«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАПКЕР – БАСТЫ БАҒЫТ СІЛТЕУШІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген бапкерлер Сәуле мен Александр Мухин – шаңғы жарысынан жас спортшыларды жаттықтырып, елеулі табыстарға қол жеткізген жаттықтырушылар. Дүбірлі додаларда еліміздің көк байрағын аспанда желбіреткен бірнеше чемпионды тәрбиелеп шығарған ерлі-зайыптының екі ұлы да кәсіпқой спортта жүр. Тұңғыштары Ринат ата-анасының жолын қуып, шаңғы жарысынан бапкер болып жұмыс істейді. Отбасының бапкерлік саладағы ортақ еңбек өтілі 70 жылдан асады. Жақында тілшіміз білікті маман Сәуле Мухинамен сұхбаттасып қайтқан болатын.

– Сәуле Түлкібайқызы, отбасыңыздың мүшелері түгел спортшы екен, сондықтан сұхбатымызды отбасыңыз жайлы әңгімеден бастасақ.

– Біз Солтүстік Қазақстан облысына көрші Ақмола облысынан қоныс аудардық. Үлкен ұлым Петропавлда екі жылдай жұмыс істеп қалды. Күйеуім Александр Мухин биатлоннан Кеңес Одағының спорт шебері. Қазір осы спорт түрінен республика құрамасын жаттықтырады. Өзім шаңғы спортындағы  мансабымды аяқтаған соң спорт колледжін, кейін университет бітіріп, бапкерлік қызметке ауыстым.

Үлкен ұлым Ринат Мухин – шаңғы жарысынан Қазақстанның спорт шебері. 2017 жылы Жапонияның Саппоро қаласында өткен Азия ойындарында алтыннан алқа тақты. Алматы қаласында өткен Универсиадада күміс жүлдеге ие болды. Азия ойындарындағы жеңісі үшін ұлыма және оның жаттықтырушылары ретінде бізге Петропавлдан үш бөлмелі пәтерді сыйға тартты. Қазір сонда тұрып жатырмыз. Кіші ұлым Александр да біздің жолымызды қуды, ол да кәсіпқой спортшы, ұлттық құрамада өнер көрсетіп жүр. Биыл әлем чемпионатында төртінші келді.

– Баланы шаңғы спортына қай жастан бастап берген дұрыс деп ойлайсыз?

– Мен бапкерлікті балалар-жасөспірімдер спорт мектебінен бастадым. 7-8 жастағы тәрбиеленушілерім де болды. Баланы белгілі бір жаста ғана спортқа беру керектігі ешқайда айтылмаған, яғни шектеу жоқ. Түрлі жастағы, физикалық деңгейі әртүрлі балалармен жұмыс істеп көрдім. Спортқа енді келген балалармен жұмыс істеген өте қызық. Ең бастысы бала спортқа қызығушылығын жоғалтып алмағаны жөн. Бапкерлерді әмбебап мамандар деп айтар едім. Өйткені олар алдына келген балаға жаттықтырушы болудан бөлек, әрі тәрбиеші, әрі психолог. Баланың тілін таба білу керек. Мұны педагогикалық шеберлік дейміз. 

– Қазіргі шәкірттеріңізден кімдерге үміт артасыз? Кімдерден жеңіс күтесіз?

– Петропавлға келіп, жұмыс істей бастағанымызға көп уақыт өткен жоқ. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін көп еңбектену қажет. Бапкерлік қызметте бірнеше чемпионды тәрбиеледім, тәрбиеленушілерім халықаралық, республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болды. Дүниежүзілік Универсиадада, Азия ойындарында шәкірттерім жеңіс тұғырынан көрініп, Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері атағын алдым. Қазіргі тәрбиеленушілерімнен де зор үміт күтемін. Алға қойған мақсаттарым айқын.

Жақында болған бір оқиғаны айтып берейін. Облыстық деңгейдегі жарыс өтті, бұл – менің кей тәрбиеленушілерім үшін алғашқы спорт сайысы. Балалардың бірі жарыс барысында шалына берді, одан таяғы сырғанап, қайта-қайта ыңғайсыздық тудырды. Мұны көрген екінші шәкіртім Даниал Тасбаев жаңағы балаға қарайлап, көмектесумен болды. Олар бұл жарыста бәсекелес еді. Соған қарамастан, Даниал адамгершілік танытып, көмектесті. Бұл отбасында алған жақсы тәрбиенің көрінісі. Біз оның алда әлі қандай белестерге шығып, қандай жетістіктерге жететінін білмейміз. Бірақ оның жақсы адам болатынына сенімдімін. Жүгіруге, секіруге, белтемірде тартылуға, шаңғы тебуге кез келген адамды үйретуге болады, алайда біздің мақсатымыз – спортшынының бойында, ең алдымен, адами қасиеттерді қалыптастыру.

– Сізге жоғары жетістіктерге жетуге не көмектеседі?

– Менің пікірімше, жаттықтырушының басты қасиеттерінің бірі – жақсы психолог болу. Спортшы, ең алдымен, адам. Кез келген адамның өз көзқарасы, ойы, жеке пікірі бар. Жаттықтырушы аспаз, дәрігер де бола алады, бірақ бірінші кезекте біз мұғалім екенімізді ешқашан ұмытпауымыз керек. Осындайда айта кетерлік бір мәселе бар, бапкер кез келген уақытта көмектесетін және түсінетін адам болғаны жөн. Жақсы жаттықтырушыда осы екеуі де болуы қажет. Бізге психикасы әлі толық қалыптаспаған, өзіндік ойы бар ұл-қыздар келеді. Бұл балаларды тура жолға салып, еліміздің нағыз азаматтары етіп шығаруымыз керек. Чемпион болу – өте қиын. Кімнің таңертеңнен кешке дейін жаттыға бергісі келеді? Оның спортқа деген белгілі бір ыңғайы болуы қажет. Балалардың бәрі бірдей жетістікке жетуі мүмкін емес, бірнеше жыл жаттығып, кейін жоғары оқу орнына түсіп, жақсы маман болып шықса, бізді – жаттықтырушыларын ұмытпай, анда-санда еске алып отырса, мұның өзі жақсы.

– Жаттығулар қалай өтеді? Өңірде спорттың осы түрі бойынша жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін жағдай жасалған ба?

– Борки кентінде біздің спорт базамыз бар. Жаттығуымыз негізінен сол жерде өтеді. Балалармен күніне үш рет жаттығамыз. Алғашқысы таңғы сағат 7.00-де басталады. Облыста шаңғы спортын дамытуда қиындықтар жоқ емес. Бірақ оны дамытуға, жоғары деңгейге жеткізуге өңір басшылығы бар жағдайды жасап жатыр. Спорт жабдықтары сатып алынуда, спортшыларды оқу-жаттығу жиындарына жіберуге, жарыстарға қатысуына қаражат бөлінді. Спортшылармен жұмыс істеуге білікті мамандар шақырылып жатыр.

– Балаларын спорт  үйірмелеріне беруді жоспарлап жүрген ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Әрине, спорт үйірмесінің үйге жақын болғаны дұрыс. Екіншіден, ата-аналарға балаларының жаттықтырушысымен танысуға кеңес беремін. Кім екенін, қайдан келгенін, қандай көзқарасты ұстанатынын білу маңызды. Көп жағдайда ересектерді үйірмелердің бағасы қызықтырады. Бірақ қазір өңірде балаларға арналған секциялар тегін ғой. Екіншіден, баланың бойында қызығушылық болуы қажет. Жаттығуға ол зордың күшімен келмеуі керек. Жаттығу балаға қуаныш сыйлауы тиіс. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

 Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp