«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Басты бағыт – бәсекеге қабілеттілік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдіктің кезекті отырысы кадрлық тағайындаудан басталды.

«Менің өкіміммен Қайролла Ғалеев облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының, Бақыт Ілиясов облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы болып тағайындалды», – деді Құмар Іргебайұлы.

Күн тәртібінде қаралған бірінші мәселе бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Әшметов «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде жеделдетілген несие беру жобаларын іске асыру  жайлы айтып берді. Бүгінде 188 жобаны жүзеге асыру қаржылық ұйымдар тарапынан мақұлданып, 56,2 млрд. теңге қарастырылған. Қаражат бөлінуі жағынан облыс республикада төртінші орынды иеленеді. Оның ішінде агроөнеркәсіп кешеннің үлесі – 80 пайыз болса, 11 жоба өңдеу кәсіпорындарының үлесінде. Жаңа өнеркәсіп орындарын құруға 12 млрд. теңге жұмсалады. Петропавл қаласы – 25, Қызылжар және Мамлют аудандары – 17 жоба ұсынса, Шал ақын ауданы – 9, Уәлиханов ауданы – 8, Есіл ауданы 7 жобамен ғана шектелген.  

Былтыр 132 жоба қаржылық қолдау тапса, 9 айда бар жоғы 20 жобаға 14,2 млрд. теңге несие рәсімделген. Есіл, Ғабит Мүсірепов атындағы, Тимирязев аудандарынан бірде-бір жоба түспеген.

Оның себептері әрқилы: екінші дәрежелі банктер көп құжаттарды талап етсе, екіншіден аудан әкімдіктері нарық талаптарын, сұраныс пен ұсыныстарды терең зерделей бермейді.

«Қарапайым заттар экономикасы» отандық тауар өндірушілерді қолдаудың маңызды құралы екенін жете түсінуіміз керек. Бағдарлама еліміздің ішкі нарығын аса қажетті өнімдермен, тауарлармен толықтыруға, бәсекеге қабілетті өндіріс орындарын құруға, сонымен қатар кәсіпкерлердің екінші деңгейлі банктерден несиені 6 пайыздық үстемемен шектеусіз алуға мүмкіндіктер береді. Бұл өз ісін жаңадан бастаған бизнес өкілдері мен өндірісті кеңейтуді көздеген кәсіпорындар үшін өте жақсы демеу екені анық. Екі жылдан бері бұл жеңілдіктерді пайдаланып келе жатқан кәсіпкерлер аз емес. Бағдарлама іске қосылғалы өңірде 185 жоба 52 млрд. теңге мөлшерінде қаржылық   қолдау тапты. 1175 жаңа жұмыс орны құрылды. Дегенмен Есіл, Шал ақын, Уәлиханов аудандарының әкімдері орын алған олқылықтарды жедел түзетулері тиіс. Басты назар тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға аударылуы керек. Өкінішке қарай 39 жобада адамдарды жұмыспен қамтамасыз ету жайы ескерілмеген», – деген Құмар Іргебайұлы қала мен аудан әкімдері  мен облыстық кәсіпкерлер палатасы алдына бірқатар міндеттер жүктеді.  

 «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде өнеркәсіптің сегіз саласында жергілікті қамтудың үлесін арттыру туралы облыстық мемлекеттік сатып алу басқарамсының басшысы Жанар Мұсақұлованың есебі тыңдалды. Өткен жылға қарағанда мемлекетік сатып алу 34 млрд. теңгеге асыра орындалған. Соңғы жылдары бір жерден сатып алу  көрсеткішінің азайғаны байқалады. Сегіз саланың мемлекеттік сатып алу үлесі  46 пайызды құраған. 

Өңір басшысы мемлекеттік сатып алу ісінде отандық тауар өндірушілер үлесін барынша көбейту қажеттігін, бағаның қолжетімді болуын атап көрсетті.                                                   

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp