Облысымызда қауіпті дертті жұқтырғандар саны азаяр емес. Соңғы бір аптаның ішінде сырқатты жұқтырғандар саны 900-ге жетті. Мәселен, 27 қазан күні коронавирусты 147 адам жұқтырса, ауыр халде жатқан 5 адам қайтыс болды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта өңірде 3 мыңға жуық адам дәрігерлердің қарауында. Науқастардың 787-сі инфекциялық стационарларда, 51-і жансақтау бөлімшелерінде емделіп жатыр. Тағы 25-і карантинге алынған. Қалғандары үйде амбулаторлық ем қабылдауда.
Мамандардың айтуынша, күннің суытуына байланысты жедел респираторлық вирустық инфекция жұқтырғандар саны артқан. Өткен тәулікте өңірде 1720 адам ПТР-тест тапсырған. Олардың әр 11-іншісінде, яғни 147 адамда коронавирус анықталды.
Қазіргі уақытта коронавирусты жұқтырғандар саны 28012 адамға жетті, тәуір болғандар саны – 24798.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».