«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢСЕ ТІКТЕГЕН ЕЛДІ МЕКЕНДЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облысымызға жұмыс сапарымен еліміздің Төтенше жағдайлар жөніндегі министрі Юрий Ильин келді.  Елордалық мейман «Ауыл – ел бесігі» жобасының жүзеге асырылу барысымен танысу мақсатында Аққайың ауданында болып, құс фабрикасының құрылысымен танысты.

Бүгіндері теріскейде өңірді дамытуға бағытталған кешенді жоспар аясында екі құс фабрикасының құрылысы жүргізілуде. Оның бірі – Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылында орналасқан. Жобаның іске асырылуына 6 млн. теңге бағытталды. «Северный бройлер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Берік Ақмұрзаевтың айтуынша, заманауи өндіріс ошағының өнімі жергілікті нарықты қамтамасыз етіп, Азия және ТМД елдеріне экспортталмақ.      

– Құс фабрикасының құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Қазірдің өзінде 6 құс қорасы, инкубатор, бордақылау цехы салынды. Сондай-ақ барлық қажетті қондырғылар жеткізілді, – деді Берік Ақмұрзаев.

Кейін министр облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен бірге ат басын Аралағаш орта мектебіне тіреді. Елді мекендегі 1987 жылы салынған білім ордасы біраз уақыттан бері  жөндеу көрмеген. 2016 жылы ескі ағаш терезелері жаңа заманауи пластикалық нұсқасына алмастырылыпты. Ал осыдан екі жыл бұрын нысан күрделі жөндеуден өткен. Биыл бұл жұмыстар жалғасын тауып, мектептің жылыту жүйесі жаңартылды, ауласына асфальт төселіп, балалар алаңқайы, волейбол және баскетбол алаңдары тұрғызылды.

Аудандағы Ленинское елді мекенінде де «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында қыруар жұмыстар атқарылуда. Биыл 145 млн. теңге бөлініп, 8 шақырымдық жолға асфальт төселді.

– «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Шағалалы елді мекенінің жолын жөндеуге 200 млн. теңге жұмсалды. Тағы үш ауылдың жолы ретке келтіріледі, – деді Аққайың ауданының әкімі Рүстем Елубаев.

Министр аудан орталығы Смирновтағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен де танысты. Нысанды тұрғызуға «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 580 млн. теңге бөлінген. Ведомство басшысы ауылдағы Мәдениет үйіне бас сұқты. Айта кеткен жөн, аталмыш мекеме облыс әкімінің тапсырмасымен мәдени-сауықтыру орталығына айналды. Мұнда жергілікті тұрғындар түрлі үйірмелерге қатысып, бос уақыттарын тиімді өткізе алады.

Облыста оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару жұмысы қарқын алып жатыр. Мәселен, жыл басынан бері Аққайың ауданының өзіне күнгей өңірлерден  50-ге жуық отбасы көшіп келді. Әрқайсысына көтермеақы, баспана беріліп, азаматтар тұрақты жұмыспен қамтылды. Юрий Ильин Астраханка ауылына көшіп келген шаңырақ иелерімен тілдесті.

Одан соң өңір басшысы Құмар Ақсақалов пен Төтенше жағдайлар жөніндегі министр Юрий Ильиннің қатысуымен облыс әкімдігінде алқалы жиын өтті. Отырыста «Ауыл – ел бесігі» жобасының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Биыл өңіріміздегі елді мекендерді дамытуға 10,7 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаражатқа мектептер, емханалар, Мәдениет үйлері, балабақшалар мен жолдар жөнделді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында теріскейде 2021-2025 жылдары 300-ден астам ауылды жаңғырту бағытында қыруар істің басы қайырылады. Осы  уақыт аралығында құны 43 млрд. теңге болатын 500-ден астам жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Аманжол НҰРТАЗИН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суретті  түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp