«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бүгінгінің жастары бәсекеге қабілетті – қызылжарлық музыкант Жан Өмірзақ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлдың 18 жастағы тұрғыны Жан Өмірзақ көптеген жасқа үлгі. Жас музыкант оқу мен жұмысты қатар алып жүр, жақында Нұрсұлтан Назарбаев қорының стипендиаты атанды. Өнерпаз жасты ҚазАқпарат тілшісі әңгімеге тартқан еді.

– Өзіңді оқырмандарымызға таныстырып кетсең. Жасың нешеде, қайда оқып жатырсың, қайда жұмыс істейсің? – Мен 2003 жылы Есіл ауданы Явленка елді мекенінде туғанмын. 5-сыныптан бастап Петропавлдағы Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжі, өнерге дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешенінде оқыдым. Қазір осы колледжде прима қобыз мамандығы бойынша білім алып жатырмын. 4 курс студентімін. Сонымен қатар, Сегіз сері атындағы халық аспаптар оркестрінде қобызда ойнаймын. – Өнерге қалай келдің деп сұрауым қисынсыз болар, өйткені атаң, әкең, ағаларың – бәрі әнші-домбырашы. Дегенмен, басқа салаға қызығушылық болған жоқ па? – Атам Өмірзақ Рамазанов, өңірге ғана емес, республикаға танымал өнерпаз-әнші. Кезінде біздің туған ауылымыз, қазіргі Есіл ауданы Орталық ауылында мәдениет үйінің салынуына бастамашы болды. Кейін осы ауылды қазақ халық театрын ашты. Атам театрдың жетекшісі, режиссері, актері және Орталық мәдениет үйінің директоры болды. Сондай-ақ Рамазановтар отбасылық ансамбілін құрып, жетекшілік етті. Отбасылық ансамбль еліміздің түкпір-түкпірінде концерт қойды. Жетістіктері үшін атам талай марапатталды да. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. Өмірін мәдениетке арнап, барлық балаларын өнерге баулыды.
Күләш әжем де өнерден құралақан емес. Жас кезінде ауылдық клубтың меңгерушісі болған. Спектакльдерде ойнап, концерттерге қатысқан. Әкем Спартак Рамазанов 5 жасынан сахнаға шығып, ән айтып, еңбек жолын ауылдағы мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі болып бастады. Қазір Петропавлдағы Н.Погодин атындағы орыс драма театрының директоры. Әкем облыстық-республикалық байқаулардың жеңімпазы, ҚР мәдениет қайраткері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері. Осындай отбасында дүниеге келгендіктен мен де кішкентайымнан өнерге жақын болдым. Әкем ән айтқанда бірге қосыла шырқайтынмын. Музыкант болуды кішкентайымнан армандадым. Егер бұл салаға келмесем мүмкін тіл маманы немесе журналист болар ма едім.
– Өнерпаз отбасы болғандықтан оның да өзінің бір ерекшелігі бар ғой? – Иә, бізде отбасылық мерекелер қобыз-домбырасыз өтпейді. Дастархан басында күй тартамыз, ән шырқаймыз, көңілді өтеді. Міндетті түрде Шәмші ағаның «Ана» туралы жырын шырқаймыз. – Қай жасыңнан бастап қолыңа музыкалық аспап ұстадың? – Сыныпта қолыма алғаш рет қобыз аспабын алып, содан тастаған емеспін. Бастапқыда қиын болды. Қазір аз болса де жетістіктерім бар. Қобыз үні менің жаныма жақын. Әрі отбасымызда барлығы домбырада ойнағандықтан, мен «басқа бір аспапты меңгерейін» деген ой болды. Қобыз – қазақ халқы үшін өте киелі, ертеден келе жатқан ғажайып музыкалық аспап қой. Жойылып, жоғалып кетудің аз-ақ алдында қалған қобызбен ата-бабаларымыз табынған, онымен емдеген де. Қобыз тартқан бақсылар оның үнімен адам бойындағы әлсіздікті сыртқа шығарып, күш-қуат берген. Тембрге бай, ол арқылы қуаныш пен қайғыны жеткізуге болады. Мен қазір қобыздың оркестрге лайықталған прима түрін тартамын. Репертуарымда бірнеше шығарма бар, бесінші сыныптан бастап ойнап келе жатқандықтан, оның санына жету қиын.

https://www.inform.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp