«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН ЖАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қоғамда көмекке мұқтаж, мейірімге зәру жандар аз емес. Олардың дені жалғызбасты қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдар. Осындай санаттағы азаматтарды өз қамқорлығына алған әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі өлшеусіз. Тимирязев ауданындағы Дмитриевка елді мекенінде 30 жылға жуық уақыт бойы әлеуметтік қызметкер болып еңбек етіп келе жатқан Балғын Қасымғожинаны кәсіби  мерекесі  қарсаңында әңгімеге тартқан едік.

– Балғын Қожабайқызы, әлеуметтік қызметкер болу екінің бірінің қолынан келмейтін жауапты жұмыс қой. Сіздер күн сайын өздігінен жүріп-тұра алмайтын мүгедектердің, жастары егде тартқан зейнеткерлердің жандарынан табылып, қажеттерін өтеуге тырысасыздар.  Жалпы бұл мамандық иелерінің бойынан қандай қасиеттер табылуы тиіс деп ойлайсыз?

– Халқымызда «Адамның тағдыры маңдайға жазылады» деген түсінік қалыптасқан. Қанша адам болса сонша тағдыр бар. Бірі – бақытты, екіншісі мейірімге мұқтаж. Біз олармен күн сайын пікірлесеміз. Сондай сәттерде өзімнің әлеуметтік қызметкер болғаным үшін қуанамын. Мұқтаж адамға көмекші болғаныма риза боламын.

Жалпы бала күнімнен өнер саласында қызмет етуді армандадым. Музыкалық білімім де бар. 1984 жылы Петропавлдағы музыкалық училищені «вокал» мамандығы бойынша тамамдадым. Ән айтқанды өте жақсы көремін. Әлеуметтік қызметкер болған күннен бастап өмір туралы түсінігім өзгерді. Өмір тек қуаныш пен бақыттан ғана тұрмайды екен. Оның көлеңкелі жақтарының да болатынын ұғындым. Кермек дәмді көбірек тартып жүрген адамдардың жанынан табылу біз сияқты дені сау адамдардың міндеті деп білемін. Маған қазіргі  жұмысым ұнайды. Әлеуметтік қызметкер – ол ең бірінші дос, одан кейін көмекші және психолог. Қандай жағдай болмасын біз көмектесуге дайын болуымыз керек. Ол моральдық немесе құқықтық көмек те болуы мүмкін. Бүгінде менің қарамағымда 5 адам бар. Олардың әрқайсысына аптасына екі рет барамын. Үй шаруасына көмектесемін, хал-жағдайларын білемін. Кейбіріне жай ғана әңгімелесу жетіспейді. Мәселен, жалғызілікті қарияларға айлап емес, жылдап көмектескендіктен туысымыздай болып кетеді. Олар өз сырларымен бөліседі. Көпті көрген, өмірден көрген-түйгені мол ата-әжелер кейде пайдалы кеңестерін айтып жатады. Кез келген адам әлеуметтік қызметкер бола алмайды. Ол үшін алдымен үлкен жүрек керек. Бұрын бұл салаға медициналық және педагогикалық білімі бар азаматтар алынса, қазір жағдай басқаша. Жұмысы жоқ адамдар тартылып жатыр. Менің пікірімше, әлеуметтік қызметкер жұғымды, көпшіл, күйзеліске төзімді, ұқыпты, ұстамды, адал әрі әділ болуы керек. Сонымен қатар еңбекқор және жауапты болуы тиіс. Әлеуметтік қызметкер үшін өзгенің проблемасы деген түсінік болмауы тиіс, қиналған адам көрсе қол ұшын созып, көп ойланып жатпай қолынан келген көмегін көрсетуі қажет. Әлеуметтік қорғалмаған адамдар біздің көмегімізге мұқтаж. Олар егде жастағы қарттар немесе қатер тобына жататын мүмкіндігі шектеулі жандар, оның ішінде психикалық аурулары бар адамдар, нашақорлар, маскүнемдер, яғни тұрмыс-салты бұзылып, одан өздігінен шыға алмайтындарға көмек көрсетіледі.

  – Әлеуметтік қызметкердің міндеттері туралы айтып берсеңіз?

– Әлеуметтік қызметкер көбінесе науқас, жалғызілікті, мүмкіндігі шектеулі жандардың тамақ ішуіне, киінуіне, қыдыруына, тіпті хат оқуына және жазуына, тағы басқа істеріне көмектеседі. Дүкеннен қажетті азық-түлік сатып әкеліп беретін де, тамақ дайындап, отын, көмір және суын жеткізетін де осы мамандық иелері. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуына да көмектеседі. Қарауымдағы адамдардың  кейде түнде хабарласып, көмек сұрайтын кездері болады. Оларға кез келген уақытта қол ұшын беруге дайынмын. Көпшілік «әлеуметтік қызметкер физикалық жұмыс істейді, ауылдық жерде тұратындар отын-су тасиды, ең қиыны осы» деп ойлайды. Бұл   қате пікір. Ең қиыны әр адамның тілін таба білу, достық қарым-қатынас орнату. Көмекке мұқтаж адамдардың мінезі әртүрлі. Қиын жағдайға ұшыраған, төсекке таңулы болғандықтан көбі кінәмшіл келеді. Сондай-ақ күніңді алдын ала жоспарлай алмайсың. Мысалы, қарауымдағы бір адамға кешке қарай көмегім керек болып қалуы мүмкін. Мұндай кездері менің жоспарымның бәрі кейінге қалады. Біздің жұмыстың басқа мамандық иелерінен  ерекшелігі де осы шығар.  

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp