«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

УЫСТАҒЫ УАҚЫТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

«Адам уақытқа өкпе артпауы керек. Уақытты таңдамайды, онда өмір сүреді». Бұл – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі.  Елбасымыз өзінің осы қанатты тәмсілін ел басқару ісінде басты ұстанымы етті десек артық айтқандық болмас.  Оның әр күні, тіпті әр сағаты елімізді дамытуға арналды. Қазіргі күні әлем көз тіккен еңселі елорда, елімізде берік орнаған сілтідей тұрақтылық пен татулық – сол тынымсыз еңбектің жемісі. Тәуелсіздігіміздің тарихындағы 2014-ші жыл да Қазақстан үшін табысты болды.

2014 жылдың Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуымен есте қалғаны шындық. Шынтуайтында бұл Қазақстан, Ресей мен Беларусь елдері үшін ғана емес, әлемдік маңызы бар оқиға еді. Ұзақ жылдар бойы сүзгіден өтіп, сараланған бұл жобаның экономикалық тұрғыдан маңызды екені дәлелденді. 

Осылайша Еуразия кеңістігінде дүниеге келген интеграциялық одақ нәтижесінде 2030 жылға қарай жиынтық ішкі жалпы өнімнің өсімі түріндегі интеграциялық тиімділіктің перспективасы шамамен 900 миллиард долларды құрай алады. Қазіргі уақытта тек қатысушы үш ел экономикасының жиынтық көлемі 2,2 триллион долларды құраса, шығарылған өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 1,5 триллион АҚШ долларына жуықтаған. Мәселен, 2009 жылдан бері Қазақстанның Еуразиялық экономикалық кеңістік және Кеден одағы әріптестерімен тауар айналымы 88 пайызға артып, 24,2 миллиард долларға жетіп отыр. Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей: «Еуразиялық экономикалық одақ –бұл масылдық емес, халықтың және біздің ұлттық экономикамыздың игілігіне айналуы тиіс».

2014 жылы орын алған тағы бір елеулі оқиға – еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуы. Мемлекет басшысының Бельгияға ресми сапары кезінде Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім табысты болып, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру мәселесі жөніндегі келіссөздер түбегейлі аяқталды. Мұны халықаралық сарапшылар да тәуелсіз Қазақстан тарихының жарқын беттерінің біріне балаған болатын. Осынау тарихи сәтті Елбасы: «Бұл маңызды оқиға, оған қол жеткізу үшін 15 жыл жұмыс істедік, барлық 160 мемлекетпен келіссөз жүргізу оңайға соққан жоқ. Мен оған тікелей араласып, АҚШ, Ресей және Үндістан президенттерімен, барлық мемлекеттермен, Еуроодақпен сөйлестім. Қазір біз қорытынды кезеңде тұрмыз», –деген еді. 

17 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа арнаған Жолдауын жариялады. «Қазақстандықтар ертеңіне, елінің болашағына сеніммен қарайды. Халықтың 97 пайызы әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығын және оның жыл өткен сайын жақсара түскенін айтады. Бүгінде Отанымыздың жетістіктері –әрбір азаматтың ұлттық мақтанышы. Күшті, қуатты мемлекеттер ғана ұзақ мерзімдік жоспарлаумен, тұрақты экономикалық өсумен айналысады. «Қазақстан – 2050» Стратегиясы –барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы. Ол –елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан. Стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту –ортақ парыз, абыройлы міндет!» –деді Елбасы өз Жолдауында.

Индустрияланудың бірінші бесжылдығы барысында (2010-2014 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде) облыста жаңа өндірістерді ұйымдастыру мен құрылысы жөніндегі 32 инновациялық жоба жүзеге асырылды. “ЗИКСТО” АҚ республикада бірінші болып жүк вагондарын шығарды. “Мұнаймаш” АҚ “Өнімділік – 2020” бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдауды пайдаланып, өзінің өндірісін жаңғыртты. Жаңа технологиялар бойынша сүт өнімдері мен құрамында шырыны бар сусындар шығаратын ең заманауи жабдықтармен жарақтандырылған “Молпродукт” ірі сүт зауыты құрылды. Кәсіпорын өз өнімінің 30 пайызын Ресей Федерациясына экспорттайды. Омбыда, Новосибирскіде, Екатеринбургте, Иркутскіде, Усть-Лабинскіде және Уфада зауыттың филиалдары ашылды. ҮИИДМБ жүзеге асырудың төрт жылының қорытындысы бойынша облыс экономикасында оң өзгерістерге қол жеткізілді. 2014  жылы облыс кәсіпорындары 152 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Индустрияландыру картасы картаға жобалары кірмейтін үш ауданды (Мамлют, Уәлиханов және Шал ақын) алып тастағанда, облыстың барлық аумағын қамтыған. Қызылжар ауданы картаға – 5 жоба, Тайынша – 4, Айыртау, Ақжар, Аққайың, Жамбыл, Ғабит Мүсірепов атындағы аудан – 2, Есіл, Мағжан Жұмабаев, Тимирязев – 1, Петропавл қаласы 10 жоба қосты.  Облыста инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда олардың инновациялығы маңызды. Өңірдің басым салаларында бәсекеге қабілетті сапалы өнім шығару үшін жаңа технологиялар қажет. Осындай жобаларға мемлекет көмек-қаражат және несиелерді кепілдендіру, гранттар, өндірістік инфрақұрылым құрылысы түрінде және басқа да қолдау көрсетілді. Ол үшін “Өнімділік – 2020”, “Экспортёр – 2020”, “Бизнестің Жол картасы – 2020” және басқа бірқатар бағдарламалары іске қосылды. 2014 жылы кәсіпорындардың инновация саласында белсенділік деңгейі 11 пайызды құрады. Бұл –республика бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

«Елге ел қосылса құт» демекші,  2014 жылы орын алған айшықты оқиғалардың бірі – «Мәңгілік ел жастары –индустрияға» әлеуметтік жобасы еді. 30 тамыз күні солтүстікқазақстандықтар ел өміріндегі айтулы оқиға – Ата Заң мерекесін тойлаумен қатар, жанымызды жадыратқан тағы бір жағымды жаңалыққа куә болды. Петропавл қаласының темір жол колледжіне “Мәңгілік ел жастары – индустрияға” әлеуметтік жобасы аясында білім алуға келген 50 оңтүстікқазақстандық талапкерді облыс әкімінің орынбасары, жастар орталықтарының басшылары, мұғалімдер мен бір топ студенттер салтанатты түрде қарсы алды. Айта кететін жайт, білім іздеген жас өрендерді аталмыш оқу орнының қызметкерлері арнайы барып, өңірімізге алып келді. “Мәңгілік ел” деген айшықты жазуы бар ақ түсті киім киіп, жалаушалар ұстап, арман-ойы мен мүдде-мұраттары да ортақ рухты елдің намысты ұл-қыздары қойнауы қасиетке толы Қызылжар жеріне аяқ басты. Алғашқы лекпен келген жастар темір жол колледжінде механик және электромеханик мамандықтары бойынша тегін білім алды. Студенттердің әрқайсысының  бір жылдық оқуына мемлекет тарапынан 400 мың теңге бөлініп отырды. Бұдан кейін де облысқа оңтүстік өңірлерден келетін жастар легі толастаған жоқ. Олардың басы қазіргі күні өңірімізде тұрақтап, түрлі салада еңбек етуде.

“Kyzylzhar Invest – 2014” халықаралық инвестициялық форумының  өткізілуі өңір экономикасына тың серпін бергені жалған  емес. Экономиканың басымдыққа ие салалары бойынша 9 панельдік сессия өтті. Облыс әкімдігі, инвестиция салуды қажет ететін ірі кәсіпорындар мен компаниялар арасында 7 меморандумға қол қойды. Аталмыш шараға Кеден одағы, ТМД, ШЫҰ, ЕО елдерінің делегациялары және дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, ұлттық және шетелдік компаниялардың, холдингтердің, даму институттарының, инвестициялық қорлардың ықтимал инвесторлары, Қазақстанның барлық өңірлерінің кәсіпкерлері, Солтүстік Қазақстан облысының отандық және шетелдік әріптестермен ынтымақтастық орнатуға мүдделі бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсатуға байланысты өткізілген панельдік сессия барысында Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен “Agri Go LTD” компаниясы арасында өңірімізде етті-сүтті ірі қара мен құс шаруашылығын дамыту бойынша өзара әріптестік жөніндегі келісімге қол жеткізілді. Бірлескен жобаның жалпы құны 310 миллион теңгені құрады. Сол сияқты, облыстық әкімдік пен “Сабан Қағаз” серіктестігі арасында “Сабанды қайта өңдеп, одан целлюлоза алу жөніндегі жобаны жүзеге асыру туралы” құны 200 миллион теңгені құрайтын меморандум жасалды. “Тұқым сұрыптау әмбебап кешені арқылы іріктелінген тұқым алу” тұрғысында облыстық әкімдік пен “Элеваторспецмельмаш” ЖШҚ өзара бірлескен жобаны жүзеге асыру туралы ортақ мәмілеге келді. Оның құны 34 миллион 600 мың теңгені құрайды. Форум барысында ауыл шаруашылығы саласына қатысты жасалған соңғы меморандум өңірімізге минералдық тыңайтқыштар жеткізуге қатысты болды. Бұл ретте “Казфосфат” серіктестігі бізді жылына 25 мың тонна тыңайтқышпен қамтамасыз етпек. Жасалған келісім сомасы – 2,2 миллиард теңге. Ауыл шаруашылығы саласына қатысты қол қойылған шарттардың жалпы құны 49 миллиард теңгені құрады.

Құрылыс индустриясын одан әрі дамытуға қатысты 12 меморандумға қол қойылды. Ал шағын және орта кәсіпкерлік саласын одан әрі дамытуға бағытталған 2 меморандум мен 6 келісім жасалды. Геологиялық барлау арқылы өңірімізде кен-байыту және кен-металлургия кешендерін салу мен жерасты байлығын өңдейтін зауыттар салу тұрғысында да шетелдік инвесторлармен 10 меморандумға қол қойылды. Бірлескен жобалардың жалпы құны 13,5 миллиард теңгені құрады. Инвестициялық форум барысында, бұдан бөлек, елімізде көліктік-логистикалық орталық құру, машина жасау, туризмді дамыту, шағын және орта кәсіпкерлік арасында өзара әріптестік орнату, энергия үнемдеу технологияларын енгізу арқылы “жасыл экономикаға” көшу тұрғысында да бірқатар шарттар бекітілді.

2014 жылы өңірімізге инвестиция тарту бойынша маңызды қадамдар жасалды. Облысымызға келген 10-нан астам мемлекеттің елшісі әріптестік орнатуды, жаңа кәсіпорындар ашуды көздеді.

Бұл жылы руханият саласында да біраз ілкімді істер тындырылды. Тимирязев ауданында Сары мен Сүйір батырларға арналған есркеткіш ашылды. Республикалық  «Гауһартас» фестивалінің біздің облысымызда өткізілуі де Қызылжарда ұлттық өнердің үстемдік құрғанының бір көрінісі. 

2014 жылдың тағы бір  қуанышты жаңалығы  жерлес жазушы Герольд Бельгердің Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы атануы еді.

Менің замандастарымның маңдайына біткен бақ – біз еліміздің Егемендік алғанының куәсі болдық. Бала болсақ та алғашқы қиындықтарын түйсініп, жетістіктеріне қуандық.  Әлі де тарихи кезеңде өмір сүріп жатқанымызды мақтан тұтамыз. Кез келген адам  уақытты таңдай алмаса да, оны уысында ұстауға ұмтылуы керек. Сонда ғана азат еліміз айбарлы, береке-бірлігіміз қайнарлы болмақ!

Сағындық МАУҒАЗИН,

«Soltüstık Qazaqstan».

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp