«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өткенге – тағзым

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстікқазақстандықтар 2015 жылдың табалдырығын үлкен үмітпен аттады. Өйткені шешімін таппаған проблемалар әлі де жетіп артылатын. Ауылдықтар үшін ең ділгір мәселелер – жол мен сапалы ауызсу. Осы және басқа  жайттар облыстық әкімдіктің кеңейтілген отырысында арнайы қаралып, өңірді дамытудың кешенді жоспары таныстырылды. Онда кезең-кезеңмен атқарылатын нақты шаралар атап көрсетіліп, ортақ мақсатқа қол жеткізудің жолдары баяндалды. Сондай-ақ тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, экономиканың өсім қарқынын бәсеңдетпеуге, негізгі әлеуметтік төлемдерді сақтауға, бюджет қаражатын тиімді жұмсауға  ерекше көңіл бөлінді.

Тығырықтан шығудың басты бағыты ретінде облыс экономикасының 24 пайызын құрайтын аграрлық сектор  бойынша ірі қара етінің экспорттық  әлеуетін дамыту, сүт, майлы дақылдарды өңдеу бағдарламалары, өнеркәсіпте бастау алған екінші бесжылдық аясындағы индустрияландыру  картасы, кәсіпкерлікте «Бизнестің жол картасы – 2020» жобасы, құрылыста жалға берілетін  коммуналдық баспаналар желісін кеңейту, сондай-ақ тұрғындарды жұмыспен қамту, ауылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасы шеңберінде сапалы ауызсу жеткізу шараларына басымдық берілді.

Өңірдегі танымал кәсіпкерлердің бірі Дмитрий Шарапаев  құрған «Радуга» ЖШС-нің  алғашқы инновациялық жобасын қолға алды. 1994 жылдан бері жергілікті нарықта жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығында  40 шақты өнім түрін шығаратын, 100 адамды  жұмыспен қамтитын бірегей жобаны жүзеге асыруға кірісті. Жаңа тауарларды дистрибьюторлық жүйе арқылы Ресейге жөнелту көзделген. Компанияда ел бойынша 1500 адамның еңбек ететінін, жалпы тауар айналымы 10,5 млрд. теңгені, орташа жалақы 100 мың теңгені құрайтынын ескерсек, алға қойған межені бағындырары анық еді.

Ал «Парыз–2014» республикалық байқауының бас жүлдесін олжалаған «Ахмуддинов» ЖК-нің  ағаш  қалдықтарынан отын брикеттерін өндіретін жобаға  басымдық бергені құптарлық іс.

Мемлекет басшысы  елдің  әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде өткізген кеңесте  қаражатты тиімді жұмсамау оқиғаларының барын, мұны болдырмау қажеттігін, күрделі ахуалды еңсеруге мүмкіндік беретін резервтер  экономикалық жағдайды сауықтыруға бағытталуы тиістілігін атап көрсеткен болатын. Үкімет пен оның әрбір мүшесі жұмыстың тиімділігі мен қаражаттың жұмсалуын бақылауға жауапты болатыны қатаң ескертілді.  2015-2020 жылдарға арналған Индустрияландыру картасына өңірден 20 жоба енгізілсе, ең ауқымдысы – «Сырымбет» кен-байыту кешенінің құрылысы болды. Құны 10,5 млрд. теңгеге жуық жоба республикалық үйлестіру кеңесінің қарауына ұсынылып, қолдау тапты. Жарты мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға бағытталған жобаның түпкі мақсаты – Орталық Азияда экологиялық стандарттарға сәйкес тиімді технологияны қолдана отырып, қалайы өндірісін құру.  Мақұлданған жобалар тізбесіне  Якорь ауылында жұмыртқа өндірумен  айналысатын «Атай» СК» ЖШС-і де енгізілді.  Десек те, айтылған сөздердің, берілген уәделердің, қабылданған шешімдердің орындалмай қағаз жүзінде қалатын мысалдары да бар. Бұл сын көбіне орта жолдарда тұралап қалатын кейбір «озық» жобаларға қатысты.  Үдемелі индустриялық-инновациялық  даму жөніндегі үйлестіру кеңесінің бір отырысында  7 жобаға қолдау көрсетілген. Бұған дейін 22 жоба  талқыланыпты. Солардың бірі – «Торе-Чингиз Л.Т.Д.» серіктестігі ұсынған Смирново кентінде сабаннан жылына 3500 тонна картон шығаратын зауыттың салынбай қалуы. Серіктестік құрылтайшысы Игорь Овчинков кәсіпорынның 2016 жылы іске қосылатынына шүбәсіз сендірген. Сол сияқты  Хамди Озкараман жетекшілік ететін  «Арбат АС»  ЖШС-нің   Тайынша ауданында  бір жылда 120 тонна  сүзбе,  240 тонна йогурт өндіретін озық жобасының су аяғы құрдымға кетіруін жауапсыздық салдары демеске амал жоқ. Облыс орталығында өндірістік мақсатта  қозықұйрық өсіруге және өңдеуге  арналған зауыттың жылдық қуаттылығы 1800 тоннаға жобаланған еді. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда  целлюлоза шығару белгіленген. Бұл бағдарламалар да аяқсыз қалған. «Муса» ФШ-ның Шал ақын ауданында ауыл шаруашылығы қалдықтарынан  отындық түйіршіктер өндіретін, «Tasstone Glass» ЖШС-нің жайма әйнек, «Алаугаз СК» ЖШС-нің Ресей және Қытайдың технологиялық құрал-жабдықтарымен жарақтанған  қыш кірпіш өндіретін зауыттарын  тұрғызу идеялары сылдыр сөз болып шықты. Жалпыұлттық телекөпір кезінде іске қосылған кәсіпорындар қатарына Петропавлдағы «КазТехМаш» машина жасау зауыты енгенде бөркімізді аспанға атқанбыз. Әттең, бұрынғы шағын литражды қозғалтқыштар кәсіпорны базасында шаңырақ көтерген аталмыш зауыттың қауқары он шақты комбайн құрастыруға ғана жетті. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік міндеттемелерді мұқият орындауда жедел шаралар қарастырудың орнына түрлі келеңсіздіктерге жол берген заңды тұлғалардың бойға қуат, ойға  сенім орнықтыра алмағанын ешнәрсемен ақтауға болмас.

Жеңістің 70 жылдығын  мерекелеу зор салтанатпен атап өтілді. 18  майдангерге жайлы пәтер берілді. 31 соғыс ардагерінің баспанасы жөнделді. 99 жастағы  соғыс ардагері Павел Барильченкоға «Құрмет» ордені тапсырылды. Әрине, соғыс ардагерлерінің қатары сиреп, 300-дей ғана адамның қалуы өкінішті. Майданнан оралғандардың ең жасы 90-ға жуықтаған. Сондықтан қандай құрмет көрсетілсе де, артықтық етпейтіні сөзсіз.

Өңірдегі маңызды оқиғалардың бірі – химия-биология бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінің ашылуы. 700 балаға лайықталған, 120 орындық интернаты бар  еңселі білім үйіне бірден 312 оқушы қабылданып, олар «Өркен» оқу грантына ие болды. Осы жылы Петропавл әскери институты қабырғасынан  он бесінші рет түлектер қанат қағып, 193 курсант лейтенант шенін алды.  Жоғары әскери оқу орны құрылғалы еліміздің қарулы күштері үшін 2730 әскери маман даярланған екен.

Ақпан айында Қазақстанның халық  жазушысы,  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның қабырғасына  қаламгерге арналып мемориалдық тақта орнатылды. Онда белгілі жерлесіміздің гимназияның 1996 жылы ашылуына ұйытқы болғаны жазылды. 

Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы – 2015 жылдың маңызды саяси шарасы болды. 26 сәуірде өткен  сайлау қорытындысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісі ел бірлігінің жемісі ретінде бағаланды. Сайлаушылардың 95,22 пайызы оны қолдап дауыс берді. Солтүстікқазақстандықтардың 97,71 пайызы сайлау учаскелеріне келіп, олардың  98,33 пайызы Елбасына сенім көрсетті. 29 сәуірде астанадағы Тәуелсіздік сарайында ұлықтау рәсімі ұйымдастырылды. Елбасы  өзіне жүктелген  мәртебелі міндетті  адал атқаруға салтанатты түрде ант берді.

Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдығы  терең тарихымыздың тағылымды жолы әріден басталатынын айғақтап берді. Отандық тарих ғылымын зерделеуде жаңаша көзқарас қалыптасып,  тың мағлұматтармен толықты. Қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан бастау алып, көк түріктерге жалғасатыны, одан кейін Алтын ордаға келіп тірелетіні  бұлтартпас деректермен дәлелденді. Қазақтың мерейін өсіріп, мәртебесін асқақтатқан  қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Тұңғыш Президент бұл той  батыр бабаларымыздың  биік рухына тағзым ету және тағдырдың сан алуан  қиындықтарынан сүрінбей  өткен ата тарихынан тағылым алу үшін өткізіліп отырғанын айта келіп, 1465 жылы  Қозыбасы тауының етегінде тарихи оқиға болғанын,  Керей мен Жәнібек хандар Әбілқайыр ұлысынан бөлініп,  Шу мен Таластың арасында  Қазақ хандығының  шаңырағын  көтерген тұста Алты Алаш анттасып, айырылмасқа серттескенін, тарих сахнасына қазақ деген халық шығып, бүгінде ұлан-байтақ қонысты иелініп отырғанын, бәріміздің киелі атамекеніміз бір, ортақ, ол – қазақтың Ұлы даласы екенін  тебірене жеткізді. «Тәуелсіздік – біздің маңдайға басқан бағымыз, мәңгі сақтауға тиіс аманатымыз. Қасиетті Отанымызда қандай  қиындықты да қайыспай қарсы алуға лайық өршіл рухты, азат ойлы,  жасампаз халық бар. Ол – ержүрек қазақ халқы. Сол қаhарман халықтың  алға қойған ізгі мұраты бар. Ол – Ұлы дала төсінде  өзі құрған  мемлекетті Мәңгілік ел жасау», – деп ағынан ақтарылды.  Тағылымы зор, танымы мол тарихи шара Қызылжар жерінде де жалғасып, әртістеріміз  Қазақ хандығы болып  туымыз көтерілген сәттен тәуелсіздік алып, еңсемізді тіктегенге дейінгі кезеңді сахналай білді.

Әлемдік және  дәстүрлі діндер лидерлері қонақжай қазақ жеріне кезекті рет жиналды. Жер шарындағы дауларды, діни алауыздықтарды өзара түсіністікпен бейбіт ымырада шешу, халықаралық терроризмді болдырмау, алдын алу, рухани-өнегелілік құндылықтарды барынша насихаттау, қауіпсіздік пен дамудың  жаңа парадигмасын қалыптастыру форумның басты тақырыбына айналды. 2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып белгіленіп, өңірлерде бір уақытта  салтанатты түрде  мәре алды. Сол кездегі облыс әкімі  Ерік Сұлтанов  М. Қозыбаев атындағы  Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен іс-шараға қатысып, Елбасының құттықтауын оқып берді.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында  бес институционалдық реформаны  жүзеге асыру бағытындағы  100 нақты қадамның  практикалық жайттары қарастырылып,  аталған реформалардың әрқайсысы бойынша нақты міндеттер белгіленді. Кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың, заңның үстемдігін қамтамасыз етудің, есеп беретін мемлекет қалыптастырудың тетіктері мен механизмдері белгіленіп, іс-қимылдың нақты жоспары айқындалды.  Бұдан бөлек, отандық экономиканың қазіргі ахуалы мен әрі қарай дамыту шаралары талқыланып,  «Нұрлы жол»  жаңа экономикалық саясатын жүзеге асырудың тұжырымдамасы белгіленді. Республикалық бюджет шығыстарын 10 пайызға, яғни 700 млрд. теңгеге қысқарту, бюджет қаржысы есебінен мерейтой жасауды тыю тапсырылды. «Қазақстанда жасалған» акциясын ұйымдастыру ұсынылды. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, теңге бағамының күрт ауытқуына жол бермеу, экономиканың нақты секторын қаржылық ресурстармен демеу бірінші кезектегі міндет екені қадап айтылды.

Жыл аяғында  Елбасы «Қазақстан жаңа жаhандық ахуалда: өсім, реформалар, даму» деп аталатын Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялап,  әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылудың, бай да бақуатты елдермен иық түйістірудің іргелі міндеттерін белгілеп берді. Тарихи құжатта  жаңа қатерлер мен тың мүмкіндіктер қатар өрбіген жаhандық ахуалдың басты бағыттары айқындалды. Еліміздің жас азаматтарына:  «Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер  мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген,  жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады», – деген тілек те айтылды.

Тұтастай алғанда, 2015 жылы еліміздің және облыстың экономикасында оң үрдіс байқалып, макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілді. Өңірдің негізгі   капиталына 154 млрд. теңге инвестиция құйылып, республика бойынша бірінші орынға көтерілді. Экономикалық белсенді тұрғындардың 40 пайыздайы немесе 137 мың адам ауыл шаруашылығына тартылып,  өсім қарқыны жағынан елімізде үшінші орынды иеленді. 1,5 млн. тонна  астық,  150 мың тонна ұн,  20 мың тонна майлы дақыл шетелдерге экспортталды. 34 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі  110 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. 

Жолдауда айқындалған тапсырмаларға орай өңір дамуының алдағы кезеңіне нақты міндеттер қойылды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

                                                   

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp