«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСТЫ СЕБЕП – САЛҒЫРТТЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандарының қатысуымен өткен брифингте жыл басынан бері облысымызда 594 өрт оқиғасының  тіркелгені туралы айтылды. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда тоғыз пайызға көп.

Небәрі 9 айдың ішінде қызыл жалын 41 солтүстікқазақстандықтың өмірін жалмап, 37 азамат түрлі дене жарақатын алды. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары бөлімінің бастығы Олжас Жүністің айтуынша, үстіміздегі жылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығында орын алған өрт оқиғаларының салдарынан материалдық шығын көлемі де артқан. Ол шамамен 215 млн. теңгені құрады.

– Соңғы аптаның ішінде 10 оқиға орын алды. Бұл төтенше жағдайлар Петропавлда, Айыртау, Тайынша, Мағжан Жұмабаев, Есіл, Жамбыл және Мамлют аудандарында тіркелді. Олардың басым бөлігі жеке тұрғын үй секторына тиесілі. Оқыс оқиғаларды болдырмау үшін тұрғындарға үй-жайларда өртті анықтайтын дабылқаққыш қондырғыларын орнатуға кеңес береміз. Осы мақсатпен қызметкерлеріміз күн сайын рейдтік шараларды өткізіп, баспана иелерімен тілдесуде, – деді Олжас Жүніс.

Соңғы екі жылдың ішінде өңір бойынша 1364 тұрғын үйде өрт пен түтіннің алдын алуға арналған арнайы дабылқаққыш құрылғылары орнатылды. Қауіпсіздік шараларының нәтижесінде екі отбасы ажалдан аман қалды. Баспасөз мәслихатында Мамлют аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнің бастығы есеп беріп, өткен 9 айды қорытындылады.

– Үстіміздегі жылы ауданымызда 18 өрт оқиғасы тіркелді. Олардың дені  тұрғындардың қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан орын алған. Ауданға қарасты елді мекендердегі баспаналардың көбі өткен ғасырдың 70-80 жылдары салынған. Тұрғындардың дені пештерін уақытында тазаламайды. Сондай-ақ электр сымдарының тұйықталуы да оттың шығуына себеп болуда. Тілсіз жау бір адамның өмірін қиды, – деді Амир Бекчентаев.  

Аманжол НҰРТАЗИН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp