«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРТЕ АНЫҚТАЛҒАН АУРУДЫҢ ЕМДЕЛУІ ЖЕҢІЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

«Медициналық мамандар ауруды алдын алу үшін скринингтен өтудің пайдасы көп екенін айтуда. Алайда скринингтен қалай өтуге болады? Ол ақылы ма?»

Әлия КӨПБОСЫНОВА,

Айыртау ауданының тұрғыны.

Оқырманымыздың бұл сауалына әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының бөлім басшысы Қарлығаш Ілиясова жауап береді:

– Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жыл сайын аурулардың алдын алу үшін медициналық тексерулерді қаржыландыруға қаражат бөледі. Биылбұл мақсатқа  9,6 млрд. теңге жоспарланған.Уақытында жүргізілген тексерулер қауіпті ауруларды ерте анықтауға және емдеу шараларын дер кезінде бастауға көмектеседі.

Скрининг дегеніміз – ауруларды ерте анықтау немесе алдын алу үшін белгілі бір жастағы адамдарды медициналық тексеру. Яғни, емханаға бір рет бару арқылы сіз қатерлі ісік немесе басқа да аурулардың (скрининг түріне байланысты) алдын алып немесе олардың пайда болу ықтималдығын уақытында анықтай аласыз. Көңіл күйіңізге, денсаулығыңызға ешқандай шағым болмаса да, скринингтен міндетті түрде өту қажет. Қазір медицина дәрігерлердің, мемлекеттің ғана емес, азаматтардың өздерінің де денсаулығы үшін ортақ жауапкершілікті арттыруға шақырады. Сондықтан белгілі жас мөлшеріне орай жасалатын тексерулерді өткізіп алмауға кеңес береміз. Әдетте, учаскелік медбике азаматтарды скринингтен өтуге өздері шақырады. Қолыңызда жеке куәлігіңіз болса, емханаға өзіңіз де хабарласа аласыз.

Әрбір емханада скринингтік кабинеттер бар. Онда дәрігер тұрғынның бойын, салмағын, қан қысымын өлшейді, қандағы қант пен холестерин деңгейін тексереді. Содан кейін қажет болған жағдайда қосымша тексеруге немесе бейінді маманның қарауына жібереді. Жүргізілетін іс-шаралар тізбесі скринингтік зерттеу түріне байланысты болады.

Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексте скринингтік зерттеулерден өту үшін бір жыл ішінде 3 жұмыс күніне дейін әлеуметтік демалыс берілетінін айта кеткен жөн. Яғни, жұмыс беруші өз қызметкерін оның жалақысын сақтай отырып, скринингтен өтуге жіберуі керек.

Дайындаған

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp