажет. Су бастауын Есілден алып, Пресновкадан Ұзынкөлге, сосын Айымжанға жалғасады. Құрылыс материалдары Нұр-Сұлтан қаласынан жеткізілетіндіктен, кейде күтуге тура келеді. Нысанның ішіне салмағы 5 тонна болатын пластмасса бөшке орналасқан. Енді ауыл жұрты суды қажетінше пайдаланады деген үміт бар», – дейді бригадир Қанат Төлебаев.

Елді мекендерге ауызсу тартудың жай-жапсарын Жамбыл аудандық  сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Арман Хутушевтан  сұрап білдік.  

«Биыл Преснов топтық су құбырынан Ұзынкөл және Айымжан ауылдарына су бұру құрылысына 225182 мың теңге қаржы бөлінді. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге Жезқазған қаласының «Дәнекер» ЖШС-і жеңімпаз деп танылып, нәтижесінде 186806,364 мың теңге сомасына шарт жасалды. Жұмыстар үстіміздегі жылғы 30 желтоқсанға дейін аяқталуға тиіс. Оған қоса, Майбалыққа кіреберіс 11 шақырымдық жолға асфальт төселді. Енді екі ауылдың қатынасы жақсарады, – дейді Арман Ермағамбетұлы.

Оқушы саны аз

Содан кейін біз елге танымал жандардың қанатын қатайтып, биіктерге самғатқан «Айымжан» орта мектебіне бас сұқтық. Екі қабатты білім ордасының іші қой жусағандай тып-тыныш. Мектеп қабырғасы 1987 жылы қаланыпты. Қазір мұнда 32 оқушы білім алуда. Соның өзінде 2-10-сыныптар ғана, 17 орынға лайықталған шағын орталықта 10 бүлдіршін тәрбиеленуде.

«Мектепте 20 ұстаз сабақ береді. Ұжымымыз биыл үш жас маманмен толықты. Олардың бірі «Еңбек» бағдарламасымен қоныс аударған химия мен биология пәндерінің мұғалімі болса, екіншісі тарих пәнінен сабақ береді. Мектепте күрес, домбыра, би, тоғызқұмалақ үйірмелері тегін жұмыс істейді. Биыл әскери дайындық сыныбы ашылды. Мектеп асханасы 30 орынға лайықталған. Мамандар жеткілікті болғанымен, мектептің материалдық-техникалық базасының тозығы жеткен», – дейді білім ордасының оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Светлана Оразбайқызы.

Соған қарамастан, оқушылар республикалық пән олимпиадаларында жүлделі орындарды иеленіп жүрген көрінеді. Орта мектепті өте жақсыға бітірген шәкірттер де жоқ емес. Мәселен, 2017 жылы Сәуле Жақилова алтын белгі иегері атанса, Әспет Еркін үздік аттестат алды. Әсел Райсова республикалық «Абай оқулары» сайысының облыстық кезеңінде бірінші орын алды. Мектеп ұжымын алаңдатарлық жағдай оқушы санының жылдан-жылға азайып бара жатқандығы. 11-сыныпта үш оқушы болса, қайтадан ашылуы мүмкін. Ол үшін ауылға үйлер салып, бағдарламалар аясында көшіп келушілердің санын арттыру қажеттігі анық сезіледі.

Сапасы сын көтермейді

Айымжан ауылында оңтүстік өңірлерден қоныс аударушыларға арналып бес үй салынған. Биыл үш отбасы келіп жайғасыпты. «Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, салынған үйлердің сапасының  сын көтермейтіні ат арытып алыстан келгендердің көңіліне кірбің ұялататын тәрізді.

Өзбекстанның тумасы Дилмұрат Ерметұлы аудан орталығында тұратын туыстарының шақыруымен Айымжанға жақында ғана қоныс аударыпты.

«Алғашында Түлкібасты мекен етіп, кейін Алматыдағы Тұрар ауылына көшіп келдік. Пресновкадағы туыстарға қонаққа келіп жүріп, бұл өңірдің ауасы ұнады. Кейін ойлана келе осында қоныс аударуды мақұл көрдік. Сөйтіп, Айымжандағы бес үйдің біреуіне қоныстандық. Үй үлкен, бөлмелері кең, айналасы қоршалған. Алайда сапасы нашар, төбесі жылытылмаған, жылу жүйесі пластмасса құбырдан жүргізіліпті. Арқаның аязына қалай төтеп бермек? Еденге төсеген линолеумдері жыртық. Қысқасын айтқанда үйдің жөндеу жұмыстары толық аяқталмаған. Жауапты мамандар көктемде толық жөндеп береміз деп уәдені үйіп-төгіп отыр», – дейді ол.   

Бүгінде Дилмұрат Айымжандағы мектепке отжағушы болып жұмыс істейді. Еңбекақысы уақытылы төленеді. Бес перзенті бар. Квота алу үшін құжаттарын тапсырыпты. Болашақта қол қусырып отырмай, егін егіп, мал баққысы  келеді. Бірақ жайылымның тарлығы қолбайлау болатын сияқты.

Жамбыл аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Аян Ажановтың айтуынша, бір жылға жоспарланған квота қаржысы толық игерілген. Тағы да қоныс аударатындарға облыстан тиісті қаражат бөлінеді деп күтілуде. Келгендерге қайтарымсыз гранттар мен төмен пайыздық несиелер беріледі.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

 “Soltüstık Qazaqstan”.

Суретте: (жоғарыда) Гүрленбаевтар отбасы

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp