«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫРМЫЗЫДАЙ ҚҰЛПЫРҒАН ҚЫЗЫЛЖАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен өткен баспасөз туры облыс орталығындағы жаңадан бой көтерген, шаhардың көркіне айналған  шағынаудандарда  жалғасты.

Бүгінде «Жас өркен» шағынауданында сүрілген ескі баспаналардың орнына 12 көпқабатты үй бой көтеріп, 10 мың петропавлдық қоныс аударған. Қазір «Единство» ЖШС-і  17 қабатты тұрғын үй тұрғызумен  айналысуда.  Құрылыс жұмыстары халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарына арналған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде былтыр маусым айында басталып, жыл аяғында пайдалануға берілмек.  Жалпы аумағы – 12 мың шаршы метр, Бір шаршы метрінің бағасы 210-220 мың теңгеге жуық. «Единство» үй құрылысы комбинатының құрылтайшысы Александр Кондратовтың  айтуынша, алғаш рет лего жаңа технологиясын қолданудың арқасында жұмсалатын шығын мөлшері айтарлықтай кеміген. Құрылыс жұмыстарына 350 адам жұмылдырылған. Қажетті материалдар өз елімізде өндіріледі. Пәтерлер жас отбасыларға да лайықталған. Мәселен, бір бөлмелі баспаналардың аумағы 35-40 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда құрылысшылар ішкі әрлеу жұмыстарын атқаруда. Бұдан бөлек,  паркинг және балалардың ойын алаңын тұрғызу қарастырылып отыр.

Жамбыл көшесіндегі 18 қабатты тұрғын үйді «Альфа-Север» ЖШС-і іске қосыпты.  Құмар Іргебайұлы 33-ші пәтерге қоныстанушылармен кездесіп, жағдайларын сұрастырып білді. Отанасы пәтерге қол жеткізгеніне шексіз қуанышты. Баспана кезегінде он жылдай тұрыпты. Күйеуі мүгедек. Қолдарында бойжеткен қыздары бар. Мүлік иелері қауымдастығының төрайымы Юлия Андроенко 600-ге жуық пәтерге қызмет ететіндерін жеткізді.

Осы аумақта тұрғындар санының күрт көбеюіне байланысты екіқабатты емхана салуға шешім қабылданған. Заман талабымен үйлескен нысан бір мезетте 250 науқасты қабылдай алады. Жоба құны – 2,7 млрд. теңге.  

«Соңғы жылдары облыс орталығында  құрылыс жұмыстары қызу қарқын алып келеді. Бұл орайда жан-жақты ойластырылған, заман талабына жауап беретін озық жобалардың мәні айрықша. «Жас өркен» шағынауданы адам танымастай өзгерді. Бұл аймақтың әлеуеті өте зор,  даму инфрақұрылымы толық зерттеліп, бас жоспарға  енгізілді. 12 көпқабатты үйлер қолданысқа берілгеннен кейін 1300 адам баспаналарын жаңартады.  Бос жатқан жерлерді тиімді пайдалана білуіміз керек. Қаланың аумағын үлкейту шарт емес, ол қомақты қаржыны талап етеді. Керісінше, әлеуметтік нысандар бірі-біріне жақын орналасса,  жарық та, су да үнемделеді. 1800 ескі жер үй сүріліп, босаған жер телімдеріне баспаналар мен мәдени, спорттық ғимараттар тұрғызылуда. Коммерциялық мақсатта ғимарат, үй саламын деген инвесторларды қолдауға дайынбыз», – деді  өңір басшысы БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

192 пәтерлік 12 қабатты үйдің құрылысын жүргізіп жатқан «Құрылыс-Сервис-СК» серіктестігінің  да қимылы ширақ. Бүгінде көпқабатты үйге су, жарық тартылған. «Эльма» компаниясының директоры Ерлан Мәуленқұлов жабық үлгідегі подстанция жақын арада іске қосылатынын, шағынаудан түгелдей жарықпен үзіліссіз қамтамасыз етілетінін жеткізді.

Жоба авторы Болат Шоқановтың сөзіне қарағанда, Жұмабаев және Чкалов көшелері қиылысындағы аумақ ерекше түрленеді. Пионер көшесіне дейін жаңартылады. Сонымен қатар алты жолақты жол тартылып, ені 16-22 метрге дейін кеңейтіледі. 440 жарық, 84 жол белгісі бағаналары орнатылады. Өрнектастар төселіп, 4 автопавильон ашылады.

Қаладағы әлеуметі жоғары шағынаудандардың бірі – Шығыс. Мұнда тұрғызылып жатқан көпбейінді аурухананың аумағы – 94 мың шаршы метр. Құйылған инвестицияның мөлшері – 180 млрд. теңге. Бірегей жобаның шеңберінде ғимараттың төрт қабаты тұрғызылып, 300 адам құрылыс жұмыстарына тартылған. Кезінде «Құлагер» компаниясы салып, аяқсыз қалдырған 9 коттедж сүріліп, олардың орнына жас мамандар үшін жатақхана бой көтереді. 400 көлік үшін екі паркинг орналасады. Екі эскалатор жұмыс істейді.

Соңғы үш жылда «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында облыста 675 жоба қолдау тапқан. Солардың бірі – «Радуга» ЖШС-і ұсынған жылыжай кешені. Серіктестік директоры Дмитрий Шарапаев жобаның тиімді тұстарына тоқталды.

«Көкөністі оңтүстік жақтардан тасымалдағаннан гөрі жергілікті жерде өсірген тиімді. Осыны ескере отырып, облыс тұрғындарын қысы-жазы көкөніс түрлерімен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Кешенді жылыжай келесі жылы іске қосылып, жылына 1460 тонна қызанақ, 1319 тонна қияр жиналатын болады. Жоба құны – 5,7 млрд. теңге», – деді ол.

Республикалық, облыстық БАҚ қызметкерлерінің қатысуымен облыстық әкімдіктің үлкен залында өткен баспасөз конференциясында аймақ басшысы жылдың табысты қорытындыланатынын атап өтті. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, тұрғын үй салу, құрылыс  салалары бойынша тұрақты өсім бар. 2016 жылы жергілікті бюджетке түскен салық 38 млрд. теңгені құрса, биылғы көрсеткіш – 67 млрд. теңге. Өткен жылға қарағанда  жергілікті салық мөлшері төрттен бірге, жалақы 18 пайызға көбейген. Жалпы өңір бюджеті 404 млрд. теңгені құрап отыр. 22 млрд. теңге 132 ауылды дамытуға бағытталып,  42 білім, 3 денсаулық сақтау нысаны, 187 шақырым жол, 159 шақырым су жүйесі жөнделген. Ауыл шаруашылығына құйылған инвестиция көлемі – 136 млрд. теңге. Бұл жөнінен өңір республикада көш басында. 2016 жылмен салыстырғанда инвестиция 2,4 есе өсіп, 53 млрд. теңгеге жеткен. 6,6 млрд. теңгеге сыйымдылығы 131 мың тонна болатын 8 астық сақтау қоймасы салынған. 3 жылда 12 тауарлы-сүт фермасы пайдалануға берілсе, биыл 16 кешен тұрғызылуда. 13 мың басқа арналған 2 мал бордақылау алаңы іске қосылып, ет өндіру 60 мың тоннадан 100 мың тоннаға дейін молаяды. Сүт зауыттары жаңғыртылып, нәижесінде өнім өндіру 180 мың тоннадан 319 мың тоннаға дейін артты. «Қызылжар» экономикалық аймағында 2025 жылға дейін 1,8 трлн. теңгенің  75 жобасын жүзеге асыру белгіленген. 813 шақырым автомобиль жолдары қалпына келтіріп, сапалық деңгейі 74 пайызға көтерілді.

Конференция барысында журналистер тарапынан сұрақтар қойылып, нақты жауаптар берілді. Кей мәселелер Құмар Іргебайұлының жеке бақылауына алынды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp