«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБАЙДЫҢ АЙТҚЫШТЫҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

(Cоңы. Басы өткен сандарда).

Абайдың интуициясы мен шешім­паздығы және көнтерлілігі (яғни сөз тыңдауы) қандай екендігіне мына бір айтқыштығы айғақ. Мәселен:

Қарабас Тоқа деген өзінің бір Мамайымен айтысып, бір құнан даулап Абайға келеді. Абай жауапкер жағын тыңдамастан:

– Құнанын бер, – дейді. Сонда Тоқа:

– Құнанын бергізбей тұра тұрып, екіндіге дейін сөзімді тыңда, – дейді.

Сөйтеді де ұзақ дауды айта береді. Абай намазшамға дейін үндемей тыңдап кеп, аяғында жауапкерге:

– Енді сен құнанды берме! – дейді.

Тоқа:

– Е, неге, – дегенде:

– Құнан саған тиген еді, оны өзің сөзге саттың, бір дауда екі аласың ба?” дейді. Осыған Қарабасты исі Ырғызбай іші қырт атандырып кеткен.

Абайдың әрбір сөзі 1) ойландырады, 2) үйретеді, 3) түсіндіреді, 4) теріс ойыңды, пиғылыңды дұрыстайды, 5) жігерлендіріп қанаттандырады, 6) ел сөзін салмақтап саралайды. Мысалы:

Бір күні бай баласы мен кедей баласын салыстырып отырып Абай:

– Бай баласы көп ішсе, ішіп үйренген, – дейді. – Аз ішсе негізі тойған. Кедей баласы көп ішсе, көні кеуіп қалған, аз ішсе, шілдесінде шық көрмеген. Осы кедей баласының құтылары бар ма? – депті.

Абай қазақ қоғамының тұрмыс-тіршілігіндегі күрделі әлеуметтік мәселелер мен шиеленісті жағдайларды шешуде де көрегендік пен тұйғындық танытады. Бұл ретте мына бір оқиғаны айтайық:

Дәулетияр деген кісі айтады: Абай кіші қатыны Әйгерімдікіне келіпті, – деп естідім. Оның ауылы біздің елмен жерлес Аралтөбе деген жерде болатын. Кешке жақын Абайға сәлем беріп қайтайын деп, атыма мініп, ауылына бардым. Үйіне сәлем беріп кіріп келсем, шай ішуге жаңа отырысқан екен. Абайдың қасында үш кісі отыр. Әйгерім маған қарады да:

– Дәулетияр, шай ішуге келіп отыр, – деді. Қыстың суық мезгілі еді. Сыртқы киімімді шешіп, үш кісіден төмен келіп отырдым. Біз шай ішіп отырғанымызда жыртық шекпен күпісі бар зор қара кісі кіріп, сәлем берді. Абай оған қарады да, әйеліне:

– Бұл кім? – деді.

– Бұл – біздің қойшы, өзі Көкше екен, қыстай қой бағуға жалдап алып едім, – деді әйелі.

Абай әйелінің бетіне тесірейе қарап тұрды да:

– Әй, Әйгерім, сен малды жақсы көресің, малыңды бағып жүрген малшыны жалаңаш қоясың, аш-жалаңаш кісіде қайрат бола ма, ақыл бола ма, ол сенің малыңа қайтіп жақсы қарайды? Мен осында үш күн қонып, Семейге жүремін, мен кеткенше тон, шалбар, тымақ тіккізіп, мына қойшыңа кигіз! – деді. (“Социалистік Қазақстан”, 1945 жыл, 15 август, №168).

Халықтың көз алдында, жанды жиын-топтың ортасында тағдырдың тартыс-таласына түскен мәселенің мәнісін айқын түсіндіріп, елге мойындататын Абай тілінің орасан байлығын, тапқырлық пен көркемдік шеберліктің өлшеусіз мүмкіндіктерін танытқан. Халық ақыны, Абайдың шәкірті Көкбай Жанатайұлының естелігіне зейін аударарлық:

“…Семей қаласындағы қазақ, татар молдаларының барлығы да Абайдың дін мәселесіне әбден жетіктігіне көзі жеткен соң, бұл кісіні өз заманының ғұламасы сияқты да көрген.

Сонымен кейінгірек жылдарда Семейге миссионер Сергей деген кісі келіп:

– Мұсылман дінін қорғаушы молда, имамдар болса сөйлесемін, – деп іздегенде, Семей қаласындағы молда хазіреттер араларынан бір ауыздан Абайды сайлап шығарады. Сергейден жеңілмей, өз дінінің әбүйірін аман сақтап шығуына мешітке жиылып, дұға қылып, Абайға бата беріп жөнелткен.

Бірақ Сергейдің не мақсатпен сөйлесемін дегенін қала молдалары шала ұғынып, алып қаштымен ұлғайтып жіберіп, елді де үркітіп, өздері де босқа үріккен ғой деймін. Абай барғанда Сергейдің жайына талас жасамай, бірер нәрселерді сұрап қана, артынан жай әңгімеге кетсе керек. Бұл мәжілісте Абай дін жайынан қаншалық сөйлесіп, қанша таласты. Ол расымен толық білмеймін, бірақ өзіміз сұрағанда азын-аулақ айтқаны:

– Сергей: “Мұсылман дінінше – Құдай күш иесі. Сондықтан Құдай жолындағы құлшылық та, халықтың барлығы да қорқудан туатын сияқты” деді. Оған мен: “Біздің Құ-дай – рахман рахим қуат қана иесі емес, рақым да қылушы. Қуаты – қара күш бастаған қуат емес, махаббаты бар қуат. Әке мен баланың арасы сияқты әкеше сүюші ие дедім”, – деді.

Сонан кейін Абай Айса дінінің нанымы бойынша “үш жүзді Құдай” деген ұғымға қарсы дау айтыпты, “бірлігіне үш жүзді болу сия ма? Сол үш сипат бір жүзінде болса, Құдайлығына көп бола ма” десе керек. Бірақ бұл сөзге Сергейдің не айтқанын толық білмей-мін. Жалғыз айтқаны:

– Сергей дін жайына аз сөйлесті де, жалпы ғылыми әңгімеге түсіп кетті. Сонан соң мен де дін жайын қайта қозғағам жоқ, – деді.

Бұл мәжіліс туралы тағы да есімде қалған нәрсе, осы сөйлесетін күні Сергейдің қасында Самидің көп топтары бар екен. Со-лардың кейбіреулері бір әредікте мұсылман дінінің ұсақ мәселелері туралы Абаймен дауласқысы келсе керек. Сонда Сергей:

– Сендер қойыңдар, Ибраһим Кунанбаевич сендердің тісің бататын кісі емес, – дейді. (“Абайдың өміріне, ақындығына байланысты әңгімелер”. ОҒК, Қ 5 99).

Бұдан білетініміз, Абай ойының, байламының логикалық қисынға құрылған сөйлеу өнері мен мәдениеті, әрі терең мазмұны, экспрессивтігі мен эмоционалдығы, шығармашылық-интеллектуалдық әлеуеті.

Абай өнерлілерді еркелеткен, “қапысыз қызықтаған”. М.О.Әуе-зов “Абай жолы” роман-эпопеясында Қиясбайды атаған. Сыбызғыда ойнаған. Ол жүрген жер думан. Албырт, аңқау Диуана. Ол өзінің төтенше тапқырлығымен, күлдіргіштігімен, әзілімен өлкеге атағы шыққан. Тап Жиренше шешеннің тірі көзіндей. Абай оның осы қасиеттерін терең бағалап, қатты сыйлапты.

Қиясбай бірде Абайдың үйіне кіріп келіпті. Басына киген қызыл елтірінің жүнін сыртына қаратып, пұшпағынан байлап қойыпты. Абай оның басына үңіле қараса Қиясбай:

– Абай аға, сені білгіш дейді, менің басыма кигенім ненің терісі, тапшы? – депті. Абай күліп:

– Мен қайдан білейін, өзің айтпасаң, – депті. Қиясбай:

– Бәлі, Абай аға, бұл аң-таңның терісі емес пе, – депті. Абай көзінен жас аққанша күліп:

– Жүрген жерің күнде ду,

Сыртың – аңқау, ішің – қу, – депті.

– Таптың, Абай аға, таптың, – деп Қиясбай басын изеп күліпті. Сонан кейін:

– Абай аға, маған мына қағазыңды, қарындашыңды берші, жазайын, – депті.

– Қияс, жаза ғой, – деп Абай қағаз, қарындаш беріпті. Қиясбай қағаздың бетіне иір-иір етіп шұбыртып шимайлап шығыпты да:

– Абай аға, өзіңді жеті жұрттың тілін біледі дейді, мына жазуды оқышы, – депті. Абай:

– Әй, Қиясбай, мына жазғаның оқуға келмейді ғой, – деп күліпті.

– Әй, Абай аға-ай, сізді ел босқа мақтайды екен, бұл айғыр тышқанының ізі емес пе, – депті.

 

* * *

Қиясбайдың қонышында жүре­тін ырғайдан ойып, өңешпен қаптаған сыбызғысы болады екен.

Бір күні Қиясбай сыбызғысын тартып келе жатқанын Абай естіп, бір жігітке:

– Ана Қиясбай келді, шақыр, – депті.

Қиясбай келіп отырғаннан кейін Абай:

– Қиясбай, сені ақын дейді ғой, өлең айтшы! – депті. Қиясбай сыбызғысын ойнап, өзінше өлеңдетіп қоя беріпті:

– Ақ сиырдан туады

                          жирен айғыр,

Қойға қасқыр шабады

                         шоқаң-шоқаң.

Көктен жауып келеді

                           боталы інген,

Буынғаным белімде

                           сексен арқан.

Абай көзінен жас аққанша жадырай күліп, өлеңін қайта айт­қызыпты.

* * *

Тобықтының шынжыр балақ, шұ­бар төс шонжарлары Абай үйінде мәжіліс құрып отырады. Осы мәжіліс үстіне кенет Қиясбай кіріп келеді. Ешкім оны келдің-ау деп елемейді. Қиясбай сәл бөгеліп тұрады да:

– Уа, игі жақсы тақсырлар, – дейді дауыстап, – Абай ағамда оңаша айтарлық бір шаруам бар. Барлығың да шыға тұрыңдар!

“Мына неме не дейді?” дегендей, төрде отырғандар терісіне сыймай дүрдиісіп Абайға қарай-ды. Абай:

– Иә, Қиясбайдың оңаша айтарлық шаруасы болса, шыға тұ-рыңыздар, – дейді.

Жұрт амалсыздан дүрлігіп сыртқа беттейді.

– Немене, Қиясжан? – дейді Абай оңаша қалған соң.

– Абай аға, маған ұрыса көрме, жаңағы иттердің мені адам құрлы көрмеді. Соларға өзімнің күшімді көрсетейін деп, әдейі айтып едім, – дейді Қиясбай.

– Қияс, ризамын. Тапқырлығың үшін қой берейін, алып кете ала-сың ба? – дейді Абай ішегі қатқан-ша күліп.

– Алып кетпейтін несі бар, – дейді Қиясбай қулана жымиып, – Абай ағам өңгертеді деймісің, айдатады да жібереді.

– “Сөз тапқанға қолқа жоқ”, – деп Абай оған оншақты қой айдатып жіберіпті.

* * *

Бірде Абай оған:

– Осы сенің не ойлағаның бар? Үйленетін уақытың жетті емес пе? – депті.

– Ұнатқан қызымды әперсең, үйленемін.

– Әперейін.

– Алдымен қыз қарап көрейін. Содан соң ұнатқанымды өзіңе ке­ліп айтармын.

Бір күні қазанның қара бораны соғып тұрғанда, Қиясбай ебіл-дебіл боп Абайдың үйіне жетіп ке-ліпті.

– Абай аға, тезірек шықшы, ұнатқан қызымды көрсетейін.

Абай шапанын жамылып сыртқа шықса, жамыраған бұзауына қарай жүгіріп бара жатқан қызды көрсетіп:

– Анау! – депті Қиясбай.

– Екеуің бірігіп, шаруа құрып кете аласыңдар ма? – дейді Абай сәл ойланып.

– Несі бар, сізге ұнамай тұр ма?

– Қайдам…

– Ендеше, өз көзіңізді былай алып қойып, орнына менің көзімді салып тағы бір қараңызшы, – депті Қиясбай.

– Сезім айнасы – көз, әділет қазығы – аталы сөз, – депті Абай, – Айтқаның болсын. Құдалыққа кісі жіберейін.

* * *

Қиясбайдың тапқырлығына қызық­қан Абай әдейі сөз тартып, аттанарында оның бұйымтайын сұрапты. Қиясбай балаларына көже-қатық сұрай келгенін айтады. Сонда Абай бәйбішесіне:

– Мына Қиясбайды етханаға кіргіз, қалағанынша ет алып шықсын, – дейді. Етханада біраз кідірген Қиясбай қойдың басы мен төрт сирағын ғана алып шығады. Бұған таңданған Абай оның мәнісін сұрағанда, Қиясбай:

– Басы, төрт аяғы бар қой жетекке жүре бермей ме? – деп жауап береді. Сөзден жеңілген Абай:

– Ендеше қорадан таңдап бір қой ал, – дейді. Қиясбай қорадағы қойды ол шетінен бұ шетіне бы­тыратып қуа береді. Бірақ ешқайсысын ұстамайды. “Мұнда бір мән бар шығар” деген оймен Абай оны тоқтатып алып, себебін сұрайды. Сонда Қиясбай:

– Алдыма салып айдап әкетемін десем, жалғыз қой отардан шығатын емес, – деген екен.

Сонда Абай:

– “Сөз тапқанға қолқа жоқ”, – деп, сол жолы Қиясбайға айдап әкететіндей он шақты тұяқ беріпті.

Серік НЕГИМОВ,

филология ғылымдарының

докторы, профессор.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp