«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАҒЫЗ ЕРЛЕРДІҢ АЙҚАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Аралас жекпе-жек дегенде  жауына қасарысқан, қанды көбік жұтқызған ер жүрек батырлар көз алдымызға келеді. Сондай-ақ әлемге танылған «UFC» сайыпқырандары қатысатын сайыстарды да елестетеміз. Соңғы жылдары бұл спорт түріне тұрғындар тарапынан қызығушылықтың артқанын да байқауға болады. Оған басты себеп – спортшыларымыздың халықаралық ареналарда ел намысын қолдан бермей жүлдегерлер қатарынан көрінуі. Облысымыздағы «Сұңқар» аралас жекпе-жек федерациясының бас бапкері Нұрқанат Шәрімовпен әңгімелескен едік.

– Нұрқанат Сабырұлы, аралас жекпе-жекке бірнеше спорт түрі кіретінін  білеміз. Оған негізінен каратэмен, бокспен, кикбокспен және күреспен айналысқан спортшылар келеді. Ал сіз қандай жауынгерлік өнерді меңгердіңіз?

– Менің балалық шағым ауылда өтті. Бұрынғы кезде елді мекендерде волейбол мен күрестен басқа спорт түрлері бойынша үйірмелер болмайтын. Сондықтан бос уақытымды зая өткізбей, қазақ күресі үйірмесіне жазылдым. Ұлттық төл өнерімізді меңгеріп, айтарлықтай табыстарға қол жеткізе бастадым. Кейін қалаға қоныс аударған соң шеберлігімді одан әрі нығайту мақсатында джиу-джитсумен айналыстым. Қара белбеуді иеленіп, ушу-саньдаға бет бұрдым. Талай облыстық, республикалық жарыстарда топ жардым. Жаттығу залдарында төккен терім зая кетпеді.

– Аралас жекпе-жек федерациясын құрудағы мақсатыңыз қандай еді?

–2015 жылы облыста тұңғыш рет «Сұңқар» аралас жекпе-жек федерациясын құрдым. Қарамағыма білікті спортшылардан жасақталған бапкерлерді тартуға тырыстым. Көп ұзамай жеке «Сұңқар» клубы да дүниеге келді. Шәкірттерімізді баптай бастадық. Өңірімізде, еліміздің өзге аймақтарына шығып, түрлі деңгейдегі турнирлерге қатыстық. Әрине, бірден жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік деп айта алмаймын. Дегенмен, жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай ер жігіттерді баптап шығаруға бар күш-жігерімізді салдық. Біздің ұлан-байтақ жерімізді ата-бабалармыз білектің күшімен, найзаның ұшымен, туған елге деген зор сүйіспеншіліктің арқасында сақтап қалған емес пе?! Сол қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойына ұялату федерациямыздың негізгі міндеті деп білемін.

– «Сұңқар» федерациясы алты  жылдан артық жұмыс істеп келеді. Біз жеткен жетістіктеріңізді оқырмандарымызға сүйіншілей жеткізуден жалыққан емеспіз. Шәкірттеріңіздің бағындырған белестерін өзіңіздің аузыңыздан естігеніміз жөн болар.

– Иә, федерация мен клубтың қол жеткізген табыстары көп. Шәкірттерімнің қатарында ММА спортынан 19 спорт шеберлігіне үміткер, 1 спорт шебері бар. Ал панкратионнан 4 спорт шеберлігіне үміткер мен 1 спорт шеберін баптап шығардық. Қазақстан чемпиондары мен ел кубогын иеленгендер мерейімізді үстем етуде. Сондай-ақ халықаралық жарыстардан қанжығаларын майлап қайтқандар да жоқ емес. Владимир Михеев панкратионнан республика біріншілігінің күміс жүлдегері, ММА-дан Жанат Қабдөш Қазақстан чемпионатының қола, Ержан Теміржанов күміс медаль иегерлері. Оған қоса, греплингтен Өмірхан Қанжігітов ел кубогының чемпионы. Мектеп жасындағы оқушылар қатарында қоян-қолтық ұрыстардан мемлекетіміздің үздік спортшысы атанғандар саны – 4.

– Әңгімеміздің ауанын «Сұңқар» клубына ойыстырсақ.  Клубтың негізгі жұмысы, жеткен жетістіктері, қазіргі ахуалы туралы айтып берсеңіз.

– Қазіргі уақытта аралас жекпе-жек түрімен клубымызда 120 адам айналысады. Оның дені балалар мен жасөспірімдер. Біз үйірмеге 6 жастан бастап қабылдаймыз. Барлық шәкірттеріміз бір залда жаттығады. Ешкімді бөліп жармаймыз. Дегенмен, жас ерекшеліктері мен салмақтарына байланысты спарингтер ұйымдастырылып тұрады. Тәрбиеленушілеріміздің  бір жерде бір уақытта панкратион, ММА, күрес пен қоян-қолтық спорт түрлерінің ережелерімен танысуға мүмкіндіктері бар. Кейін қабілеттеріне қарай, оларды жарыстарға қатыстырамыз. Бірі соққы жасаудың техникасын еркін меңгерсе, енді басқалары күреске мығым. Әрине, оқушыларымыз сайыстарға қатысқандықтан клубымыздың арнайы лицензиясы да бар. Бүлдіршіндер мен жеткіншектерді кәсіби бапкерлер жаттықтырады. Бүгінде бізде 4 жаттықтырушы жұмыс істейді.

– Биыл пандемияға қарамастан дүбірлі жарыстар өткізіліп жатқанын білеміз. Осы додалар жайлы айтып берсеңіз.

– Қыркүйек айында балалар мен жасөсіпірмдер арасында қоян-қолтық ұрыстан республикалық турнир өтті. 4 оқушымыз жүлдемен оралды. Жуырда аралас жекпе-жектен «UNI FIGHT» жарысы ұйымдастырылды. Онда да оқушыларымыздың екеуі қанжығаларын майлап қайтты.  Қараша-желтоқсан айларында ММА мен панкратионнан Қазақстан кубогы үшін жарыстар жоспарланған. Оған да клуб мүшелері қатысуға ниетті. Владимир Михеев ел чемпионатында жақсы нәтиже көрсетіп, ұлттық құрамаға ілікті. Енді ол Италияда өтетін Әлем чемпионатына аттанады. Қазіргі уақытта спортшылар алдағы турнирлерге жаттығуда. Осы жолы да нағыз жауынгер жігіттеріміз жақсы нәтиже көрсетеді деген ойдамын.

Әңгімелескен

Аманжол НҰРТАЗИН,

«Soltüstık Qazaqstan».   

Суретті түсіргенТалғат ТӘНІБАЕВ.    

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp