«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЛАЙЫҚТЫ ТАРТУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Н.Дәулетова атындағы залында экономика және саяси ғылымдарының докторы, Еуразиялық даму орталығының бас директоры Тайыр Мансұровтың Қазақстан Тәуелсіздігінің  30 жылдығына орай еліміздің маңызды оқиғаларына қатысты өзі дайындаған және жарыққа шығарған кітаптарының 2500 данасы кітапхана қорына салтанатты түрде тапсырылды.

Еліміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиғаға Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова, кітаптар авторының ағасы Зұлқайыр Мансұров, Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, кинорежиссёр Сергей Азимов, ақын Бауыржан Жақып және басқа белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова кіріспе сөзбен ашып, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Еуразиялық даму орталығының бас директоры Тайыр Мансұровтың қызметіне, сыйға тартқан кітаптарына кеңінен тоқталды. –

– Мемлекет және қоғам қайраткерінің кітапхана қорына сыйға тартқан туындылары жанры жағынан өте бай, бұл еңбектерде еліміздің қоғамдық-саяси өмірінің аса маңызды кезеңдері қамтылған. Атап айтқанда, «Молодая гвардия» баспасынан «ЖЗЛ: Биография продолжается» сериясымен шыққан Нұрсұлтан Назарбаев туралы кітап, сондай-ақ «Еуразиялық интеграция», «Қазақстан және Ресей» ғылыми еңбектері, Тайыр Аймұхаметұлының зайыбы Сәуле Мансұрова «Ғасырлар даналығы» сериясымен баспаға дайындаған қазақтың ұлы ақындары – Абайдың, Жамбылдың, Мағжанның таңдамалы шығармалары бар. Бұл сыйға алынған ғылыми, саяси, тарихи, әдеби кітаптар оқырман тарапынан үлкен қызығушылық туғызып, жоғары сұранысқа ие болатынына зор сенім білдіреміз, – деді Бақытжамал Оспанова.

Кітапхана директоры дипломат және қоғам қайраткері Нәзір Төреқұлов туралы Тайыр Мансұров жазған кітаптарға ерекше тоқталды. «Автор айтулы тарихи тұлғаның өмір жолын, оның кәсіби қызметінің елеулі кезеңдерін тек құжаттар ғана толық бейнелей алатынын ескере отырып, 1928-1936 жылдары Кеңес Одағының Сауд Арабиясындағы өкілетті өкілі, тари­хымыздағы тұңғыш қазақ елшісі Нәзір Төреқұловтың сыртқы саясаттағы қызметін, Кеңес Одағының Арабия түбегінде өзінің ықпалын нығайту жолындағы күресін нақты деректермен аша білген. КСРО-ның аты аңызға айналған өкілетті өкілінің бұрындары беймәлім болып келген қызметін бай тарихи-мұрағат деректерімен, сарғайған суреттермен байыта түскен. Әлемдік қауымдастықтағы мемле­кеттердің өздерінің өзге елдермен саяси-экономикалық, әлеуметтік қарым-қаты­настар орнатуы – бағзы замандардан тамыр тартып келе жатқан үрдіс. Әр мемлекеттің сыртқы саясатына негізделетін бұл қарым-қатынастар елшілер арқылы жүзеге асырылады. Халқымыздың «Елдестірмек – елшіден» деген ұлағатты нақылы да осыны ұқтырады, Бұл кітап осындай тарихи деректерімен құнды, –деді. ол.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Кинематографистер одағының мүшесі Баққожа Қасымжанов салтанатқа жиналғандар алдында тебірене сөйледі. «Бәріміз жақсы білетін ел азаматы қазақтың орталық кітапханасына үлкен ілтипатпен есте қаларлықтай сый тартып отыр. Ол белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Тайыр Мансұров. Мен Тәкеңмен көп жылдар бойы қызметтес болдым, екеуіміздің де мамандығымыз құрылысшы. Екеуіміз де өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Алматы облысындағы құрылыс ұйымдарына басшылық еттік. Бір-бірімізге деген тілектестік, міне, жарты ғасырға жуық жалғасып келеді. Ешкімге де құпия емес, адамның ақылы тек кітаппен толады. Тәкеңнің кітапхана қорына тарту еткен кітаптарының ішінде маған ерекше ұнайтыны Нәзір Төреқұлов жайында терең зерттеулер нәтижесінде жазған туындысы. Нәзір – қазақтан шыққан тұңғыш елші. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Түркістанда туған азаматтың КСРО-ның Сауд Арабиясында елшісі болуы біздің қазақ халқы үшін тарихи жағдай. Архивтерде шаң басып жатқан тарихты қопарып, жарыққа шығарып, баршамыздың назарымызға ұсынғаны үшін Тайыр Аймұхаметұлына мың да бір рақмет. Бұл кітап қазақ, орыс, ағылшын, араб тілдерінде жарық көрген. Менің өзім азамат ретінде тек рақмет айтып қоймай, бұл кітаптарды насихаттауға өз үлесімді қосамын, – деді Баққожа Қасымжанов.

Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында болып жатқан бұл іс-шараның ерекше маңызын атап өтті. «Желтоқсан айында біздің еліміз егемендіктің көк байрағы бейбіт аспанымызда асқақ желбірегенінің отыз жылдыған атап өтеді. Осы мерейтой қарсаңында мемлекет және қоғам қайраткері Тайыр Мансұров игілікті іс атқарып, еліміздің бас кітапханасының қорын өз туындыларымен толықтырып отыр. Меніңше, кітапханалардың кітап қоры тек мемлекет есебінен ғана емес, азаматтарымыздың осындай қайырымдылық жасауымен толықтырылуы тиіс. Мен де Тайыр Аймұхаметұлымен бірге қызмет істедім, оның есімі елімізден тысқары жерлерге де жақсы мәлім, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, елші ретінде құрмет тұтамын. Қазақстанның Тәуелсіздігі туралы декларация қабылданған жылы Тайыр Мансұров Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты, мен ол жылдары мемлекеттік қызметші болатынмын. Еліміздің тарихындағы осындай есте қаларлық сәттің куәгері болғанымызды мақтан етеміз», – деді Дархан Мыңбай.

Кітапханадағы іс-шара барысында  қонақтар мен оқырмандарға «Сан қырлы тұлға» атты кітап көрмесі ұсынылып, оған қойылған еңбектерге шолу жасалды.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“SoltüstıkQazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp