«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Елбасы саясаты – халық алдындағы ұлы жауапкершілік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

1995 жылдың 1 желтоқсанында саяси әлемде баламасы жоқ бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Оның авторы – Республикамыздың Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Осы жылдар ішінде Ассамблея бұл қазақстандық патриотизм мен рухтың мектебі екенін растады. Бүгінгі күнге дейін Ассамблеяның құндылығы өз маңызын жоғалтқан жоқ. Мен ҚХА-ның екі негізгі мәселесін атап өткім келеді: қазақстандық бірегейлік пен патриоттық сезімді қалыптастыру. 2014 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Өкімімен мен оның орынбасары болып тағайындалдым.

Мен өз формуламды және маңызды тарихи тұжырымымды шығардым: тәуелсіздік пен Назарбаев – бұл Қазақстанның көпғасырлық тарихының аса биік жетістігі.

Мұндай оқиға ұлттық мақтаныш сезімін тудырмайды ма? 2010 жылғы сәуір, Вашингтонда Ядролық қауіпсіздік мәселелері бойынша БҰҰ құрамына кіретін 73 елдің мемлекет және үкімет басшыларының бірінші халықаралық саммиті өткізілуде. Әлем ядролық апат қаупінен шаршады. Осы кездесуге қатысушылардың барлығының атынан БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун біздің елімізге, біздің Президентімізге ұшып келді, ол одан осы Саммиттің жұмысына қатысуды және онда сөз сөйлеуді өтінді. Бұл туралы – тек Нұрсұлтан Назарбаевтың ғана әлемдік қоғамдастыққа қару-жарақтың ессіз жарысынан бас тартуға шақыруына моральдық құқығы бар – деп барлық халықаралық БАҚ-тар жазды,. Біздің Тұңғыш Президентіміз өзінің тарихи миссиясын орындады – саммитте сөз сөйледі.

Мынадай қарапайым, тіпті, техникалық бір жайды атап өткім келеді – қатысушылардың саммитте түсірілген фотосуреті. Дипломатиялық протокол бойынша әр елдің әліпби тәртібімен белгіленген өз орны болады. Осы кездесуден кейін Қазақстанға орын тек құрметті бірінші қатардан ғана емес, оның дәл ортасынан берілді. Өзімнің Петропавл университетінде бұл фотосурет туралы студенттерге қалай әңгімелегенім есімде. Содан кейін студенттердің бірі:

«Обаманың жанында», – деді. Мен сәл кідіріп, «Обама біздің Тұңғыш Президенттің қасында тұрды» деп жауап бердім. Осы кезде барлық 150 студент орындарынан тұрып, қол шапалақтай бастады. Олардың осылай қабылдауынан толқып, денем дірілдеп кетті. Мен біздің студент жастардың Президентке және елімізге деген ықыласын түсіндім.

2012 жылғы сәуірде Сеулде осындай саммит өтті, онда Нұрсұлтан Назарбаевқа осы кездесуге қатысқан барлық мемлекет басшыларының атынан ресми үндеу жасау сеніп тапсырылды. Бұл біз үшін үлкен абырой емес пе, біздің егемен, тәуелсіз деңгейіміздің көрсеткіші емес пе? Бұл – біздің дипломатиямыздың жетістігі ғана емес, Қазақстанның халықаралық беделін, оның ұлттық тәуелсіздігі мен мемлекеттік егемендігін нығайту жөніндегі қуатты қадам.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев – нәзік психологиялы адам. Ол әңгімелесушіні толқытқан жайларды түсіну қабілетіне ие. Ол жанның ауыруы мен қуанышын бірдей сезіп, тиісті әрекет ете алады. Мен бұл туралы бірқатар іс-шараларда байқап, ой түйдім. Бір күні Нұрсұлтан Әбішұлының активпен және журналистермен кездесуі өтті. Жүргізушілердің бірі: «Нұрсұлтан Әбішұлы, сізді өмірде бәрінен де қатты не қапаландырады?» деген сұрақ қойды. Президент сәл ғана кідіріп, дауысынан аз ғана мұң  байқалып:  «Сатқындық» деп жауап берді. Сол сәтте мен ғана емес, осы кездесуге қатысқандардың бәрі Нұрсұлтан Назарбаевты адами нәзік қасиеттері бар адам ретінде көрді. Мемлекет басшысының жүгін көтеріп жүріп, осындай нәзік сезімдерді сақтау – бұл өте жақсы белгі.

Екі шақырылым бойы маған Солтүстік Қазақстан облысының атынан ҚР Парламентінде өкілдік ету бақыты бұйырды. Мен Нұрсұлтан Назарбаевпен Сенат депутаты ретінде жеке кездесіп, онымен әңгімелесіп, ең маңызды іс-шараларда сөз сөйлеуге  мүмкіндік алдым. 14 жыл бойы    мен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесі бюросының мүшесі болдым. Бізде небары 11 адам болды, ал оның дербес құрамын партия көшбасшысы – Елбасы айқындайтын. Мен үшін бұл үлкен және маңызды өмір мектебі болды.

Нұрсұлтан Назарбаевпен алғашқы жұмыс барысындағы кездесу 1991 жылы Петропавлда болды. Сонда ол біздің өңірге маңызды мәселелерді шешу үшін келген болатын. Ол Семей ядролық полигонын жабу ықтималдығы туралы ойларымен бөлісіп, мұны қазақстандықтардың денсаулығына қатерлі қауіп төніп тұрғаны туралы фактілермен дәйектеді. Біздің көпшілігіміз: «Полигонды қалай жабуға болады, бұл бүкіл КСРО-ның меншігі және саяси құзыреті емес пе?» деп ойладық.

Нұрсұлтан  Назарбаев  нәтижеге  деген  теңдессіз ерік-жігерге және халық алдындағы туабіткен жауапкершілік сезіміне ие. Семей бұрын «өлім фабрикасы» болып саналған, ал енді ол ізгіліктің және әлемдік қоғамдастықтың біздің елімізге деген қастерлі қарым-қатынасының символына айналып, жаңа мазмұнға ие болды. Бұл мойнына тәуелсіз мемлекет құру миссиясын жүктеген адамның аса биік адамгершілік және азаматтық әрекеті емес пе?

Полигонды жабу туралы жарлық 1991 жылғы 21 тамыз деп белгіленгенін ұмытпауымыз керек. Бұл КСРО уақыты еді. Орталықтан Назарбаевқа полигонның жабылуына жол бермеу туралы ондаған қорқытып-үркіткен қоңыраулар соғылып жатты. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлының алдында дилемма тұрды: Кремльдің еркіне бағыну, яғни әрбір ядролық жарылыстан кейін туған жердің ыңыранған үнін естіп, жарақатын көруді жалғастыру, аналардың көз жасын және әкелердің үрейлі, мазасыз көздерін көру, жаңа туған нәрестелердің қорқынышты патологиялардан күйреген тағдырларын көру. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаев өз халқы үшін жалғыз дұрыс шешімді қабылдады. Бұл жай ғана Жарлық емес, бұл біздің ұлттық тәуелсіздігіміздің дауылпазы болды. Бұл ақылдың, даналықтың және адами ар- ожданның жеңісінің белгісі болды.

Анатолий  БАШМАКОВ,

ҚР Парламенті Сенатының IV және V шақырылымдарының депутаты, 2014-2015 жылдардағы ҚХА төрағасының орынбасары, экономика  ғылымдарының докторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp